Бас тақырып

«Абай жолы» эпопеясындағы Баймұрын кім?

Қарқаралының қалың тарихының қатпар-қатпар қалтарысында жатқан, әлі сыры ашылмаған құпиялар да, жұмбақ тұлғалар да көп. Солардың бірі – қазақ әдебиеті классигі Мұхтар Әуезовтің ұлы шығармасы «Абай жолындағы» орталық кейіпкер болмаса да, Тобықты ішіндегі шиеленісті шешуде айтарлықтай орны бар тұлға Баймұрын. Ол қазақтың әйгілі меценаты, Қу еліне үш мәрте болыс болған, кепілге ақша салып Ахмет Байтұрсынұлын абақтыдан босатып алған, Қазақстанның төртінші премьер-министрі Нығмет Нұрмақовты оқытқан Қасен Ақайұлының үлкен әкесі.
Суреттер автордан
Осы арада сәл шегініс жасайық. ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегінен Сарыарқаның шығыс бөлігіне еркін қоныстанған қазақ рулары Орта жүздің хандары Уәли Абылайханұлы мен Бөкей Барақұлы 1819 жылы қатар өлгеннен кейін бірер жыл иесісіз қалды.
«Бөлшекте де билей бер» деген қағиданы қалтқысыз ұстанған Ресей империясы Абылай хан өлгеннен кейін де аумақты өңірге, үлкен күшке ие болып отырған иі жұмсақ Уәлиханды әлсірету үшін 1817 жылғы 18 қаңтарда Орта жүздің бір бөлігіне, соның ішінде Қарқаралы өңіріне Бөкейді хан етіп бекітті. Ол Кіші жүздің ханы Әбілқайырды өз қолымен бауыздап өлтірген әйгілі Көкжал Барақтың ұлы, Алаш көсемі Әлиханның арғы атасы еді. Орданы бұлай бөлшектеуге орыс патшалығы хандыққа қарасты жер өте аумақты екендігін, өңірді басқару күрделілігін себеп қылды. Бөкей әулетінің орыс әкімшілігімен құпия байланыстары, сұлтанның ұлт мүддесін хандық лауазымға айырбастауы бірнеше саяси шегіністер жасап, жалғыз Қарқаралы өңірі емес, бүкіл Орта жүзді Ресейдің оңай жаулап алуына кең жол ашты. Қазақ даласында хандық биліктің әлсіреуіне, бірте-бірте бөлшектеніп, ақыры жойылып тынуына бірнеше себеп әсер етті. Алдымен, әрине, «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп ойлаған сұлтандардың сепаратистік пиғылы десек, екіншісі – заманауи талаптарға сай саяси реформалардың жасалмауы. Ата-баба даңқына мәз болу, бұрынғы дәуірлерде өтіп кеткен жеңістер мен жетістіктерге ғана күпіну, уақыт талабына сай өзгеріс жүргізуге ұмтылмау, сондай-ақ, билікке, шенге таласу, материалдық байлыққа ашкөздік сияқты індеттер «төрелер» кастасын іштей ірітті. Шығысқа созған құлашы Тынық мұхиты айдынына жеткен соң, түстік бағытқа жол ашып, орыс мұжығының керзі етігін Үнді мұхитына жууды мақсат еткен Ресей империясының зұлым, зымиян саясатының салдарынан бұл үдеріс жеделдей түсті. Аты дардай, мәні болымсыз шен-шекпенге, екі-үш құлаш матаға, азын-аулақ ақшаға қазақ сұлтандары мен ру басыларын сатып алуға болатынына кәміл сенген орыс отаршылары халықтың талап-тілегіне пысқырып та қарамай, хандықты өздерінің қолайына қарай бөлшектеп, ұнаған адамын тағайындай салатын болды. Бұдан былай хандық лауазымның ешқандай заңды күші болмады, ол бар болғаны мансапқұмар сұлтандарға сыйлық ретінде таратылатын атақ мәртебесін ғана иеленді. Өз халқының сенімінен айрылған сұлтандар даланың нақты билеушілері – ру көсемдері тарапынан қолдау таба алмағаннан кейін орыс патшасының әкімшілігі тарапынан қамқоршы іздеуге асықты, отаршылардың сойылын соғып, қажет болса, қазақты зеңбіректің аузына байлап атқызудан тайынбады. Атаққұмар сұлтандар арқылы орыстар Орта жүздің ру басшыларына ықпал жүргізуден үміттенді. Төңірегіндегі ру көсемдеріне Бөкей сұлтанның (кейінгі ханның) қаншалықты сөзі өтіп, нақты билігі жүргені туралы бұлтартпас тарихи дерек жоқ. Бірақ, отаршыл жұрттың Қарқаралыдан ойып орын алғанына қарап, олар бұл тарапта да мақсатына қол жеткізгенін мойындаймыз. Ру басшылары көп жағдайда «ақсүйек» төрелерге қалтқысыз сенеміз деп опық жеп қалғандарына кеш көз жеткізді. Сатқындық саясаттың зұлымдығын халық арада бір ұрпақ ауысып, «ақ патшаның» жарлығымен хандық институтқа тиым салынғаннан кейін Қарқаралыға келімсектер жаппай қоныстана бастағанда ғана көрді. Отаршылар қаптап келіп, Бөкейхан әулетінің араласуымен Орта жүз ру басыларының кеңесі Қарқаралыны патша үкіметіне сыйға тартқаннан кейін мұнда дуан орталығы – орыс-казак станицасы құрылысын салу басталды.
1824 жылы ақпанда Семей бекінісінен тура батысқа – Орта жүздің қақ ортасына Омбы губернаторы, полковник Броневскийдің басшылығымен орыс керуені жолға шықты. Бұл Орта жүзде хандық билік жойылған 1822 жылы Тобыл генерал-губернаторы М.Сперанский әзірлеген «Сібір бұратаналары туралы жарғыға» орай күні бұрын жоспарланған шараны жүзеге асырудың басталған сәті болатын. Сарыарқа және Оңтүстік Сібір қазақтарын басқаруға қажетті құқықтық құжаттар жобасын жасауға пайдалану мақсатымен Тобыл губернаторы «бұратана» жұрттардың салт-санасын, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлі заңдық құқықтарын зерттеу мәселесін күні бұрын көтерген еді. Жоғарыда айтқанымыздай, 1824 жылы Орта жүз жерінде Қарқаралы, Семей, 1831 жылы Аягөз, 1832 жылы Қараөткел (Ақмола), 1834 жылы Аманқарағай (кейін Құсмұрын), 1844 жылы Көкпекті сыртқы округтары, 1854 жылы Семей ішкі округы, 1856 жылы Жетісуда Алатау ерекше округы құрылды. Округтердің басқару аппаратының бірінші басшысы қазақтан шыққан аға сұлтандар болғанымен, оны үш орыс заседателі тізгіндеп отыратын-ды. Аға сұлтанның қазақтан сайланған екі көмекшісі – приказшысы отаршылардың қақпайынан шыға алмағаны онсыз да белгілі. Қазақ хан-сұлтандарының өзара билікке таласуы, бақкүндестігі себеп болып және стратегиялық, тактикалық қателіктер жіберуі салдарынан байтақ жер орыстың шеңгеліне ілініп, қазақ халқы отаршылдар тепкісіне қалай түскенін байқамай да қалды.
Қазақ жерін отарлау үдерісі кедергісіз жүруіне әсерін тигізген тағы бір себептің бетін ашайық: Дәшті-Қыпшақтың солтүстік бөлігін жаппай отарлауға кіріскен Ресейдің араны ашылған ХVІІІ ғасырда Орта Азияда Хиуа, Бұқара, Қоқан хандықтары құрылып, бір-бірімен бәсекеге түсті. Діні ортақ, тілі мен салт-дәстүрі, мәдениеті ұқсас халықтарды бөлшектеген бұл мемлекеттер өзара жауласып қана қоймай, қазақ жерінің оңтүстік бөлігіне ауыз салып, малшы, диқан халықты дүркін-дүркін шапқыншылыққа ұшыратып тұрды. 1816 жылы Қоқан тағына отырған Омар қазақ даласы билеушілерінің әрекетсіздігі мен алауыздығын пайдаланып, елдің оңтүстік бөлігіне бойлай енді де, Созақ қаласын басып алды. Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өзара қырқыс оларды әлсіретіп, Ресей патшалығының бұл хандықтарды жаулап алуын жеңілдетті. Терістіктен төніп келе жатқан орыс отаршыларына қарсы күш біріктіріп, күреске шығудың орнына Қоқан ханы Мұхаммед Әлі (Мәделі) Ресейге қарсы көтерілістің басында жүрген қазақ сұлтаны Қасымды опасыздықпен өлтіріп, Орта Азия мемлекеттерінің күні батуын тездете түседі.
Қазақ даласына келгендер алғашқыда жергілікті халықты жылы сөз, жылмаң мінезімен арбаса, көп ұзамай-ақ көңіл түкпіріндегі еуроцентризм тұжырымдамасын жарыққа шығарып, қазақтарға тәкаппарлық көрсетіп, үстемдікпен қарай бастады. Отарлық үдерісті бастап беруші І Петр: «қырғыз-қайсақ дегеніңіз далалық және шолақ ойлайтын халық», – деп, көшпелілер мекендеген кеңістікті жаулап алу қиынға түспейтінін көрсетсе, күні бүгінге дейін Орта Азияны зерттеуші гумманист ғалым ретінде дәріптеліп жүрген Н.М.Пржевальский: «Жалпы номадтардың өркениетті өмірге көшуі қандай жағдайда да мүмкін еместігіне күдіктеніп қана қоймай, бұл тайпалар дамудың ондай сатысына көтерілуге мүлдем жарамсыз деп ой түюге болады. Қойды іс-әрекетке итті жаттықтырғандай үйрету мүмкін еместігі сияқты, жаратылысынан ақылы кем, топас, жалқау және енжар көшпендіні жігерлі де өркениетті адамға айналдыру мүмкін емес», – дейді.
Қарқаралыда Ресей патшалығының алғашқы өлкелік мекемесі құрылуы құрметіне орай 1824 жылы 14 шілдеде ұйымдастырылған «тойдың» тарих үшін алатын орны бар. Бұл – Орта жүз жерін тартып алудың нақты басталған сәті. Қазақтар Бөкей ұрпақтарының үгітімен, кейде қысым жасауымен Қарқаралыда казак станицасы салынуына рұқсат бере отырып, «Сібір қырғыздары туралы жарғыны» іс жүзінде қабылдады. Омбы әкімшілігінің мерекеде таратқан сый-сияпаттары мен отаршылар жағына шыққан сұлтандардың алдағы «жұмақ өмір» туралы айтқан тәтті сөздеріне елтіген ру басылары бірнеше буын ұрпақтың азабы мен көз жасына қалатынын сезбеген де шығар. Бай дастарқаннан дәм татып, екі ұлт арасындағы «мәңгілік достық» пен өзара көмек берісу туралы ант берісіп, болашақтағы тәтті жоспарларымен бөлісті. Дегенмен, көп ұзамай «жарғының» астарында жасырынған, жергілікті халық үшін зардабы орасан ақиқаты біртіндеп ашыла бастады. Алғашқыда дуан басында қазақ сұлтандары отырды. Қазақ орынбасарлары кеңес берсе, орыс көмекшілері іс жүргізуге жәрдемдесуге тиіс еді.
Жарғының жағымсыз қырларын бастапқыда ешкім сезе қоймады. Дуаннан тармақ боп тараған болыстар рулардың атауына ие болып, бұрынғыдай көшіп-қонып тіршілік ете берді. Оларды да сұлтандар басқарды. Айталық, Қу өңірінің басым бөлігін құраған Шаншар болысының басында Абылай ханның кіші ұлдарының бірі Шама төре тұрды. Бірақ, іс жүзінде билік ру басшыларының – старшындар мен билердің қолында болды. Көші-қон мәселесі заң бойынша реттелмеген соң, рулар жерінің шекаралары ресми сипатқа ғана ие болды. Халықты бірден шошытып алмау үшін орыс патшалығы салық жинауды бес жылға кейінге қалдырды. Татар, башқұрт халықтарын, Ноғай ордасы мен Сібір хандығын отарлау барысында жиналған тәжірибені қазақ даласын жаулап алу кезінде одан әрі жетілдірген Ресей билігі ғасырлар бойы көшіп жүрген жұртты қоныстандыру ісін «Сібір қырғыздары туралы жарғы» бойынша біртіндеп жүргізді. Сперанскийдің реформасы адамдардың, әсіресе билеуші топтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, далада заңды тәртіп орнатады деп сендірді. Отаршылардың жайлы тұрмыс туралы айтқан уағызы, көшпенді өмір салтын надандық пен жабайылықтың ең төменгі деңгейінде көрсетіп, олардың пәуескелі арбасы, жылтыраған түймесі, жез салпыншақтары өркениеттіліктің ұшар шыңындай елес берді.
Отырықшы өркениет «мемлекет» ұғымын кесімді шекарасы бар аумақ аясындағы күшті бюрократтық аппарат, үкімет мүшелерін асырайтын және халықты тапжылтпай бағындыруға қажетті полиция мен әскерді ұстау үшін кесімді салық жүйесі жасалған құрылым ретінде түсінеді. Сондықтан, Ресей империялық кезеңдегі көзқарасынан айнымай, қазақ қоғамының дербес мемлекеті болған жоқ, Қазақ хандығы дегеніміз шартты ұғым деген сыңаржақ ұстанымын күні бүгінге дейін өзгертпей келеді. Өкінішке орай, Қазақстанның өз ішінде осы пікірді жақтайтындар бар. ХVІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ даласының жағдайы туралы сөз қозғаған орыс этнографиялық материалдарынан менмендік пен өзімшілдіктің, басқаша өмір сүріп жатқан адамдарға деген өшпенділіктің сасық иісі мүңкіп тұрады. Сібір дала губернаторлығының басшысы генерал-майор С.Б.Броневский өзі басқарып отырған қазақ жұртын «жабайылар», «айуандар» деп қорлағаннан кейін, одан үлгі алған шенеуніктер мен казак жалдаптары көшпелілерге азап пен тозақтың алуан түрін көрсетті. Бірте-бірте мал жайылымының аумағы шектелді. Қазақтардың Ертіс өзеніне он шақырымнан жақын баруына тиым салынды. Адамдардың құқы шектеліп, өз дуаны мен болысының сыртына шыға алмайтын күйге түсті. 1838 жылы жарық көрген «Сібір қырғыздарын дербес басқару туралы ереже» атты орыс патшасының жарлығы Дәшті-Қыпшақтағы «төрелер» институтына түбегейлі өзгеріс жасаған құжатқа айналды. Соған сәйкес кез-келген адам аға сұлтандыққа сайлана алатын, әрбір қазақ болыс басқарушысы лауазымын иеленетін үмітке ие болды. Орыс әкімшілігі осылайша төре-сұлтандарды қатардағы қазақтың құқығымен теңестірді. Шыңғыс ұрпағының артықшылығы, сұлтандық мәртебесі келмеске кетті. Осы кезден бастап билік үшін нақты күрес басталды. Сол жылы халық пен малға алғаш рет санақ жүргізілді. Болыстық лауазым иесі нақты билік иеленді, өйткені, ол жан мен мал санағын ұйымдастырды. Адам мен мал басын есепке алу орыс әкімшілігінің қазақтарды отырықшылдыққа күштеп көшіру ісіндегі алғашқы қадамы еді. Санақ акциясы бұдан былай үш жыл сайын жүргізілді. Санақ нәтижесі бойынша малдан жыл сайын бір пайыздық баж салығы төленді. Орыс отаршылдығы басталғанға дейін малдан салық төлеу болған жоқ. Бұрынғы дала жосығы бойынша, хан мен ру сұлтандарына бөлінетін сыбаға-үлес көлемі құрылтай жиындарда жалпы дауыс беру арқылы келісілетін еді. Ортақ іске әркім өз мүмкіндігіне қарай үлес қосты. Жүктің ауырын әдетте ірі байлар көтерді.
Рухани құндылықты бірінші орынға қойған көшпенділерді отырықшы өмірге бейімдеу арқылы олардың санасына материалдық игілікке ұмтылушылық, дүниеқоңыздық тәрізді ұғымдарды орнықтыру көп ұзамай-ақ өз нәтижесін бере бастады. 1831 жылы Орта жүздегі жағдай туралы басшылыққа берген есебінде С.Б.Броневский: «… Мануфактуралық бұйымдар мен басқа да сән-салтанат заттарын көптеп тұтынуға байланысты сауда айтарлықтай ұлғайды. Енді съездер мен мерекелерде тері шекпен мен шалбар киген қырғыздарды көрмейміз, олар қызыл түсті шұғадан немесе мақпалдан тігілген шекпен, құндызбен көмкерілген барқыт қалпақ, ал әйелдері кенеп көйлектер мен бұхаралық камзол шапандардың орнына жібектен, кәсейден және сисадан тігілген көйлектер киетін болған, сондықтан да Бұхара мен Ташкент бұйымдары енді Ресей өнімдеріне жол берді», – деп жазды. Материалдық байлыққа деген жаңа көзқарас «байлық – мұрат емес, жоқтық – ұят емес» деген қазақ ұғымын түбірімен өзгертті. Ағайын-туыстардың қарым-қатынасы арасына жер бөлінісі, ақша, мүлік теңсіздігі, партиялық тартыс, парамен сатып алу, бопсалау және жемқорлық, т.б. келеңсіз құбылыстар араласып, жік түсірді. Қазақтарды бөлшектеп басқару және олардың туыстық байланысын біртіндеп жою ісі мысықтабандап жүргізілді. Мәселен, біртұтас Шаншар болысы басқаруға күрделі деген сылтаумен Айбике-Шаншар және Нұрбике-Шаншар болып жіктелді де, орыс патшасының 1838 жылғы жарлығы бойынша ру атауы біржола аласталып, Едірей және Қу деген жер аттарын иеленді.
Нұрбике-Шаншардан өрбитін елдің бұл кездегі басшылары Бертістің шөбересі Қазанғап Мөшекеұлы мен Жарылғаптың шөбересі Баймұрын Қойсоймасұлы болатын. 1828 жылы жеке әкімшілік бөлініс болған Нұрбике-Шаншарды Қазанғап, 1844 жылы ол өлген соң ұлы, күйші Тәттімбет, ол 1854 жылы өтініш беріп қызметтен кеткен соң Ақай Баймұрынұлы, одан кейін Тәттімбетұлы Мұсатай басқарады. Осыдан соң Қу болысын Қазанғап пен Баймұрын ұрпақтары кезек билейді. Баймұрын Қойсоймасұлының туған және қайтыс болған жылдары туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, Алшынбай, Құнанбай, Жамантай төре дәуірінде ғұмыр кешкенін, солармен замандас болғанын негізге алып, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрді деп кесіп айтсақ, көп қателесе қоймаспыз.
Баймұрын өзі болыс болмаса да, елге ықпалы жүрген, алыс-жақынға ой-пікірін тыңдата білген адам болғаны аңғарылады. Абайдың балалық шағындағы Құнанбай – Бөжей тартысында Алшынбай Құнанбайға септессе, Баймұрын Бөжейдің жанынан табылады. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов ұлы туындысы «Абай жолында» Баймұрын атаның бейнесін мәңгілікке кестелеген:
«Биік қырлы мұрнын көтере сөйлеп, Алшынбай есікке қарап отырып:
– Баймұрын өзі де тыржыңдап, өкпе сызын білдіргендей, – дегенде, Құнанбай басын тез көтеріп ап, Алшынбайға бұрылды. Алшынбай Құнанбайдың сұрланған жүзіне байыппен қарап: – «Бөжейді қонақ асыға шақырсам, Құнанбай жақтырмайды дейді. Енді менің қазанымды да Тобықтыға билеткені ме Алшынбайдың» деп, маған кінә тағады, білем… – деді.
– Анамен сөйлесіп пе өзі? Оның сойылын не деп соғады екен Баймұрын, сонысын айтты ма?.. – деп, Құнанбай жаңағы өзін теріс қып көрсететін сөзден аттап түсті.
«Анау» дегені кім екенін Абай біледі.
Алдыңғы күні осы Алшынбаймен бірталай сөйлесіп кеп, аяқ кезде Құнанбай Бөжейге арнап бір қатты суық сөз айтқан: Бөжей арыз беріп аяғымнан алғанын қойсын! Болмаса, сұр шекпенді кигізіп, бойын кездеп, айдатқанша тоқтамаспын!» деп еді. Алшынбай мен осы Қарқаралы қазағының тағы бір жуаны Баймұрын арқылы Құнанбай мен Бөжей арасының шарпысқан сөздері жүріп жатқан-ды.
Бүгін Алшынбай сондағы сөздің ендігі өрісі қалай ауғанын айтпаққа келген болу керек.
Баймұрынның Бөжей жақты ұстағысы келетіні жалғыз жаңағы сөз емес, одан басқа жерлерде, Құнанбайдың әр алуан ашу сөздерінен білінетін. Әлгі бір леп соның сарыны… Оны Құнанбайдың тыңдағысы келмейтін, ұстасқан кісісі дәл Баймұрын емес.
Өкпелесе, өкпелей берсін. Оның өкпесі батса, Алшынбайға батады. Құнанбайды оншалық қайыстырмайды. Екінші, Алшынбай Құнанбайға жаңағыдай білдіргені болмаса – «Сен үшін маған Баймұрын туысқаным өкпеледі» деп міндет қылатын кісі емес» (Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея. Бірінші кітап. – Алматы: «Жазушы» баспасы, 2021. 101-102 беттер).
«Ел бұзығы Тобықты» деп Абайдың өзі көрсеткендей Шыңғыстаудан жаға жыртысып жеткен Тобықтының екі мырзасын Шаншардың екі азаматы татуластырып, жарастырып аттандырады. Татулықтың кіріспе сөзін айтатын тағы да Шаншар – Жарылғаптан тарайтын Балта ақын. Балта Тасыбайұлы ХІХ ғасырда жасаған адам, нақты туған және өлген жылдары белгісіз. Ағыс-Қу өңірінде туып-өскен. Кейбір деректерге қарағанда, Қарқаралының сыртында, Жарлы өзені бойында қайтыс болып, сонда жерленген екен. Оның Шөжемен айтысы белгілі. Дала шонжарларының сөзін сөйлеп, айтыста да солардың абыройын қорғаушы ақын болғаннан кейін кеңес өкіметі тұсында Балтаның шығармалары жиналмаған және зерттелмеген. Сөйтсе де, Мұхаң жоғарыдағы шығармасында ақынның болмысына атүсті болса да, тоқталып өтеді:
«Тиін ішігінің түймесін салып, енді сыртқы есікке қарай баса бергенде, Абай Құнанбай бөлмесінен шырқай шыққан үн есітті.
Табақшының біразы да бұған елең етті. Абай да барып, есікті біраз ашыңқырап қарап көз салды… Шоқша бурыл сақалы бар, жал тұмсық, сұр жүзді бір кісі екен. Домбырасын безілдете ойнақшытып, зор қайырманы басып ап, содан әрі домбыраны көлденең салып қойып, тақпақтай соғып, желдірте жөнелді…
– Бұл кім?
– Бұл қайсысы?..
– Қай ақын?.. – дескен үндер өзге бөлмелерден де және табақшылар арасынан да естіліп еді…
Құнанбай бөлмесінен ауыз үйге қарай басын шығара беріп, Қаратай:
– Балта, Балта ақын – деді.
Жанынан шығарып, сілтеп отырған, Алшынбай қасында жүретін Балта ақын екен…
Алған жарың жамандап,
Асқанды қайдан табарсың?
Ақ тоныңды жамандап,
Атлас қайдан табарсың?
Өз басыңды зор етіп,
Теңдес қайдан табарсың?
Ағайынды жат біліп,
Жақынды қайдан табарсың?
Араздық болсаң, еліңе,
Жамандық айтар хабаршың.
Тату болсаң, ағайын,
Сонау қатын-балаға
Сүйінші айтар хабаршың, – деп тоқтады. Үй ішінен:
– Пәлі, пәлі сөзіңе!..
– Бәрекелді, әбзел сөз!..
– Уа, сөз төресі осы да!.. – деп даурығып, мақтау айтып жатқан Алшынбай, Қаратай, тілмаш үндері келді.
Осындай үлкен ауыр жиында мынадай суырыпсалма сөз және аразды табыстыратын бітім, жамау сөз Абайға бір алуан қызық сияқты көрінді… Ол тағы тыңдай түсейінші деп, ентелеп, бағанағы орындығын әкеліп, осы араға отыруға бейімдеп еді… Бірақ, ақын жыры қайта шықпады.
Үй іші қайтадан томсарыңқы қоңыр әңгімеге кірісті.
Абай Бөжейдің пішінін жаңа жақсылап көрді. Ажарында ашу жоқ. Бірақ, соншалық ашық-жарқын, сауық, қызық та жоқ. Салқын, тыныш қана тартымды сабыр бар екен…
Құнанбай пішініне Абай көзі түсіп еді, ол жинақы боп, әр нәрсеге сергек қарап отыр екен. Күлкі, сауыққа ол да оншалық бой ұрайын деп отырған жоқ.
Бұл үй әңгімесін қоңыр кеңеске айналдырған – Алшынбай мен Баймұрын. Еңгезердей үлкен бойлы, сары Баймұрын Бөжейді татуластыра әкелген кісі болатын. Қазір Алшынбай екеуі ғана сөйлейді. Өздері үшін емес, Құнанбай, Бөжей сияқты екі жақ үшін сөйлейді.
Абай Балтаның жыры тоқтап, салқын кеңес басталғанын көрген соң есіктен қайта бұрылды. Осы уақытта Қаратай ауыз үйге шығып, Ызғұтты мен Майбасарды шақырып ап:
– Татулық болды, татуластырды! Алшекең мен Баймұрын екі жақтың да бар сөзіне ие боп өздері сөйлеп, өздері шешіп отыр. Осылай етіңдер деп мырза да, Бөжей де ерік беріп еді! – деді» (сонда. 121-122 беттер).
Осы шағын эпизодтарда Баймұрынның болмысы жарқырай ашылмаса да, өзі өмір сүрген дәуір мен қоғамның белгілі тұлғасы болғаны, Алшынбай мен Құнанбай сынды айыр көмей, темір жақ шешендермен иықтас болып, тең дәрежеде сөз жарыстырғаны байқалады.
Қазақтарды уайымсыз тіршілікке жеткізуге үсті-үстіне уәде беріп, отаршылдық қысымын үдеткен Семей империясының әрекетіне қарсы Абылайханның ұлы Қасым төре мен оның ұлдары Есенгелді мен Саржан, 1837-47 жылдары Кенесары мен Наурызбай бастаған көтеріліс бүкіл Сарыарқаны шарпыды. 1826 жылы Саржан бастаған қазақтар орыс отаршылары жаңа орнығып жатқан Қарқаралы бекінісіне шабуыл жасады. Оған осы округке қарасты қаракесек жігіттері де қатысты. Осының алдында көтерілісшілерді «тыныштандыру» ниетімен жүзбасылар Карбышев пен Лукин бастаған, зеңбіректері бар, карабин мылтықты, мұздай қаруланған екі отряд жорыққа шығып, Саржанды ұстай алмаса да, аулын талқандады. 150 бейбіт адамды өлтіріп, 200 қазақты жарақаттады, 30 кісіні тұтқынға алды. 2000 жылқы, 200 түйе, отар-отар қой олжалап, тағы 700 ауылдың шаңырағын ортасына түсірді. Отарлық қысымға төзе алмай ауа көшкен қазақтарды күшпен қайтармақ болып 1829 жылы қанды жорық жасаған есаул Куликовтың жантүршігерлік әрекеттері жергілікті халықтың ғана емес, Омбыдағы орыс әкімшілігінің де төбе шашын тік тұрғызды. Олар бұл жауыздың ісін адамдықтан тыс деп, жазаға кесті. Әйткенмен, орыс казактарының қазақ жұртын қанап, ар-намысына тиіп, қорлаған көптеген істері назардан тыс қана қалған жоқ, Ресей билігі тарапынан қолдау тапты. Қазақтарға қарсы қолдану үшін оларға отты қару тегін берілді. Отаршылардың осындай әрекетін көріп, күш мүлде тең еместігіне әбден көз жеткізген Едірей және Қу болыстарының ел ағалары Алшынбай, Тәттімбет пен Баймұрын билер халқын босқа арандатып, харап етіп алмау үшін туыстарына тоқтау салды, бұдан былайға көтерілістерге қатысудан сақтап қалды. Олардың бұл әрекеті дәл осы кезеңде өте дұрыс шешім болғанын уақыт көрсетті.
Әңгімемізді Баймұрын Қойсоймасұлы мекен еткен Бестерек қонысына бұрайық. Бестерек – Қу тауының терістік бетінде, бір көш жерде орналасқан, Жарылғап атаның ұрпақтары мекендеген қоныс. Кеңес билігі дәуірінде Қазақстанның 40 жылдығы атындағы және «Арқалық» совхоздарының малшылары қатар отыратын жайлау болды. Осы жерде Түндік өзені бойындағы Қазанғаптың (Тәттімбет осында жерленген деп айтылады), Талдының жиегіндегі төрелер әулетінің қорымына ұқсайтын шошақ бейіт бар. Жарылғап атаның бүгінгі ұрпақтары осы зиратта Алшынбай, Құнанбай, Құсбек, Жамантай төрелер мен Тәттімбеттің замандасы Баймұрын жерленген деп шамалайды.

Кеңес билігі тұсындағы саяси қуғын-сүргіннен әбден қорқып қалған ұрпақтары арғы атасы Баймұрын туралы бертінге дейін ештеңе ашып айта алмағаны белгілі. Ескілікті әңгімеге құлағы қанық Қайша апамыз тек кейінгі жылдары ғана жатқа сыр ашпайтын өте жақын туыстарына ата-бабалары жөнінде білетін ақпараттарын жеткізіпті. Жолдасы Рахым соғысқа аттанып, майдан даласынан оралмай, хабарсыз кеткен екен. Өзі өмірден озардың алдында Бестерек қонысындағы шошақ бейітте бабасы Баймұрын жатқанын айтып кетеді.
Қайша апамыздың бауырында өскен баласы, қазір Қарағанды қаласында тұратын Олжатай Рахымов мына деректерді жеткізді: анасы ұлына нағашы аталары өте дәулетті адамдар болғанын, соның ішінде өз әкесі Жұбаныш та байлығымен ортасынан озғанын айтады. Оның малы жазда жайлауға шыққан кезде Бестеректің жазығына, Бала Түндіктінің бойына сыймай жататынын паш етіпті. Баймұрын сірә жайлауда қайтыс болса керек, сондықтан Бестерекке жерленіпті.
Баймұрынға тиесілі деп болжанып отырған шошақ бейіт қазір ескіріп, әбден тозған. Қонысқа атауын берген бес теректен қалған жалғыз киелі ағаш – алып бәйтерек аспан зәулім болып жапырақ жайып тұр. Ағаштың жуандығына адамның құшағы жетпейді. Оның маңайында шіріп құлап, қураған ағаштар шашылып жатыр. Киелі теректің өсіп тұрғанына кемі екі ғасырдай уақыт өткен сияқты.
Бестеректегі шошақ бейіт те, алып бәйтерек те жеріміздің тарихынан, еліміздің шежіресінен сыр шертетін жәдігерлер. Солай болғандықтан, тиесілі ауылдық округ басшылығы, бас көтерер азаматтары және Баймұрын бабаның ұрпақтары оларды қоршап, маңайын абаттандырып, күтімге алса, өте дұрыс болар еді, – дейді Егіндібұлақ аулының тұрғыны, қоғам өміріне белсене араласып жүрген зейнеткер Амантай Дәуіпбайұлы.
– Жарылғап бабамыздан өрбіген ұрпақтардың арасында Жоламан – Қойсоймастан тарайтын Баймұрын атамыз өз заманында қоғамнан тұғырлы орын иеленген, елдің билігіне араласқан тұғырлы тұлға болғаны қазақтың ауыздан ауызға жеткен шежіресінде де, көркем әдебиет беттерінде де тамаша айтылған. Ресей отарлығымен бірге қазақ даласына үлкен өзгерістер келсе де, көшпелі халықтың рулық, туыстық байланысы үзілмеген, салт-дәстүрі жақсы сақталған кезде өмір сүрген Баймұрын атамыз бақ-дәулетімен ғана емес, жеке басының парасаттылығымен, кісілік қасиеттерімен ел арасында «мырза» деген қосалқы есімді иеленген екен. Баймұрыннан тарайтын ұрпақтар арасынан Ақай деген ұлынан тарайтын балаларының әулетін ерекше бөліп айтқан жөн, – дейді Амантай Дәуіпбайұлы тағы бір сөзінде. – Қазіргі Шарықты ауылдық округінің аумағында орналасқан Бестерек қонысындағы, Бала Түндікті өзенінің бойында тұрған шошақ бейіт Баймұрын атаға тиесілі деуге негіз бар. Бұл туралы алғашқы деректі Баймұрынның ұрпағы Жұбаныштан туған Мұхамеджанның Смағұлының баласы Жақсылық айтқан еді. Ел басына күн туған, қазақтардың мал-мүлкі тәркіленіп, оның соңы халықты аштыққа ұрындырған нәубет тұсында кеңес билігі Смағұлдың да бар байлығын тартып алып, әлді атаның ұрпағы болғаны үшін өзін қудалап, 1931 жылы Ресейге жер аударған. Кейін аман-есен елге оралды. Көп сөйлемейтін, анау-мынау кісіге сыр аша бермейтін тұйықтау адам еді. 1980 жылы қатты науқастанып, төсек тартып жатқанда баласы Жақсылыққа Бестеректегі шошақ бейітте арғы атасы Баймұрын жатқанын айтыпты. Көп ұзамай өзі де бақиға көшті. Тағы бір деректі Шөптікөлдің тумасы Қайрат Мұстафин деген азамат айтады. Қайраттың әкесі Мәс (азан шақырып қойған есімі Мұхамедназхар) аға айтып кеткен ақпарат бойынша, оның үлкен ағасы Өскенбайдың әйелі Майраш Жұбаныштың ұрпағы Қайшадан туған қыз екен. Қайша апамыз да кеңестік-тоталитарлық дәуірдің алғашқы жылдарында байдың тұқымы деген себеппен біраз теперіш көрген сияқты.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Бестерек қонысында тұрған шошақ бейіттің Баймұрынға тиесілі болуы әбден мүмкін. Біріншіден, бұл жер Жарылғап атадан тараған ұрпақтардың байырғы қонысы; екіншіден, аталған зират Түндік пен Талды өзендері бойында тұрған бейіттермен бір үлгіде, бір уақытта жергілікті материалдардан – қыш кірпіштерден қаланған, яғни замандас адамдарға салынғаны байқалады; үшіншіден, дәл сол тұста Жарылғаптан өрбіген әулетте Баймұрынның алдына түскен адам болғаны айтылмайды.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button