АбайАймақ

Абай ауданында 905 адам тұрақты жұмысқа орналасты

Осы аптада Абай қаласындағы Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің сп­­орт залында жұмысшы мамандықтарын жарнамалап, насихаттаған үлкен жиын өтіп, оған өңір мектептерінің мыңнан аса оқушысы, жұмыс беруші 15 кәсіпорын мен ұйымның, Абай көпсалалы, Қарағанды жоғары политехникалық, Саран қаласының техникалық және гуманитарлық-техникалық колледждерінің өкілдері ­қатысты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Жиынға қатысушылар әуелі аталған кешен алдында қаз қатар тізілген ауыл шаруашылығы техникаларының жаңа үлгілерімен, жұмыс берушілер мен жоғарыдағы орта арнаулы оқу орындары ұйымдастырған көрмемен танысып, оқушылар өздері таңдаған болашақ мамандықтарына қатыс­ты ақпарат алды.

Жұмысшы мамандықтарын дәріптеген жиынды Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов құттықтау сөзбен ашып:

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2025 жылды өзінің 2024 жылдың 27 желтоқсандағы қаулысымен «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялағаны белгілі. Ол туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады» деп атап өткендей, бүгінгі алқалы жиынның көздеген мақсаты да осы. Сол үшін осында жұмыс берушілер мен орта арнаулы оқу орындарының өкілдері, болашақ мамандық иелері – оқушылар бас қосып отыр, – деді.

Бұдан кейін аудандағы «Шанс» шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты, облыс фермерлері ұйымының төрағасы Игорь Жабяк сөз алып, жұмыс берушілер мен орта арнаулы оқу орындары арасындағы әлеуметтік әріптестікті одан әрі нығайтып, келешекте кәсіптік-техникалық білім алған жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру қажеттігін айтты.

Жоғарыда айтқанымыздай, осы жиынға қатысқан 4 колледж оқушыларға кәсіби бағдар беру мақсатында аспаз, дәнекерлеуші, құрылысшы, автослесарь, агроном, механизатор, ветеринар, электрик, жылу энергетигі, кенші, тігінші, техник-технолог, электр механигі сияқты мамандықтарды ұсынған. Солардың арасынан сөз кезегі тиген Абай көпсалалы колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Тілектес Мұхамеджанов өз колледждерінде оқытылатын жұмысшы мамандықтарына қысқаша тоқталып, жиынға келген оқушыларды осында оқып, білім алуға шақырды.

Жасыратыны жоқ, қазірде елімізде, соның ішінде облысымыз бен осы ауданның өзінде қаншама жұмыс орындары бос тұрғаны анық. Ал, мұндай өткізілетін іс-шаралар сол мәселенің түйінін тарқатып, әлі оң-солын танып үлгермеген жас жеткіншектерге дұрыс бағыт-бағдар сілтеп, алдағы уақытта кәсіби маман болып, өмірде өз орнын табуына көмектесері даусыз. Бұл Абай ауданында осы орайда атқарылып жатқан игілікті шаруаның бір парасы ғана. Мұнда «Жұмысшы мамандықтарының жылында» жоғары сынып оқушыларын аймаққа қажетті мамандықтармен таныстырып, олардың кәсіпорындарға экскурсиясын ұйымдастырып, Ашық есік күндерін өткізу жыл бойы жүргізіліп келеді. Осындай 9 Ашық есік күні мен 9 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу нәтижесінде жыл басынан бері тұрақты жұмысқа орналасқан 905 адамның қатарында колледж бітірген дипломды мамандар да бар. Яғни, ол кезеңдік акция емес, еңбекке құрметті қалыптастыру, жұмысшы кадрлары әлеуетін дамыту және жастарды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыс деуге болады. Мұның бәрі жас буын, өскелең ұрпақтың ертеңге деген сенімін нығайтып, олар үшін жұмысшы мамандықтарының маңызын ұқтырып, соларды таңдауына себепкер болатынына дау жоқ.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Абай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button