Абай ауданын аралағанда…
Абай ауданында осы уақытқа дейін тындырылған да, әлі де атқарылатын шаруалар аз емес. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев осы аптада аталған аймақты аралаған сапарында олардың біразын көріп, танысып, нақты тапсырмалар берді.
Ең бірінші кезекте Ермағанбет Қабдулаұлы Дубовка ауылында болып, ондағы кәріз жүйелерін ауыстырып, жаңғырту ісінің барысына назар аударды. Бұл мәселені оның алдында облыс әкімімен болған кездесулерде ауыл тұрғындары сан мәрте көтерген еді. Енді, оған қажетті қаражат бөлінгеннен кейін ол жұмыстар қолға алынып, қазір мердігер ұйым кестеге сай жоспарланған 30 құбырдың 17 шақырымын төсеп те тастаған.
Ауданда алдағы қысқы жылыту маусымына дайындық қарқыналып, Абай қаласы мен Агрогородок ауылындағы кәріз жүйелері де жаңғыртылуда. Осы қала басындағы сорғы станциясындағы сорғылар ауыстырылып, жөнделіп жатыр екен. Негізі, бұл станция Абай қаласындағы көпқабатты 252 үй мен 17 әлеуметтік-мәдени нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Сол сияқты Абай қаласы, Южный мен Топар кенттерінің магистральдық жылу желілерінің 9 учаскесі жөнделіп, 5,8 шақырым құбыры ауыстырылған.
Ермағанбет Қабдулаұлы Абай аймағының абаттандырылып, жолдарының жақсы жөнделіп жатқанына да көңіл бөліп, әлі де жасайтын жұмыстың жеткілікті екенін ескертті.
Жаз мезгілінде өңір балаларының бос уақытын ұйымдастыру мәселесі де облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Белгілі болғандай, аудан бойынша бұл маусымда барлық спорт нысандары балалар үшін тегін көрінеді. Абай қаласы стадионындағы жүзу бассейнінде жеткіншектерге нұсқаушылар суда жүзуді үйретіп, қауіпсіздігін бақылайды.
Облыс әкімі бұл сапарында аудандағы бірнеше өндіріс орнына да барды. Мәселен, «Волынский» АӨК-де Қазақстанда баламасы жоқ жаңа жоба жұмыс істеуде. Мұнда элеватор жаңартылып, құрама жем зауыты салынуда. Оған орнатуға Түркиядан жеткізілген жаңа қондырғының биіктігі 8 қабатты үйдің мөлшеріндей. Сол үшін кәсіпорынға қосымша инфрақұрылым қажет болады. Зауыт іске қосылғанда, тәулігіне 240 тоннаға дейін құрама жем шығаруды жоспарлап отыр. Яғни, элеватордың қуаты – күніне 300 тонна өнім (220 тонна ұн мен 80 тонна кебек) өндіру. Ол толық қуатына жеткенде, бұл жерде 200-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ.
Аудандағы тағы бір кәсіпорын «Деметра» ЖШС-де жаңа цех салынуда. Бұл серіктестік еліміздің ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының тау-кен-шахталық, конвейерлік, металлургиялық және басқа да жабдықтарын жөндеумен, оларға қызмет көрсетумен айналысады. Оның өндірісін кеңейту резеңке мен пластикті қолдана отырып, метал бұйымдарын өндіре бастауға мүмкіндік береді. Жаңа цехта жабдықтың металл беттерін коррозия мен басқадай зақымданудан қорғау үшін гуммирлеу (резеңкемен қаптау) үдерісі қолданылады. Мұнда тағы да 20 адам жұмысқа орналасады.
Ермағанбет Бөлекпаев аталған компанияның болашағы бар екендігін атап өтіп: – Шағын кәсіпорын болса да, оның әлеуеті зор. Басшылығы дұрыс бағытта қимыл жасап, өндірісті кеңейтуде. Басты міндет – импортты өз тауарларымен алмастыру. Біз ел ішінде көп өнім шығара аламыз және онымен айналысуымыз керек, – деді.
Сондай-ақ, облыс әкіміне дала өрттерін сөндіру техникасы да көрсетілді. Атап айтқанда, биыл ауданның ауылдық округтері «Ермак» мобильді өрт сөндіру кешендерімен қамтамасыз етіліп, осындай 9 қондырғы сатып алыныпты. Сондай-ақ, өрт бағаналары мен жеңді қолғаптар, қапшықты өртсөндіргіштер мен арнайы киімдер де сатып алынып, жеткізілген.
Облыс әкімі бұл сапарында Абай қаласын моноқала тізімінен шығару басты міндет екенін де айтты. Себебі, Саран қаласының тәжірибесі көрсеткендей, өнеркәсіпті әртараптандыру халықтың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына оң әсер етеді. Сондықтан, Абайда да индустриалдық аймақ құру жоспарда бар.
Келесі кезекте Ермағанбет Бөлекпаев Абай қалалық Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесіп, ашық диалог алаңында өрбіген әңгімеде олардың сұрақтарына жауап беріп, өзекті мәселелер ортаға салынды. Соның ішінде коммуналдық мәселелер, абаттандыру жайы да қозғалды.
Мысалы, осы жаз айларында Абай қаласында 62 көпқабатты үйдің қасбеттері жаңартылып, сырланып,15 аула аумағы асфальтталады.
Сондай-ақ, ауданда жолдарды жаңғырту және жүргіншілер жолдарын ретке келтіру жүзеге асырылуда. Тасзаимка ауылына кірме жолды қайта жаңарту аяқталып, Қарабас кенті, Солтүстік Көксу мен Қоянды ауылдарының жолдары жөнделуде.
Елдімекендердің тазалығы үшін жаңа қоқыс контейнерлерінің алаңдары жабдықталып, Абай қаласында тұрмыстық қалдықтарды жинайтын полигон салынбақ.
Кездесуде тұрғындар жылумен жабдықтау, абаттандыру мәселелерін де көтеріп, ойын алаңдарын жаңарту, жарықтандыруды қажет қылатын нақты мекенжайларды атады.
Абай ауданындағы бір проблема медициналық көмектің қолжетімділігі болып тұр. Бейінді мамандардың тапшылығынан жұрт облыс орталығына сабылуға мәжбүр. Мұны естіп, тыңдаған облыс әкімі дәрігерлерді тарту үшін аудандық билікке қызметтік тұрғын үй салу мәселесін шешуді тапсырды.
Сонымен қатар, мұнда жергілікті бюджеттен жаңа медициналық жабдықтар сатып алуға қаражат бөлініп, биыл алты медициналық нысанның құрылысын салу белгіленіп, Сәрепті ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт күрделі жөндеуден өтпек.
– Абайда пәтер кезегінде тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бесқабатты үйдің құрылысы жалғасуда. Ол салынып біткенде, 80 отбасы баспаналы болады. Топар кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын, – деп атап өткен Ермағанбет Бөлекпаев ендігі міндет Абайды моноқала санатынан шығарып, ол үшін инвесторлар тартудың қажеттігін айтты.
Осы тұрғыда ауданның әлеуетін арттыру жоспары әзірленіп, құрылатын жаңа өндірістер 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға жол ашатыны мәлімделді.
Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов өздеріндегі туризм саласының болашағы туралы баяндады. Оның айтуынша, Топар су қоймасының жағалауында төрт демалыс аймағын кеңейту мен қалпына келтіру, соның ішінде, 30 бөлмелі екі қабатты қонақ үй салу жоспарлануда екен.
– Аталған мәселелердің әрқайсысы бойынша тиісті іс-шаралар жоспары әзірленеді, – деген облыс әкімі кездесуге қатысқан аудан тұрғындарына белсенді азаматтық ұстанымы үшін ризалығын білдірді.
Кездесу соңында Ермағанбет Бөлекпаев аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz