
– Биылғы көктемгі егіс науқанында Абай ауданының диқандары 39952 гектарға дәнді дақылдар тұқымын сеуіп, 5213 гектарға картоп, 760 гектарға көкөніс, 781 гектарға майлы дақылдар , 9101 гектарға жемазық тұқымдарын отырғызған еді, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанар Сұрауханова. – Енді күзгі жиын-терім басталып, оларды шашпай-төкпей, уақытында жинап алуға күш салып жатырмыз.
Кешегі күнге дейін осы дәнді дақылдар егістігінің 26700 гектарының егіні орылып, бастырылып, оның әр гектарынан 8 центнерден өнім алынып, 21300 тонна астық жиналған. Ал жиналған 1890 гектар картоп алқаптарының әр гектары 200 центнерден өнім беріп, 37800 тонна картоп теріліп алыныпты. Көкөніс егістігінде гектарына 300 центнерден өнім түсіп, әзірге 270 гектар жерден 8100 тонна өнім жиналып алынған.
Сонымен бірге алдағы қыстың мал азығына жоспарлы 96,1 мың тоннаның 94 мың тонна шөбі шабылып, 3 мың тонна пішендеме даярланған көрінеді.
Абайлық диқандар осы күзгі жиын-терім жұмыстарын күздің қара суығы мен жауын-шашынына қалдырмай, аяқтағалы отыр.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы