Абайдың 180 жылдығына орай Қарағандыда Азия кубогы өтіп жатыр
Қарағандыда ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай дзюдо, самбо және қазақ күресінен Азия кубогы өтуде. Дүбірлі додаға Қазақстаннан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузия елінен жасы 35-тен асқан 300-ден астам спортшы қатысып, боз кілемде бақ сынады. Іс-шараның ашылуына облысы әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, облыстық дзюдо, самбо және қазақ күресінен ардагерлер мен спорт шеберлері федерациясы қоғамдық бірлестігінің президенті Райымбек Слямов, облыстық мәслихаттың депутаты Ерден Халилин және облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті Алексей Ломакин де сөз алып, жарысқа қатысушыларға ізгі тілегін жолдады.
Салтанатты рәсім барысында спорт саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан үздік спортшылар мен жаттықтырушыларға «Спорт саласын дамытуға қосқан үлесі үшін», «Қазақстан патриоты» төсбелгісімен және Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табысталды.

Облыстық самбо федерациясының атынан әлем чемпионатының жүлдегерлеріне 500 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат табысталды. Атап айтқанда, әлемдік ареналарда ел намысын абыроймен қорғаған Жандос Бейсенбаев, Ержан Мадина және Маргарита Бажаеваға осындай марапат берілді. Ал, самбодан әлем чемпионы Ниетхан Төлеуханға федерация тарапынан 1 миллион теңгелік сертификат және автокөлік сыйға тартылды.
– Былтыр Қарағандыда дзюдо, самбо және қазақ күресінен республикалық турнир ұйымдастырдық. Биыл бұл жарыс Азия деңгейіне көтерілді. Әрі биылғы бәсекеге тек спортшылар ғана емес ардагерлер де өнер көрсетуде. Азия кубогіне қатысушыларың ішіндегі ең егде жастағысы Ақмола облысы, Степногорск қаласынан келген 82 жастағы ақсақал. Біз осындай ардагерлерімізді өскелең ұрпаққа үлгі етіп, спортқа деген қызығушылығын арттырғымыз келеді. Алдағы жылы Қарағандыда самбодан әлем чемпионатын және қазақ күресінен «Қарағанды барысы» турнирін өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді облыстық дзюдо, самбо және қазақ күресінен ардагерлер мен спорт шеберлері федерациясы қоғамдық бірлестігінің президенті Райымбек Слямов.
Биылғы бәсеке үш күнге созылмақ. Жарыстық алғашқы күнінде дзюдошылар өнер көрсетсе, одан кейін татамиге самбошылар шығады. Үшінші күні қазақ күресінен өтпек. Ал, облыс атынан сынға түсетін палуандар осы үш спорт түрінен де бақ сынамақ. Солардың қатарында 63 жастағы балуан Болат Манабаев та бар. Ардагеріміз Шет ауданының тумасы. Өзі дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Әлемдік деңгейдегі көптеген жарыстардың жеңімпазы әрі Азия чемпионы. Осы бәсекеде аталған жекпе-жек спорт түрлерінің барлығында дабағын сынап көрмекші.
– Күреспен шұғылданып жүргеніме 15 жылдан асты. Ардагерлер арасындағы жарыстардың бірде-біреуін жібермеймін. Самбодан Азия чемпионатының үш дүркін қола жүлдегерімін. Ал, әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазымын. Сонымен қатар, дзюдодан әлем чемпионатында күміс медаль еншіледім. Одан бөлек, Тайванда жазғы спорт түрлерінен өткен Дүниежүзілік ойындардың чемпионымын. Осы жолы да жеңіске жетемін деген сенімдемін, – деді ардагер спортшы Болат Хамитұлы.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



