«Елтану» тарихи-танымдық экспедициясы Абай облысына аттанды
Қоғамдық сананы жаңғыртып, тарихи жадыны дәріптеу бүгінгі күннің басты міндеті. Осы орайда облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен «Елтану» тарихи-танымдық экспедициясы жолға шықты. Іс-шара ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақовтың 130 жылдығына арналды.

Үш күнге созылатын сапар барысында экспедиция мүшелері Қарқаралы ауданының қасиетті топырағын басып, Семей өңіріне, Жидебай мен Бөрілі жеріне табан тірейді. Қатысушыларды сапарға шығарып салу сәтіне облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Әдепбеков қатысып, ақжол тіледі.
Экспедиция құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, белгілі тарихшылар мен қоғам белсенділері, жастар да бар. Бұл іс-шара әуелі ел тарихына тағзым болса, екінші жағынан жас буынға тағылымдық сапар. Экспедиция мүшесі зейнеткер, қоғам белсендісі Сәкен Келдібаев бұл шараның жастар үшін рухани сапар болатынын баса айтты.
– Қарқаралы мен Семей өңірі – тұнып тұрған қазақтың тарихы. Жол бойы біз осы асыл мұраларды жастарға таныстырып, олардың бойында патриоттық сезімді нығайтуды көздейміз. Қарқаралы – кезінде Қазақстанның мәдени-саяси орталықтарының бірі болған қасиетті өңір. Мұнда тарихи, мәдени ескерткіштер аз емес. «Қоянды жәрмеңкесінің» өзі – ұлт тарихының бір алтын парағы. Міне, сапар барысында осы тарихымызды жас буынға кеңінен жеткізуді мақсат еттік, – деді ол.
Әуелі экспедиция мүшелері Қарқаралыдағы Абай түскен үйге, қазақ мәдениетін зерттеген ғалым Г.Потанин үйіне ат басын тіремек. Содан кейін ең көне Құнанбай қажы мешітіне барады. «Алаш» қозғалысы қайраткерлері мен ұлт азаттығы жолында күрескен ақын, әнші-композитор Мади Бәпиұлының ескерткіштеріне барып, тағзым етпек.
– Биылғы экспедицияның орны ерек. Өз басым төртінші мәрте шығуым. Негізі, шет ел аралағаннан гөрі Отанымызды аралап, тарихымен танысқанды жақсы көремін. Шыңғыс тауының бөктерін аралап, Абайдың табаны тиген жерлерді басып өтсеңіз, адамға ерекше рух береді. Еліміздің мемлекет болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан Нығмет Нұрмақовтың да еліне бару бір ғанибет, – деді қоғам белсендісі Майра Әбдірахманова.
Сөйтіп, саяхатшылар Қарқаралыдан шығып, Абай облысында өтеді. Семей қаласына барып, Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін қасиетті мекендерге экскурсия жасайды. Артынша «Абай–Шәкәрім» мемориалдық кешеніне, ақынның әжесі Зере ана кесенесіне барып зиярат етпек. Абайдың «Жидебай–Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына да барып, сол жерден сапарды қорытындыламақ.
Экспедиция мүшелерінің қатарында «Намус» әзірбайжан мәдени орталығының, ҚХА жанындағы Журналистер клубының мүшесі Бриллиант Алиева да бар. Өзі мұндай үлкен сапарға бірінші мәрте шығуы екен. Сапардың маңыздылығына тоқталып, көңіл-күйімен бөлісті.
– Сапардың мақсаты – айқын. Үш күн бойы жол үстінде ел тарихымен танысамыз. Өскелең ұрпақ үшін нағыз тағылым болмақ. Әрине, жас буын арасында ұлтжандылықты дамыту үшін осындай бастамалардың мәні зор. Сонда ғана ел жастары туған жерге патриот, ана тіліне жанашыр болып қалыптасады, – деді ол.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»