Жаңалықтар

Абайда құрылыс – қарқынды

Биыл Абай қаласының негізі қаланғанына – 60 жыл толып отыр. Хакім есімін иеленген шаһарда мерейлі датаға орай атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды. Мәселен, көпбалалы 40 отбасы жақын күндері баспаналы болады. Қаладағы қарқын алған құрылысқа қарасаңыз, көз тойып, көңіл марқаяды.

Атап айтсақ, жуық арада пайдалануға тапсырылатын №4 шағын аудан аумағындағы көпқабатты үйдің сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда құрылысы аяқталмай, күні бүгінге дейін қаңырап бос тұрған. Мемлекет меншігіндегі нысанға биыл Ұлттық қордан қажетті қаржы бөлініп, қалыпқа келтірілді. Бүгінде үйдің су құбырлары мен жарығы тартылып, ішкі жұмыстары аяқталуға шақ қалған. Бастысы осы үйдің 40 пәтері көпбалалы отбасыларға берілмек.

– Бұл жердегі жұмысты негізі сәуір айында бастағанбыз. Жұмыс мерзімі қарашаға дейін. Бірақ, біз мұны тамыз айының соңында тапсыруға дайындалып жатырмыз. Үйдің алдына балаларға арналған алаң салынып, алфальт төселеді. Барлығын сапалы әрі ыңғайлы етіп жасаймыз, – дейді «БАХА СТРОЙ» ЖШС директоры Бақытбек Таңатаров.

Сонымен қатар, биыл Абай қаласының 30 А орамында 2 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. 80 пәтерлі баспанаға облыстық бюджеттен 842 млн. теңге қаржы бөлінген. Ал, өткен жылы басталған екінші нысанның құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы күтілуде.

– Біреуі – несиеге берілетін үй. Оның жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. «Отбасы» банкі арқылы қазір тізім іріктеліп, сол бойынша несиеге берілетін болады. Және де «Жеңіс» даңғылында жеке кәсіпкер 5 қабатты 45 пәтерлі үй салып жатыр. Ол жоспар бойынша келесі жылдың жаз айында толығымен аяқталады, – деді Абай қаласы әкімінің орынбасары Қанатбек Дәулетов.

Жалпы, аудан бойынша 2 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Соларды толық баспанамен қамту үшін алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғаса бермек. Үй құрылысынан бөлек, аудан орталығында «Реал» ойын-сауық сауда орталығының құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Әлеуметтік маңызды нысан келер жылы іске қосылады.

Жәлел ШАЛҚАР.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button