Абай әлеміне саяхат
Қарағанды қаласының орталық мәдениет және демалыс саябағында қазақ руханиятының темірқазығына айналған ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Ұлылардың ұлысы – Абай» атты ерекше форматтағы иммерсивті поэзия кеші өтті. Шараны Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұйымдастырды.

Кеш Абай мұрасын кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру, оның шығармаларындағы терең мағынаны жаңа көзқараспен ұғындыру мақсатын көздеді.
Ашық аспан астында өткен бұл шара – тың форматымен, мазмұнды бағдарламасымен ерекшеленді. Оған Арқаның зиялы қауым өкілдері, жас ақындар, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, №104 гимназияның оқушылары, әскери бөлім сарбаздары, қала қонақтары қатысты.
Поэзия кешінде бірнеше мазмұнды алаң жұмыс істеді. Атап айтсақ, «Абайдың ән әлемі» атты алаңда ақынның әндері, сөзіне жазылған туындылар әуелеп, көрермен жүрегіне жол тартты. «Көзімнің қарасы», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Әсемпаз болма әрнеге» сынды өміршең әндер көпшілікпен бірге орындалды.
Ал, «Қара сөз кеңістігі» алаңында Абайдың қара сөздерін оқушылар көрерменге терең ой салса, «Абай оқулары» аталған еркін микрофон алаңында жастар өздері таңдаған хакім шығармаларын жатқа оқып, жүрек төріндегі әсерімен бөлісті.
Мұнда сарбаздар, мектеп оқушылары, кеш қонақтары және демалыс саябағында серуендеп жүрген қала тұрғындары еркін микрофонды пайдаланып, хакім өлеңдерін жатқа оқып, мәре-сәре болғанын атап айту керек.
Сонымен қатар, «Тапқыр болсаң, тауып көр!» атты интерактивті-викториналық ойын қатысушылардың Абай өмірі мен шығармашылығына қатысты білімдерін сынап, зияткерлік бәсеке алаңына айналды.
Одан бөлек, кеш барысында Н.Гоголь кітапханасының қызметкерлері тарапынан көрермендерге Абай мұрасын көзбен көруге мүмкіндік беретін сахналанған Абай бұрышы мен «Кемеңгерліктің биік шыңы – Абай» атты кітап көрмесі де ұсынылды. Мұнда ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылығы және замандастары мен зерттеушілерінің еңбектері қойылған.
Сонымен бірге, ақын, облыстық «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» мүшәйрасының жүлдегері Таңсәуле Әгенқызының өлеңдері көрермен көңілінен шықты. Теміртау қаласынан келген «Ақ қауырсын» әдеби клубының мүшелері де өз өнерін ортаға салып, Абайға арнаған туындыларын оқыды.
Кеш соңында белсенділік танытып, ерекше көзге түскен қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хат, естелік сыйлықпен марапатталды.
Аталған поэзия кеші – ұлы ойшылдың өнегелі жолына тағзым, рухани жаңғыруға бет алған ұлттың жарқын айғағы. Абай ілімі – өткенді білуге және бүгінгі күні талмай еңбек етіп, болашақтың шамшырағы болуға жетелейтін сарқылмас бұлақ.
Бұл әдеби кеш жастарды Абайды жаңа қырынан тануға, оның шығармаларына қайта үңілуге, өмірлік ұстанымына айналдыруға шақырған мәнді бастама болғанын атап өткен жөн.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»