Абай аманаты адастырмайды
Қазақ руханиятының темірқазығына айналған хакім Абай – ұлттың танымын биікке көтеріп, жаңа арнаға бұрған рухани көшбасшы. Әр өлеңі, нақылы ғылым мен білімге, кемелдікке, толық адам болуға бастайтын ұлттық бағдарлама іспетті. Бүгінгі Қазақстан осы аманатпен үндестік тауып, алға басып келеді. Абай күні – ұлттың мәдени коды мен болмысындағы маңызды меже. Абайдың шығармасы – ұлттың ішкі әлеуетін оятуға арналған рухани манифест.

«Ғылым – Алланың бір сипаты»
10 тамыз – елімізде Абай күні ретінде 2020 жылдан бастап ресми түрде аталып өтіледі. Бұл күн – ұлттық рухты, ойлау жүйесін, мәдени кодты еске алып, өзімізге, қоғамымызға, келешегімізге үңілу күні.
Қазақтың бірегейлігі, ұлт ретінде іргесін бекіту – Абай шығармашылығының өзегі. Ол қуатты қаламы, озық ойы арқылы ұлттық сана мен мәдениет үшін күресті.
Абайдың «Толық адам» концепциясы – рухани, кәсіби, моральдық кемелдікке шақыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында бұл туралы айрықша атап өткен болатын.
«Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет. Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі, ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз» деген еді.
Абайдың идеялары бүгінгі «Әділетті Қазақстан – Жауапты азамат – Прогрессивті ұлт» ұстанымымен табиғи үндес. Ұлттың болашағы – жеке тұлғаның біліміне, рухани биігіне байланысты екенін дәлелдеген де – Абай.
Абайтанушы ғалым Омар Жәлел ақын мұрасын бүгінгі қоғам тұрғысынан саралап, өткір пікірлерімен елдің көңілінен шығып жүр.
«Абайдың «адам бол» деген сөзін біз дұрыс түсінбеген екенбіз. Ол «адам бол – мал тап» дейді. Біз балаларымызға «адам бол» дейміз, бірақ «мал тап» деп айтпаймыз. Өйткені, кеңес үкіметі «мал деген жаман» деп үйретті. Ал, Абай адам мен малды – яғни рух пен материалды тең ұстауды насихаттаған еді», – дейді ол.
Ғалымның пайымдауынша, Абай еңбектің, адал кәсіптің, білім арқылы табыс табудың маңызын айтып отыр. Ол үшін ғылым – өмір сүрудің, рухани жетілудің, табысқа жетудің жолы.
Демек, бүгінгі қоғамда Абайды ұлықтау – жас ұрпақтың санасына еңбек, әділет, ынсап пен ғылым дәнін егу, қоғамды жалған патриотизмнен арылтып, шынайы адамгершілікке жетелеу, ұлттың келешегін біліммен, ғылыммен, парасатпен өрнектеу. Яғни, мектепте Абай өлеңдерін жаттап қана қою емес, оның идеясын күнделікті өмір салтымызға айналдыру екенін ұққан жөн.
Одан бөлек, хакім шығармалары әр қадамымызда әділеттілік іздеу, кәсіп пен ғылымды қатар ұстау, қоғам алдындағы борышымызды түсіну, жалған намыстан биік толық адам болу сынды міндеттерді жүктейді.
Ұлт келбетін қалыптастырар мұра
Абай – болашаққа сенген. Ол «Толық адам» тұжырымдамасы арқылы рухани, интеллектуалдық, адамгершілік тұрғыда адамның жан-жақты дамуын көздеді.
Хакімнің «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» – деген идеясы қазіргі ел дамуының идеологиялық іргетасы болып отыр. Абайдың шығармалары мен қара сөздері білім беру саласына терең еніп, ұрпақ тәрбиесінің басты тетігіне айналып келе жатқанын да атап өткен жөн.
Абайды тек оқу жеткіліксіз. Оны заманауи форматта таныту, идеяларын бүгінгі ұрпаққа лайықтап ұсыну – уақыт талабы. Осы мақсатта соңғы жылдары Абай мұрасын жүйелі зерттеу бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр.
Атап айтсақ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты – ақын мұрасын жүйелі зерттеуге арналған заманауи орталық. Институт бірнеше жылдан бері 90-нан астам ғылыми еңбек, оқу құралы, мультимедиялық жоба мен деректі бейнебаян жасап шығарды.
«Толық адам» жобасы арқылы Абайдың философиясы жастар арасында кең таралуда. Бұл бүгінгі цифрлы дәуірде цифрлық мәдениеттің маңызын түсіну үшін де ақын шығармаларына үңілу қажеттігін дәлелдеп отыр.
Институт жұмысы гуманитарлық ғылымдарды, мәдениет пен тілді, Абайдың экономикалық көзқарасын қазіргі заман талабына сай қайта интерпретациялауға бағытталған.
Мәдени дипломатияның бренді
Бүгінгі таңда Абай есімі халықаралық аренада мәдени дипломатия мен ұлттық танымның символына айналды. 2020 жылы Президенттің бастамасымен құрылған Абай институты бүгінде қазақ тілін, мәдениетін шетелде насихаттаудың тиімді құралына айналды.
Аталған платформада 2 600-ден астам қолданушы тіркелген, қазақ тілін үйрететін онлайн курстар, анимациялар, видео дәрістер, мәтіндік материалдар кең қолданыс тапты.
Енді 2025 жылы Абай институтының бастамалары аясында Анкара, Стамбұл, Париж, Вена, Омбы, Будапешт, Лос-Анджелес, Ұлан-Батор сынды ғылым-білім дамыған әлемнің алып шаһарларында қазақ тілін офлайн оқыту орталықтары ашылмақ. Бұл – Абай есімін Гете, Сервантес, Конфуций институттары деңгейінде жаһандық дәрежеге жеткізуге бағытталған стратегиялық қадам.
Түйін
Абай – тарихымыздағы дара тұлға болуымен қатар, бүгіннің бағдары, ертеңнің идеясы. Ойшыл интеллектуалды ұлт идеясын алғаш ұсынған қайраткер. Оның философиясында жеке адамның емес, бүкіл қоғамның сапалық өзгерісі жатыр. Ол бізге ғылымға ұмтылу, еңбектену, білім арқылы биіктеу қажеттігін ғасыр бұрын айтып кеткенін ұмытпаған жөн.
Абайдың ең үлкен арманы – халқының білімді, мәдениетті болуы еді. Ол ғылым мен техниканың рөлін жақсы түсінді. Қазір Қазақстанда Абайды жаңаша оқу – ұлттық қажеттілік. Осы тұрғыдан келгенде, Абай күні – ұлттың білім мен ғылымға бет бұруы тиіс күн.
Абай күні – ән шырқап немесе отшашу ататын мейрам емес, керісінше, ойланатын, өз-өзіңе есеп беретін, ұлт болашағын бағдарлайтын рухани дата.
Бұл – кемеңгер тұлғаның: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген өсиетіне құрмет көрсету күні.
Бүгінгі Қазақстан Абайдың аманатын жаңаша түсініп, заманауи тетіктермен жүзеге асыруда. Ғылымсыз ұлт өркендемейді. Абайша айтсақ:
«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан». Абай күні – осындай терең танымның бастау нүктесіне айналуға тиіс.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»