Абай қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында сұрыптау желісі іске қосылып, жұмыс істей бастады.

Қала сыртында салынған бұл полигон 2024 жылы “Ресайклингсервис” фирмасына 5 жылға сенімдік басқаруға беріліп, оның басында әкімшілік-тұрмыстық комбинат, өрт сөндіру резервуары, қалдық төгу аңғары, техника қою блогы салынса, енді сұрыптау желісінің іске қосылғанына көп уақыт бола қойған жоқ.
Жоғарыда аталған фирма аудан ауылдарынан жылына 6 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды өздерінің машиналарымен тасып әкеліп, осындағы аңғарға төгіп, одан әрі олар осы желіден өтіп, сұрыпталады.

– Бұл желі Алматыдан әкеліп, орнатылды, – дейді “Абай ауданының ТКШ және жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің” сектор меңгерушісі Азамат Бақтыбай. – Аудан ауылдарынан жеткізілген қатты тұрмыстық қалдықтар осы желіге тиеліп, оның ішіндегі барабандар арқылы жеке-жеке сұрыпталып, сыртқа шығарылады.

Одан әрі оларды күтіп тұрған 6 адам сұрыпталған шыны және пластик ыдыстарды, қаңылтыр консервілері мен қақпақтарын қаптар мен қораптарға салып, қағаз бен картонды престеп, дайын қылады екен.
Әзірге мұнда сол қалдықтарды өңдейтін зауыттың жоқтығынан олардың бәрі Қарағандыға жөнелтіліп жатыр.
Қатты тұрмыстық полигон салынып, онда сұрыптау желісі іске қосылғалы Абай ауданы аумағы ажарланып, экологиялық жағдайы да жақсара түсті.
Ержан ИМАШ
Абай ауданы



