Бас тақырыпБасты тақырып

Абай халқымен жүздесу: әкім не айтты?

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Абай ауданының халқымен кездесті. Облыс әкімі соңғы жылдары ауданда елеулі өзгерістер орын алғанын атап өтіп,  ауыл шаруашылығының дамуы жайына тоқталды. Оған қоса Абай қаласы еліміздегі ең таза шаһарлардың біріне айналып келе жатқанын тілге тиек етті.

Суреттер облыс әкімдігі сайтынан

Диалог басталар алдында өңір басшысы Абай ескерткішіне гүл шоғын қойып, ұлы ақынның рухына тағзым етті. 

Биыл Қазақстанда данышпан ойшылдың 180 жылдығы кеңінен аталып өтуде.

Жиында әрбір тұрғын өз сауалын қойып, ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды. 

– Қала жылдан жылға көркейіп келеді. Жолдар, шатырлар мен қасбеттер жөнделіп, көшелерде тәртіп орнауда. Бүгінде Абай «Жібек жолы» телеарнасының нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең таза үш қаланың қатарына енді. Бұл – ең алдымен тұрғындардың еңбегінің нәтижесі. Біз осы қарқыннан таймай, белгіленген жоспарларды жүйелі түрде жалғастыруымыз қажет, – деді облыс әкімі. 

Жиында өткен жылы көтерілген бірқатар мәселелер бүгінде шешімін тапқаны мәлім болды. Мәселен, ұзындығы 5,1 шақырым болатын Қызыл бөлімшесіне апаратын кіреберіс жол толықтай жөнделді. Биылдың өзінде бес елді мекенде орташа жол жөндеу жүргізіліп, 42 шақырымнан астам жол қалпына келтірілді.

Кездесуде тұрғындардың ең көп қозғаған мәселесі – кәріз жүйесінің жағдайы болды. Топар ауылында құбырлардың 90 пайызы тозған, апат болса, одан әрі экология да, адамдар да зардап шегуі мүмкін.

– Кәріз мәселесі шешілмейінше, абаттандыру жұмыстарын бастау мүмкін емес екенін түсінеміз. Бірақ біздің де ауылымыз ыңғайлы, әсем әрі қауіпсіз болғанын қалаймыз, – деді Топар тұрғыны.

Өңір басшысы аталған мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл облыс тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Соның нәтижесінде ауыл халқының 100 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Ал келесі жылдан бастап су бұру мәселесіне кірісеміз, – деп жауап берді Ермағанбет Бөлекпаев.

Кездесуде тұрғындар жылумен қамту және жылу есептегіштерді орнату жайын да көтерді.

Сонымен қатар мәдени мұраны сақтау және ауданның шығармашылық әлеуетін дамыту бағытындағы ойлар айтылды.

«Шанс» шаруа қожалығының жетекшісі Игорь Жабяк қалада республикалық айтысты дәстүрлі түрде өткізу бастамасын көтерді. Мұндай іс-шара Абайдың мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған болатын.

Аудан орталығының бір тұрғыны Абай қаласында балалардың әлі күнге бейімделген ғимараттарда жаттығып жүргенін айтып, жабық футбол манежі мен бокс орталығын салу жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл бастаманы облыс әкімі қолдап, мәселені қарастыруды тапсырды.

– Менің ойымша, Абайға футболға арналған жабық манеж қажет. Оның үстіне біздің жоспарымызда Абайда, Шахтинскте, Саранда және Балқашта осындай спорт кешендерін салу бар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Кездесу соңында облыс әкімі көтерілген әрбір мәселенің назардан тыс қалмайтынын айтып, тұрғындарға белсенді азаматтық ұстанымдары үшін ризашылығын білдірді.

Кездесуден кейін өңір басшысы азаматтарды жеке қабылдады.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button