Абай мұрасына абай болайық!
Марат Азбанбаев – Абай шығармашылығын жан-жақты зерттеп, әрбір еңбегінде тың ой қозғап жүрген абайтанушы. Жуырда облыстық Абай атындағы балалар кітапханасында Қазақстан Судьялар одағының мүшесі, абайтанушы Марат Азбанбаевтың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға мектептердің қазақ тілі және әдебиеті пәні ұстаздары шақырылып, «Бала Абайдан – дана Абайға» тақырыбында әңгіме өрбітті. Әрі ойшылдың тұлғалық қалыптасу жолы мен шығармашылық мұрасы жайында қызықты деректер де талқыланды.
Марат Ақторғайұлы – заң саласында 40 жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Оның ішінде 28 жылын сот жүйесіне арнап, әділет жолында адал қызмет атқарған. Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қалмай, ғылымға бет бұрыпты. Күні бүгінге дейін Абай шығармашылығын тереңнен зерттеп, насихаттап келеді. Бүгінде оның еңбектері ғылыми ортада кеңінен танылған. Әсіресе, құқықтық тарих пен әділет тақырыбын қамтыған «Абайдан Азбанбайға дейінгі сот істері» кітабын айта кетпеске болмас. Абай заманына қатысты тың деректер осы бір еңбекке басылып, өңірдегі барлық кітапханаға тегін таратылған. Облыстық басылым бетінде жарық көрген танымдық мақалаларын оқырман қауым жақсы біледі.
– Біздің кітапхана Абай бабамыздың есімін иеленгендіктен, биыл жыл басынан бері бірқатар іс-шара өткіздік. Сонымен қатар, үлкен көрме ұйымдастырып, кітапхана қорын кеңінен таныстырдық. Осындай игі шаралардың жалғасы ретінде бүгінгі кездесуді де атап өтуге болады. Марат Ақторғайұлы тың деректерімен бөлісіп, өскелең ұрпаққа Абайды жаңа қырынан танытып жүр. Сол мақсатта біз қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін арнайы шақырып, ортақ ой бөлуді жөн көрдік, – деді кітапхана директорының орынбасары Қалқатай Қалиева.
Дөңгелек үстел барысында Марат Азбанбаев Абайдың тұлға болып қалыптасуына ықпал еткен негізгі факторларға кеңінен тоқталды. Әсіресе, әкесі Құнанбайдың өнегелі рөлін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол ұлы ақынның адамгершілікке негізделген идеялары мен шығармашылық мұрасын жас ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдалану жолдары жөнінде ой өрбітті.
– Мұндай іс-шара біз секілді жас мұғалімдерге, қазақ тілі мен әдебиеті пәні ұстаздарына пайдалы. Мысалы, біз Абайды бастауыштан бастап оқытамыз. Табиғат жайында жазылған өлеңдерінен бастаймыз. Абай – дара қазақта. Сондықтан, қай-қайсымыз болсын Абайды танып-білуіміз қажет. Ал, бүгінгі іс-шарада тұлғаның біз-біліп-білмейтін қырын және тағы басқа да тың дүниелер жайында естіп қайттық, – деді С.Сейфуллин атындағы гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Сая Темірғалиева.
Дөңгелек үстел тың идеялар мен келелі ойларға толы болды. Жиынға қатысушылар ұлы ойшылдың мұрасын құқықтық әрі рухани тұрғыда насихаттау мәселесіне ерекше назар аударды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»