«Абай велошеруі» мәреге жетті
Қарағандыда халықаралық әкелер күнімен сабақтастырып, Абай атындағы мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен, Қарағанды облысының білім басқармасының қолдауымен Абай есімін асқақтатқан «Абай велошеруі» өтті.

Велошерудің ашылу салтанаты Абай атындағы мектеп-гимназиясынан бастау алды. Онда Абайдың «Толық адам» ілімінің мәні мен бүгінгі қоғамдағы маңызы жайында сөз қозғалып, орамды ойлар айтылды. Әл-Фараби Ілияш, Айбота Сия есімді қос оқушы ақынның өлеңдерін оқып, қатысушыларға жігер сыйлады. Білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім велошерудің ашылуымен құттықтады.
– Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойында ұйымдастырылып жатқан бұл маңызды игі іс қаламыздағы Абай есімін иеленген мектептен бастау алып жатқаны көңіл қуантады. Бұл да бір тарихи сәт! Біздің қазақ үшін, ел болашағы үшін Абайдың қылған қызметі, айтқан терең ойлары әрқашан да маңызды. Абай – біздің темірқазығымыз, жолбағдарымыз. Хакім Абайдың ізімен жүріп «Толық адам» қалыптастыруда мектеп ұжымы мен ата-аналар қауымының атқарып жатқан еңбегін айтпай кете алмаймыз, – деді Есентай Әшім.
Әр қалада арнайы веложолақтар салынып, саламатты өмір салтын ұстанған белсенді жандар үшін спортпен шынығуға қолайлы мүмкіндік туып отыр. Веломарафоннан Қазақстанның үш дүркін жеңімпазы, «Толық адам және 4 даму», «Абай арқылы ағылшынша үйрен» жобаларының авторы Ернат Рахметолла велоспорттың адамға тигізер пайдасы жайлы мазмұнды ой қозғады.
– Велобекеттері бар, инфрақұрылымы дамыған Алматы мен Астана секілді ірі екі қаланы толықтай велоқала деп атауға болады. Сол себепті де, біздің басты мақсатымыз – қазыналы Қарағанды қаласын сол деңгейге жеткізіп, жаңа мүмкіндіктерге ие болу. Осы уақытқа дейін азды-көпті велошеру ұйымдастырдық. Әйткенмен, биылғы жыл біз үшін ерекше болмақшы. Абай атамызға арналған велошеру тұңғыш рет Қарағандыдан бастау алды. Алдағы айда осы жобаны бұдан да ауқымды түрде, шығыс елінде, ақынның туған жерінде дүбірлетіп өткізуді көздеп отырмыз, – деп сөзін тәмамдады велошабандоз Ернат Мелсұлы.
Мектеп ауласынан бастау алған велошеру одан әрмен «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған?!» атты мазмұнмен қаламыздағы Абай ескерткішінде жалғасын тапты. Абай атамыздың шығармашылығы жөнінде тереңнен сөз қозғаған абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов өзінің парықты пайымын білдірді.
Велошеруге қатысушылардың келесі межесі – Орталық саябақ болды. Олар бастапқы орыннан мәре сызығына дейін саябақ аумағындағы 3 негізгі аялдама маршрут басып өтті. Алғашқы «Ақиқат сөзі» аялдамасында велошабандоздар Абайдың өлеңдерін оқыды. Келесі «Хакім жүрегі» бекетінде ақынның әндері шырқалса, соңғы «Қара сөз кеңес» аялдамасында Абай атамыздың қарасөздері талқыланып, қатысушылар өзара пікір алмасты.
Спорттық іс-шараның ақтық мәресіне жеткен барлық қатысушыға арнайы медаль табысталып, Алғыс хатпен марапатталды. Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімі велошеруді ұйымдастыруға үлесін қосқан азаматтарға қала әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Осы іс-шараның өтуіне мұрындық болған Абай атындағы мектеп-гимназиясының директоры Жадыра Сабырқызы барлық велошабандоздар мен қатысушыларға ерекше алғысын білдірді.
Абай – белгілі бір шекарамен шектеліп қана қоймайтын кең кеңістіктегі ғаламдық тұлға. Оны тек тарихи, мәдени жағынан ғана дәріптеп қана қоймай, сонымен қатар, жан-жақты қырын ашып, әр салада насихаттағанымыз құптарлық іс. «Абай велошеруі» – соның айшықты айғағы, бұлтартпас дәлелі.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Қарағанды зерттеу университетінің
ІІ курс студенті