Абай әлемі – суретші қиялында

«Көңілдегі көрікті ойды» сөз де, сурет те жеткізеді. Абай күніне орай облыс­тық бейнелеу өнері мұражайында «Түспен түрленген сөз» атты арт-зертхана ашылды. Жобаға кез келген деңгейдегі, кез келген жастағы суретшілер қатысып, өз туындыларын көрмеге қоя алады.

Осыған дейін облыстық бейнелеу өнері мұражайы Абай күніне бір күндік шаралар ұйымдастырып келген. Биыл жаңа һәм тың бастаманы қолға алды. «Түспен түрленген сөз» атты арт-зертхананың ұйымдастырушылары 22 тамызға дейін өңірдегі талап білдірген суретшілердің картиналарын қабылдайды. Қабылдау уақыты аяқталғаннан кейін қорытынды көрме өтеді. Туындылар ұлттың ұлы ойшылы, бас ақыны, сөз шебері Абай Құнанбайұлының есімімен байланысты болуы шарт.

– Кәсіби суретші болудың қажеті жоқ, әуесқой суретшілер де қатыса алады. Бұл байқау емес. Біздің басты мақсатымыз – Абай мұрасын насихаттау. Біз өзіміздің әлеуметтік желідегі парақшамызда нәтижелерді жариялаймыз, – дейді мұражай басшысының орынбасары Мейрамгүл Елубаева.

Абай күнінде бастау алған жобаның алғашқы көрмесіне теміртаулық суретші Андрей Осипенконың «Абай – ақын», «Абай – Данышпан» және «Абай – тұлға» триптихтері қойылды. Картиналар – ұлы ойшыл, ақын және қоғам қайраткері Абай Құнанбаевтың өмірі, шығармашылығы, философиясы туралы баяндайды. Сондай-ақ, қарағандылық суретшілер Төлеуғали Кеңесбаев пен Исатай Исабаевтың графикалық жұмыстары, Әбдімәлік Бұхарбаевтың «Абай» репродукциясы көрермен назарына ұсынылды.

Саран мәдениет үйінің «Поэтикалық оюлар» әдеби қонақ бөлмесінің жетекшісі Татьяна Стрельчук өнер шарасында Абайға арналған өлеңдерін оқыды.

– Абайдың қара сөздерін жиі оқимын. «Абай өлеңдері өмір беретін бұлақ» деген мазмұнда өлең жаздым. Хәкімнің шығармашылығы адамды қуаттандырады, өмір жолында бағыт көрсетеді, – деді Татьяна Стрельчук.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.