Руханият

«Абай ісінің» сыры

Ісі білмес кісі білер. Абай отарлау кезеңіндегі қазақ ішінде шыққан осы сөздің мәнісін: «Ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалығынан жетерсің» деген сөз деп ұғындырады. Ғалым Абайдың анық сөзін ұға алмаған, ұнатпаған құрбыласы оған қастық қылмақты ойға алады.

Сурет bonart.kz

Жаны аяулы жақсыны жабылып жыға алмасын білген жетесіз жамандар жалған айтып, жан сатып, жалынып кісі жалдайды. Мал болса, құдай тағаланы да паралап алса болады деген жуандар Абайды жолсыз жазаға тартқызбақ мақсатында соғыс губернаторының өзіне қаржы құрығын тастайды.

Қазақ байларының өзінде жоқты малымен сатып алатын әдеті бойынша параға бөккен чиновниктерге арнайы тапсырыс беріп қас санаған адамының үстінен бас кетіп, айдаларлық уголовный іс көрсетіп, өтірік арыз түсіріп адал жанға зорлық қылатын.

Қазақ ішінде белең алған осы бір жаман әдеттің терең тамыр жайғанын Қ.Сәтбаев 1928 жылдың мамырында жұбайы Т.Кошкинаға жазған хатынан табамыз. Қ.Сәтбаев хатында өзінің жалғыз ағасы Ғазиздың істі болып, қамауға алынғанын хабарлай отырып, істің туындауының себебін де ашық көрсетіпті: «Бұл іс – дала түпкірінің өзгешелігі және оның жеке қастарының пара беруімен қолдан жасалған».

Сәтбаевтың хатындағы тапсырыспен қастық қылуға пара беріп үкімет кісісін жалдайтын іс қазақ даласында 1822 жылғы «Сібір қазақтарын басқару туралы» жарлығымен енгізілген колониялдық билік жүйесі тудырған қылмыс еді.

Метрополия басында округтер ашып билікке сұлтандарды тартқанмен, уақыт өте уездерді енгізіп, онда орыс чиновник­терін отырғызып, облыс-облысқа бөлгенде соғыс және азаматтық билікті соғыс губернаторларына тапсырып, бүкіл дала соғыс лагеріне айналды.

Ол туралы Абай «Жиырма бесінші» сөзінде айтады: «Балаларды оқытқанда жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер дарулхарап*, мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек». Абай қолданған «Дарулхарап» – араб сөзі, мағынасы – «соғыс, қауіпті, бүлінген, соғыс майданы».

Абай ғұмырды өзгеден анығырақ сезе білді, сезгенін айта білді, ел жүрегіне жеткізе білді. Абай айтпаған сөз бар ма? «Халық билеген патшалар, уақыты келгенде құлайды, Дәл уақыты жеткенде талайдың гүлі қурайды» деп айтқан да Абай.

Абайдың осынау сөзі 1895 жылдың қарашасында ұлы Әбдірахманның өмірден өткенде оның жұбайы Мағышқа айтқан жұбатуында бар еді. Надан тыңдаушы Семейдің құлағына ақын жұбатуындағы сөздің өңін айналдырып сая­си теріс мән-мағына теліп, жалған айтып, ұлықсыған чиновниктерге Абайдан құтқар бізді деп жалынған.

Абайдың өздеріне «жоба көрмей, жүгенсіз кетпесін» деп қатты сөзбен қайырып қамалағанын қаламаған көңілі кедей құрбыласы оның түзу сөзін тегіс ұқпай үкіметке өсек тасып бақты.

Абайдың «Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік» деген шын сөзін саяси сын, үкіметке ашық қарсылық деп жеткізген.

Ұлық болып, елді жеп малданған, орыс ғылымын балаларына үйреткен жетесіз жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдуды қалап, Абай нұсқаған адал еңбек жолымен жүруге қадам баспайды.
Абай өмірден өткенде Шәкәрім жас­тарға «Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық» деп бекер айтпаған. Абай тап­қан жол – әркімге өз ісін жетік меңгеруге мүмкіндік беретін, қазаққа ел қатарына қосылуға қажетті, коррупциядан түпкілікті құтылатын, ұтымды, тыныш, көпке пайдалы, зарары жоқ, бейбіт жол еді.

Абай тапқан жол – әркімнің адамдық құқығының нақты іске асуын қорғайтын, адамға қызмет қылатын азаматтық қоғамның заңы еді.

Заң, законды бейнебір оларға ғана қас мүліктей тар танитын ұлықсыған орыстар Абайдың шынайы орны бар наразылыққа толы сөзінен қатты қорықты. Қазақ елінің бүкіл ресурсын заңсыз иемденіп кетіп, адамын қанап, жұртын қарумен басып, коррупциямен байыған үкіметке Абай нұсқаған жол ішкі төңкерістерден де, сырт­қы интервенциядан да қауіпті еді.

Өйткені, Абай ұстанған жол империядағы әрбір кәсіп иесінен, байдан, чиновниктен, төреден, соттан, патшадан адал қызметті талап ететін.

Сондықтан да жастарға үлгі бермек жақсыны адал еңбек қыла алмай жүрген жамандар бәрі жабылып елден кетіру, жер аудару жолын ойға алды.

Жақсы бір іргелі іс идеясын естігеннен-ақ есі шығып елірген, ерегіскен, елді жарған қаны бұзық коррупциялық топ ойға алған қасақана қылмыстарын жүзеге асырудың қапысын аңдып тұрды.

Аңдыған ұры-қары алмай қоймайды. 1898 жылдың 18 маусымында арсыз, арам айланы алдын ала ойластырған, ұйым­дасқан қылмыстық топ Мұқыр сайлауында Абайға тұтқиылдан тап беріп, соққыға жығады.

Абайдың қылмыскерлер жауапқа тартылсын деп берген талап-арызы бойынша жүргізілген тергеу ісін Семейдің соғыс губернаторы заңсыз қысқартып тастайды да, қылмыстық тапсырысты орындаушыларды заңды жазадан құтқарып алады.

Абайға құқыққа қарсы қаза келтірмекті қолға алған қылмыстық топтың әлеуметтік құрамы әртүрлі еді. Тапсырыс берушісі һәм ұйымдастырушысы қырдағы, ойдағы қазақ жуандары, оқығандары еді. Тікелей қылмыс әрекетін орындауға болыс, би, старшын, атқамінер, пысықтар тартылды. Аталған екі топтың өкілдері тергеуде Абайға жала жауып, сайлауда бас араздықтан төбелес ашқан өзі деп шыға келді. Бұл – алдын ала ойластырылып қойылған тәсіл-тін. Қылмыстық топтың басшылары тергеу кезінде өтірік, өсек, ғайбатты бекітетін куәлерді де дайындап қойған еді.

Бұл қолбала, қуыршақ куәлерді тергеу сахнасына алып шыққан – облыстық басқарманың басшысы вице-губернатор. Қылмыстық оқиға өткен жерде ояздың қол астындағы аудармашы мен екі стражник те жалған сөзді растайды.

Тергеуші де биліктің айтқанынан шық­пайды. Заңға сәйкес істің басы-қасында болған ояздан жауап алу тиіс еді. Алайда, тергеуші ояздан жауап алмақ түгілі, оны шақырмайды да. Тергеуші Абайды тонады деген айып тағылған бірнеше кісіге қатысты істі прокурорға тапсырады.

Прокурор іс жүргізу ережелерін өрес­кел бұзып, айыптау қорытындысын жасамай, істі облыстық басқармаға олардың пікірін білу және қорытынды жасау үшін жібереді. Облыстық басқарма одан да асыра сілтеп, болысқа қатысты істі 1899 жылдың 13 ақпанында қысқартып тастайды, вице-губернатор прокурорға: «қалғандарына қатысты шешімді өзің қа­былда» дейді. Прокурор басқарманың қаулысымен келіскенін көрсете отырып, айыптау қорытындысын жасамай, 1899 жылдың 24 сәуірінде сотқа істі қысқартуға жатады деп салмақты сотқа аудара салады.

Сот прокурор айтқандай 11 мамырда істі өз ұйғарымымен қысқартып тастайды. Істің қысқартылып тастағаны жайлы қағаз Абайға тек 1900 жылдың 4 қаңтарында қолына тиеді.

Семейдің облыстық сотының ұйғарымымен келіспеген Абайдың Санкт-Петербордағы Сенатқа жолдаған апелляциялық шағымы 1988 жылы архивтен табылып, ғылыми айналымға енгізілген.

Архив дерегіне сай Сенат 1900 жылдың 11 желтоқсанында Абайдың шағымы бойынша ұйғарымды бұзып, 1901 жылдың 3 қаңтарында істі облысқа қайтарады.

Тергеуші губернаторға тәуелді болғаны шындық, негізінде қылмыс Абайға қасақана қаза келтіру үшін жасалған-тын. Абайдың басындағы бөркі, қолындағы сағаты қажет емес-тін. Қылмыскерге Абайдың өмірі керек еді.

Соны сезген азамат Уәйіс Соқин Абайдың үстіне жата қалып, көк долының дойыры мен сойылына өз арқасын тоспаса, қылмыстық топ оны өлтіретін еді.

Сенаттан жеткен шешімді естіген жуандар кісімсінген соғыс губернаторына «бастаған істі аяқта, амалын тап, Абайды жер аудар» деп тапсырыс береді. Жанын жалдаған жандарал Абай бүлікшіл, бұзақы, саяси қауіпті адам деп танып қажетті құжаттарды дайындауға кіріседі.

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button