Абай ауданында рұқсатсыз қоқыс үйінділері жойылуда
Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Абай ауданында 76 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі жойылды.
Тамыз айының соңында тек Құрма және Жартас ауылдарының өзінен 36 мың текше метрден астам қалдық шығарылды. Қазіргі таңда акцияға жергілікті тұрғындар белсенді түрде қатысуда. Сенбілікке 200-ге жуық адам тартылды. Жұмысқа 24 арнайы техника жұмылдырылып, 56,6 гектар аумақ тазартылды, 58 қоқыс үйіндісі жойылды. Бұған қоса, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 10 контейнер орнатылды, ағаштар мен бұталар отырғызылды. Барлығы 25 рейд өткізілді.
Заңсыз қоқыс орындарын анықтауға «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы қолдау көрсетуде. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде ауданда 26 заңсыз қоқыс орны анықталған. Бүгінде Құлайғыр, Қарабас, Құрма, Жұмабек және Жартас ауылдарындағы тоғыз үйінді жойылды, ал тағы 10 нүктеде тазалау жұмыстары жалғасуда.
– Ғарыштық мониторингтің қорытындысына сәйкес, Абай ауданында 26 заңсыз қоқыс орны анықталды. Алайда бірқатар координаттар бойынша сәйкессіздіктер бар. Мысалы, Южный және Қарабас кенттерінде көрсетілген жеті үйінді іс жүзінде жоқ. Жаңа қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу үшін Абай ауданында заманауи қоқыс полигонының құрылысы жүзеге асырылуда. Оның ашылуы биылғы күзге жоспарланып отыр, – деді Абай ауданының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Азамат Бақтыбай.
Бүгінде «Таза Қазақстан» платформасы арқылы абаттандыруға 128 өтініш түсті.
Аяулым СОВЕТ