“Абай ізі – ұрпақ жадында, сөзі – сурет өнерінде”
Қарағанды медицина университетінде Тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында «Абай ізі ұрпақ жадында, сөз – сурет өнерінде» атты республикалық танымдық-шығармашылық кеш өтті. Кеш барысында Абай шығармашылығына, оның ізін жалғаушы Шәкәрім мен Ахат Шәкәрімұлының мол мұрасына жіті үңіліп, жалпақ жұртқа паш етуді мақсат еткен дәрігер ғалым әрі суретші Мақаш Әлиақпаровтың «Әке жолы. Перзент парызы» кітабының тұсауы кесілді. Шығармашылық кеш көрермендері халқымыздың біртуар перзенттері, ойшыл ақын Абай мен Шәкәрімнің рухани-көркем мұрасына қанықты, өнер құдіретін сезініп, керемет күйге бөленді.

Танымдық-шығармашылық кеш басталмас бұрын қонақтар Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы ұйымдастырған «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» атты көрмесі мен ғалым Мақаш Тыныштықбайұлының шығармалар көрмесін тамашалады.
Көпшілік назарына ұсынылған көрмеге ұлы ақынның шығармалары, қара сөздері, 1950-60 жылдары салынған Абайдың сирек кездесетін портреті, бюсті, кілемшеге тоқылған бейнесі, ақынның қара сөздерін оқығаннан кейінгі әсерін қылқаламмен өрнектеген Қарағанды өңіріндегі балалардың суреттері де қойылған. Сонымен қоса, мұнда корей, француз, ағылшын тіліне аударылған Абай шығармалары да бар. 1921 жылы шыққан шағын кітапты да осы жерден табасыз.
– Биыл Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай ақпан айында тұсауы кесілген көшпелі көрме бүгін Қарағанды медицина университетінде жалғасын тауып отыр. Абай атындағы кітапхана болғандықтан, біз ақын мұраларын жинақтауға мән береміз. Бүгінде 140-тан астам басылым, сирек кездесетін кітаптар бар. М.Әуезовтің 1948 жылы шыққан «Абай жолының» орыс тілінде жазылған алғашқы нұсқасы бізде сақтаулы. 1948 жылы шыққан Пушкиннен аудармалары да бар. Біз осы бағыттағы жұмысымызды жалғастыра береміз, – деді кітапхана басшысының орынбасары Қалқатай Қалиева.
Танымдық шараға өңірге белгілі тұлғалар, ғалымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресурстық тіл орталығының мамандары, университеттердің оқытушы-ғалымдары мен өңірлік кітапханалардың кітапханашылары арнайы шақырылды. Сондай-ақ, медицина университетінің студенттері мен оқытушылары, шығармашылық ұжым қатысты.
Кеш барысында Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі Айжан Қиясова құттықтау сөз сөйлеп, Абай мұрасымен сусындаған ұрпақтың ел игілігі жолында еңбек ете беруіне тілектестік білдірді.
Университет ректоры Бақыт Көшерова «Абай мұрасы қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Бүгін университет қабырғасында біз осы асыл мұраны дәріптеп, бір табан жақындаймыз» дей келе, Абай мен Шәкәрім шығармашылығына терең бойлаған медицина ғылымдарының докторы, ғалым Мақаш Тыныштықбайұлының еңбегін атап өтті. Қатысушыларға ұлы ағартушы Абайдың әлеміне рухани сапар шегіп, бүгінгі кештен тамаша әсер алуын тіледі.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Мақаш Әлиақпаров өзінің «Әке жолы. Перзент парызы» атты кітабында Ахат Шәкәрімұлының әдеби мұрасын жалпақ жұртқа паш еткен. Бұл кітапқа 2024 жылы Семей өңіріне жүргізілген «Ахат жүрген ізбенен» ғылыми-танымдық экспедиция жазбалары және Ахат Шәкәрімұлының бұрын-соңды ғаламтор бетінде жарық көрмеген өлеңдері мен поэмалары енген. Мақаш Тыныштықпайұлы өз еңбектері арқылы халыққа Абай мен Шәкәрімді, Шәкәрімұлы Ахат ақынды кеңінен танытып келеді. Бұған дейін де Мақаш Әлиакпаровтың қарымды қаламынан Ахат Шәкәрімұлы жайында 1997 жылы «Ахат», 2000 жылы «Ақын аманаты» кітаптары жарық көрді. Ал оның қылқалам шебері екенін де айтпай кетуге болмас. 1975 жылдан бастап осы уақытқа дейін 200-ден астам сурет салған, оның 60-тан астамы тек Шәкәрімге арналған екен.
Танымдық-шығармашылық кеш көпшіліктің есінде қалар ерекше сәттерге толы болды. Есімі елге белгілі дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын Абай әнін әуелетіп, көрерменнің көңіл күйін қалықтатты. №23 мектеп оқушылары да би билеп, өлең оқып, кештің шырайын келтірді.
Қарағанды медицина университетінің студенттері ұлы ақынның «Ескендір» поэмасы желісінде сахналық қойылым қойып, Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ, Халықаралық қатынастар факультетінің үнді ұлтынан құралған студенттері Абай өлеңдерін жатқа оқып, «Бойы бұлғаң» әнін шырқады. Тіпті, олар өздерінің ұлттық киімімен «Қаражорға» биін билеп, жұртты таңғалдырды.
– Абай мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл шара медицина ғылымының өнерге де қатысы бар екенін айқындайды. Адам тәні мен жанын емдейтін сала математикамен, әдебиет, философия және музыкамен де тығыз байланысты. Дәрігерлердің де өнерге бір табан жақын екенін көріп отырсыздар. Абайдың 150 жылдық мерейтойын дәл осындай сән-салтанатпен тойлаған болатынбыз, биыл 180 жылдығын да сіздермен бірге атап өтудеміз. Омар Хайям айтқан екен: «Бұл дүниеде өз шәкірттеріңнің ортасында өмір сүруден артық бақыт жоқ» деп. Мен де шәкірттерімнің ортасынан табылғаныма қуаныштымын, – деді ғалым Мақаш Тыныштықбайұлы.
Бірегей дарын иесі, ғалым, академик Мақаш Әлиақпаровтың тек медицина саласына ғана емес, әдебиет пен өнерге қосқан үлесі өлшеусіз.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
«Орталық Қазақстан»