Руханият

Абай: «Өз сөзім – өзімдікі» немесе Хакім рухымен сырласу

Төрт құбыласы түгел қоғам жоқ. Әрқайсысы әйтеуір бір дертті. Біз де одан ада емеспіз. Алдын алмаса, іштен ірітіп-шірітіп жіберетін де солар. Небір кемеңгерлер қоғамның кеселін егжеп-екшеп беріп те кетті. Ол тарихтан аян. Махатма Ганди марқұм қоғамның жеті індетін атап көрсетіпті деседі. Ол – мақсатсыз саясат, еңбексіз байлық, түйсіксіз рахатқа бату, қажырсыз білім, ар-ождансыз сауда, ізгіліксіз ғылым, құрбандықсыз Аллаға құлшылық. Осындай ұлағатты оқып отырып, қалай қарап қалайық. Ұлы Абайға жүгіндік. Қазақтың қас жауын Абай хакімнің санамалап бергенін түйсігімізбен таптық. Қазақтың қазіргі қалыбы, болмыс-бітімі өлең, қара сөзінде сайрап тұр. Әулие демеске шара жоқ. Көкірегімізге кептелген көп сауалға жауапты қара сөздері берді. Ғасырдан астам уақыт өтсе де, тап бүгінгінің сипатын көрсетіп тұрғандай сезілді. Данышпан айтқан кеселдерден әлі де құлан-таза айыға қоймағанбыз ба, қалай? Ойымыз сан-саққа жүгірді. Қиялымызға қанат бітіп, көңілдің көк дөненін ауыздықтан айырдық. Ойша өрілген әңгімені қағазға түсірдік… Шап-шағын сұхбат шықты. Біз жауырды жаба тоқып, ашып айта алмай жүрген қоғамның ауруларын Абай атамыз айтады. Мұнда айтушы – Абай атамыз, біз емес. Оң-солын, дұрыс-бұрысын әркім өзі зерделер. Ақыл таразысына тартып көрер. Ал біз тағы бір мәрте ақылдың кәусарынан сусындағандай болдық. Сонымен, сауал – біздікі, жауап – Абай Құнанбайұлыныкі.

 

  • Қазақтың ішінен кімді жақсы көріп, кімді қадірлейсіз?
  • Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлеймін деп ойладым… Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреу бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр… Болыс пен биді құрметтейін десең, Құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алып жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ.

Мықтыны сыйлайын десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып алып құрметтейін десең, әділет-ұят, ынсапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі де есті…

  • Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?
  • Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.

Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді. Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айырылған және біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден кетпек – әр қазақтың ойы осы.

«Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады».

  • Осылар біріне-бірі достық ойлай ала ма?
  • Кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айырылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, әуелде ішімізбен қас сағындық. Әрі-беріден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке болыстық, билікке таластық.

Сонан соң не момынның баласы бөтен жаққа шығып, еңбек қылып, мал іздемейді, егін, сауданың керегі жоқ болады. Өз басын өзі осындай таласпенен кісі көбейтеміз деп партия жиғандардың бүгін біреуіне, ертең біреуіне кезекпен сатады да жүреді. Ұрылар тыйылмайды. Ел тыныш болса, оның ұрлығын ешкім сүйемес еді. Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп ақтап, арамдығын жақтап, сүйеймін десе, соған жақ болып сүйеніп, бұрынғыдан ұрлығын әлденеше есе асырады.

Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік «шапты, талады» деген әртүрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді. Оған дознание – тергеу шығарады. Өтірік көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындап қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін. Ол адам басын құтқармақ үшін жамандарға жалынса, оның да адамдығының кеткені, егер жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені. Ол болыс болғандар өзі қулық, арамдықпенен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлейді, өзіме дос болып, жәрдемі тиеді деп, егер қас болса, бір түрлі өзіме де залал жасауға қолынан келеді деп.

  • Есіл өмірді ескерусіз, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізіп жатқанымыз жоқ па?
  • Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірінбірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.

Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды.

  • Бірлік кімде, ел қайтсе тату болады?
  • Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?

«Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды».

  • «Ырыс алды – тірлік» дейді ғой қазақ?
  • Ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.

Кеселді жалқау, қылжақбас,

Әзір тамақ, әзір ас,

Сыртың – пысық, ішің – нас,

Артын ойлап ұялмас, – болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық.

  • Есті кісінің қатарында болу үшін қайтпек керек?
  • Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?
  • Мақтанның неше түрін көрдіңіз?
  • Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Екінші, мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді. Мұндай мақтаншақтардың өзі үш түрлі болады. Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол – надан, ләкин надан да болса адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол – наданның наданы, ләкин өзі адам емес.
  • Біз бұл күні не жоғалттық?
  • Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.«Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!»Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары калай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа ғой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?
  • Ал, екінші мінезі қайсы екен?
  • Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. «Өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады» деп, «Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» деп, «Ағайынның азары болса да, безері болмайды», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» десіп, «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған пәлеге жолығар» десіп. Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы – пейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық.

«Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ».

  • Кімді сүйіп, кімнің тілеуін тілейсіз?
  • Өзі құрттанып шашылған болысбилер тұра тұрсын. Әлбетте, амал жоқ, момындығынан «Ырыс баққан дау бақпас» деген мақалмен боламын деп… …жүрген шын момындарды аямасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым.
  • Осы елдің үнем қылып жүргені немене?
  • Екі нәрсе: әуелі-ұрлық, ұры – ұрлықпен мал табам деп жүр; мал иесі арылтып алып, тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар «алып беремін» деп даугерді жеп, «құтқарам» деп ұрыны жеп жүр… …Екінші – бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең көп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр. Кім азса мен соған керек боламын деп…өзін біраз ғана азық қылайын деп жүр.

«Тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай бақылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ер жеткен соң, күш енген соң оған билетпедік».

Ұлықтар: «Пәлі-пәлі, бұл табылған ақыл екен», – деп, мен сені бүйтіп сүйеймін деп ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп мынаны жеп жүр. Қара халық менің сонша үйім бар, сонша ауыл-аймағыммен сойылыңды соғайын, дауыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп, басын, ауылын, қатын-баласын сатып жүр… …Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме?..

  • Тәнді жанға бас ұрғыза алдық па?
  • Тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай бақылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ер жеткен соң, күш енген соң оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық; еш нәрсеге көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің сыртын көргенде-ақ тойдық. Сыры қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз?
  • Қазаққа не жетпейді, не керек?
  • Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол…

…Мендей ғаріп кез болса,

Мойын салсын ойлансын.

Қабыл көрсе сөзімді,

Кім таныса, сол алсын…

Сырласқан Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Back to top button