Тамыз айының алғашқы күнінде Ұлы ақынымыз Абай атын алған қалада оның туғанына 180 жыл толуына орай “Адамзаттың бәрін сүй…” атты республикалық айтыс өтті.

Бұл қалада бірінші рет болып отырған ақындар айтысына жиналған қарақұрым халық Мәдениет үйінің іші-сыртын толтырып, оны таңертеңнен кешке дейін тапжылмай тыңдап, тамашалады. Тіпті түскі бір сағат үзілістен кейін де олардың қатары сиремегенін көрген қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерманның өзі соңында сөйлеген сөзінде бұрын-соңды өткен сайыстарда елдің осыншалық ықыласын байқамағанын айтқан еді.
Республикалық ақындар айтысын облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Қобжанов құттықтау сөзбен ашып, оған елімізде осы өнеріміздің жанданып, қайта дамуының басында тұрған Жүрсін Ерман ағамыз бастаған Қойлыбай Асанов, Серікзат Дүйсенғазин, Өміржан Көпбосын, Азат Бабаш сияқты өлең сөздің жілігін шағып, майын ішкен ақындар мен ғалымдар төрелік етіп, оны айтыстың ақтангері Аманжол Әлтаев бастан аяқ жүргізді.
Абайдағы аламан айтысқа облысымыздан Айтбай Жұмағұлов, Дидар Қами, Мұхтар Әділ, Абай облысынан Рүстем Қайыртай, Жамбыл облысынан Алтынкүл Қасымбекова, Түркістан облысынан Бекарыс Шойбеков, Алматы облысынан Шырынбек Тұрсынұлы, Батыс Қазақстан облысынан Талғат Мықи, Шымкент қаласынан Қалижан Білдаш, Астана қаласынан Еркебұлан Қайназар,барлығы 10 айтыскер қатысты. Олар әуелі бір бірімен бес жұп болып айтысып, ақтық сында үш жұп болып жыр сайысына түсті.
Қорытындысында жеңімпаздар анықталып,бірде бір ақын құр алақан қалмай, сый-сияпат алды. Атап айтқанда, Мұхтар Әділ, Шырынбек Тұрсынұлы, Талғат Мықи, Алтынкүл Қасымбековаға 500 мың,3-орын алған Қалижан Білдәш пен Дидар Қамиға 1 миллион , 2-орын иелері Еркебұлан Қайназар мен Бекарыс Шойбековке 1 жарым миллион ,1-орынды иеленген Рүстем Қайыртайға 2 миллион теңгенің ақша сертификаттары беріліп,бас жүлде шетелдік автокөлік Айтбай Жұмағұловтің қанжығасына байланды.
Абай қаласының жұртшылығына жоғары деңгейде айтыс үлгісін көрсеткен ақындар додасына төреші болған қазылардың төрағасы Жүрсін Ерманға Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов ат мінгізіп, шапан жапса, өзі айтыскер ақын,абайлық азамат Жәнібек Жеңісбекұлы үш бірдей ақынға –Қалижан Білдәш пен Дидар Қами,Аманжол Әллтаевқа өз жылқысынан 3 ат атады.Сол жерде Дидар өз атын Жүрсін ағасына сыйлап жіберсе, айтыс барысында өзара сый алмасқан ақындар да болды.
Айтыс туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан толық оқи аласыздар.
Ержан ИМАШ,
Абай қаласы