Абайдың тойы ақылдың сойы боларға…
Алаш ұранды Қазақ халқы – Абайдың елі. Путиннің елі демейді ғой ешқашан, Пушкиннің елі дейді өркениетті ұлыстар. Гитлердің елі емес, Гетенің елі дейді адамзат. Сол сияқты, Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Қазақстан – Абайдың елі» деген атқа лайық болу керек деген ой айтты. Күні кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Мемлекет басшысы қатысқан хакімнің 175 жылдық мерейтойының салтанатты ашылуы да «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп айдарлануы да соны аңғартып тұр. Онда хакімнің музыкалық мұралары мен қара сөздерінен үзінділер өте жоғары деңгейде орындалғанын ел көріп-білген болуы тиіс.
Білгенге, бұл – үлкен жауапкершілік. Абайды білем деп өлеңінен үзінді оқып күпілдеу емес, хакім айтқан ақылды әрі заманауи қабілетті ұлтқа айналу деген сөз. Абайды танып, әлемге үлгі шашумен пара-пар құбылыс. Ақынның бірнеше өлеңі мен қара сөзін білген жақсы. Тақылдатып жүз өлеңін айтқаннан гөрі, бірер өлеңі мен қара сөзін әбден қаузап, мәнісіне жетіп, сонымен өмір сүрген де ғажап. Ол үшін Абайды алақаныңа салып ұғындырып берер ұстаздар көбеюі керек. Әлем күн өткен сайын өзгеріске ұшырағанымен, кемеңгердің сөздері өзгермейді. Ақылдың көзі, білімнің өзі болып қала береріне сеніңіз, сондықтан.
Биыл ақын әрі ғұлама данышпанның мерейтойы той тойлаудың емес, ой толғаудың жылы болуы керектігін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы ескертті. Естір ғана емес, құйма құлақ болса, қадап-қадап айтқандары Қазақстандағы Абай жылында хакімнің өзі нұсқап кеткен ақылды ұлтқа айналуға үлкен бетбұрыс болар еді. Небір үлкен қадамдар осындай бетбұрыстардан басталған. Абай мұрасы – ақыл-ой мен рухты шынықтырып, кемелдікке жетелейтін теңдессіз күш-қуат. Осыны ескергендіктен де ақынның мерейтойын елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде насихаттау ол бастан қолға алынғаны белгілі. Бірақ, Президент ол іс-шараларда ағартушылыққа баса мән беруіміз керек деді. «Тойға кететін шығынды азайту керек. Бұған демеушілердің қаржысы жұмсалса да, күні-түні концерт ұйымдастырудың, шетелден қаптатып әнші-әртісті алдырудың қажеті жоқ. Бұл шараны кәсіби деңгейде өткізуіміз керек» деп қадап айтты.
«Ұлы ақынның мерейтойында халықаралық, республикалық және облыс, аудандық деңгейде 500ден астам іс-шара жоспарланған. Маңыздыларының бірі – тамыз айында Семей қаласында өтетін ғылыми-тәжірибелік конференция. Сонымен қатар, қазанда Елордада ауқымды халықаралық конференция өтпек. Ақынның өлеңдері мен қара сөздері әлемнің он тіліне аударылады. Аударма сапасына баса мән беріледі. Абай туралы бірнеше деректі фильм және телесериал түсіру жоспарда бар. Шетелдердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» ашылады. Бұл – әлемге ақынның еңбектері мен ұлттық құндылықтарымызды қатар таныту деген сөз. Ақынның ғибратты ғұмыры халқымыздың төл өнері – айтыс арқылы да кеңінен насихатталады» деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. Бұған қоса Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандыру көзделуде. Бұл ақынның туған топырағына тағзым әрі онда келген жұртшылыққа лайықты жағдай тудырады. Сол өңірде мәдени туризмнің дамуына тың серпін берері тағы белгілі.
Мемлекет тарапынан қолға алынған игіліктердің бір парасы осы болғанда, сіз бен біздің борыш – Абай еліне адалдық танытып, хакім көрсеткен «Толық адам» тұжырымын тірнектеу. Сөйтсек қана ел болып, көшімізді түзейміз. Осыдан жүз жыл бұрын Абайды үлгі тұтқан ақын, жазушы, қайраткер Міржақып Дулатұлы айтқан екен: «Халық ағарар, өнер-білімге қанар. Сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артылар. «Бірінші ақынымыз» деп жиі-жиі зиярат етер. Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар» деп. Сол махаббат сізден басталып жатқаны қандай ғанибет!
Жәнібек ӘЛИМАН