Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы туризм саласын дамытудың нақты бағыттары айтылды. Мемлекет басшысы атап өткен инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіби мамандар даярлау және аймақта туристерді жыл он екі ай үздіксіз қабылдауға қолайлы жағдай қалыптастырудың маңыздылығы сөз болды.

Облыстық Туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының өкілдері, аймақтық Кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қоры, сондай-ақ туризм саласында жұмыс істейтін жергілікті жеке кәсіпкерлік субъектілері және ауданның мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері пікірлерін ортаға салды.

Кездесу барысында мемлекеттік қолдау шаралары, инфрақұрылымды дамыту перспективалары және қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері қаралды. Қысқы және жазғы туристік маусымдарға дайындық, санитарлық талаптардың сақталуы және сервистің сапасын жақсарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Демалыс аймақтарының, қонақ үйлер мен жол бойындағы сервистік нысандардың иелері өзекті сұрақтарын қойып, талқылауға мүмкіндік алды.

Облыстық туризм басқармасының басшысы Жолдауда айқындалған білікті кадрларды даярлау мәселесін тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысы кәсіби мамандардың тапшылығы саланың бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп отырғанын атап өтті. Сондықтан өңірлерде студенттерді оқыту, тәжірибеден өткізу және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлуіміз керек» деді Ирина Любарская.

Кездесуде жергілікті органдар өкілдері бизнесті және мемлекеттік құрылымдарды ашық диалогқа шақырып, маңызды мәселелерді жедел шешуге тырысты. Жиындағы ұсыныстар аймақтағы туризмді одан әрі дамытуға жағдай жасау арқылы Абай ауданының инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталды.
Аяулым СОВЕТ



