Абайдың 180 жылдығына арналған театрландырылған қойылым өтеді
Алдағы демалыс күндері Қарағандыда ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы аясындағы мәдени іс-шаралар легі жалғасады. Орталық мәдениет және демалыс саябағында концерттер, поэзия оқулары мен театрландырылған көріністер ұсынылмақ.

10 тамыз күні сағат 14:00-де саябақтың негізгі сахнасында «Адамзаттың Абайы» атты театрландырылған қойылым болады. Одан кейін «Абай – Дана, Абай – Дара» концерттік бағдарламасы ұсынылып, қаладағы жас ақындар арасында өткен «Абайға арзу» байқауының жеңімпаздары марапатталады.
Кешкі сағат 19:00-де қарағандылықтар «Абай» операсынан симфониялық музыка тыңдауға шақырылады. Сахнада аспаптық және вокалдық орындаулар, этнофольклорлық композициялар мен Абайдың өлеңдеріне арналған әндер шырқалады. Іс-шара соңында «Көзімнің қарасы» композициясы бейнеинсталляциямен бірге ұсынылады.
Мерекеге дайындық ретінде саябақтар мен гүлзарлар басқармасы ұлы ақын Абай Құнанбаевтың ескерткішін жөндеуден өткізді: шағын жарықтар мен сызаттар қалпына келтіріліп, ескерткіш тазартылды.
– Сонымен қатар, ескерткіштің айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілді: қоқыстар жиналып, өсімдіктер күлтелері ретке келтіріліп, жаяу жүргіншілер жолдары тазартылды, – дейді саябақтар мен гүлзарлар басқармасының баспасөз хатшысы Алиса Войташенко.
Сонымен қатар, ұлы ақынның мерейтойына орай Тәттімбет көшесіндегі 709 үйдің қасбетінде Абайдың портреті бейнеленген баннер ілінді. Қала тұрғындары бұл баннерге келіп, ұлы ойшылдың шығармаларынан сүйікті өлең жолдарын жазу арқылы құрмет көрсетуде.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА