АймақБас тақырып

Абай күні аталып өтпек

Ертең, яғни, 10 тамыз – адамзат ақыл-ойының алыбы Абай Құнанбайұлының туған күні. Осы бір айтулы күнге орай Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен қаламыздағы ұлы ақынның ескерткіші маңында мерекелік шара өтпек. Онда һакімнің жауһар жырлары оқылып, әуезді әндері шырқалады деп күтілуде.

«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» деп Алаш ұранды Сұлтанмахмұт Торайғыров өсиет еткендей ақынның рухани мұрасы – ғасырлар бойы құнын жоймайтын халықтың сарқылмас қазынасы. Кемел ойдан туған көркем дүниелері заман өзгерген сайын әлемдік өркениет көшінен қалмай, оқырмандарын өзінің жаңаша қырымен баурауда.

– Абайды оқымаған, сөзін көңіліне тоқымаған, тым болмаса бір өлеңін жатқа білмейтін, бір әнін әуелете шырқамайтын жан жоқ шығар?! Сондықтан да барша қарағандылықтарды 10 тамыз, сағат 11.00-де қаламыздағы Абай ескерткіші жанында еркін форматта («Шалқыма» концерт залына қарсы бетте) өтетін айтулы іс-шараға қатысуға шақырамыз, тағылымды мерекелік шарадан қалыс қалмаңыздар, – дейді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Илияшов.

Шара соңында жиналған жұртшылықпен қосылып, ақынның «Көзімнің қарасы» әні шырқалады деп жоспарлануда.
Қосымша ақпарат алу үшін төмендегі көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарласуға болады: 8 702 965 86 82 (Лаура) 8 700 347 36 11 (Қызғалдақ).

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button