Абай ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жаңа кәсіптер ашылды
Абай ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында бірнеше жаңа нысан іске қосылды. Бағдарлама ауыл кәсіпкерлерін қаржыландыру арқылы ауыл экономикасын дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Енді Қойбас ауылының тұрғындары жыл бойы жергілікті жылыжайда өсірілген қияр мен қызанақты сатып ала алады. «Қойбас өнімдері» атты жылыжайдың жалпы ауданы 200 шаршы метрді құрайды. Онда өсетін көкөністерге бір жалдамалы жұмысшы күтім жасайды.
Топар ауылында ерекше қажеттіліктері бар тұрғындар үшін инватакси қызметі іске қосылды. Кәсіпкер бағдарлама аясында арнайы автокөлік сатып алып, арбаға таңылған жандарды тасымалдауға ыңғайлы жағдай жасаған. Бұл жоба пайда табуға емес, әлеуметтік қажеттілікті өтеуге бағытталған.
Абай қаласында да бағдарламаның қолдауымен жаңа наубайхана ашылды. Кәсіпкер Вадим Аничкин бөлінген қаржыға наубайханаға қажетті жабдықтар – пештер, мұздатқыш камералар мен жұмыс үстелдерін сатып алған. Қазір бұл наубайханада күн сайын 1000 нан өнім шығарылады, 4 адам жұмыс істейді.
Сәрепті ауылында ашылған тігін цехында тұрғындарға жеке тапсырыспен киім тігіледі. Бұл да – «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржыландырылған жоба.
Жаманжол ауылындағы сүт фермасы жаңа трактормен толықты. Фермер енді жем-шөп базасын өз күшімен қалыптастырып, жеткізушілерге тәуелді болмайды. Бұл, өз кезегінде, сүт пен ет бағасының шектен тыс өсуінің алдын алады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы тек ауыл шаруашылығын ғана емес, сонымен қатар заманауи кафелер мен дүкендер ашуға, олардың ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік беруде.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА