АймақБалқаш

Ақжолтайлар ардақталды

Балқаш өңірінен жылда Әлем чемпиондары шығып, қала, облыс абыройын асқақтатып жүр. Биыл да саңлақтарымыз топ жарып, толағай табыстарға жетті. Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова жақында Венгрия астанасы Будапештте өткен Әлем чемпионатынан бір алтын, бір қола жүлдемен оралған кикбоксшылар Нұрәли Ғалым мен Гаухар Сайлаубекпен және жаттықтырушыларымен, ата-аналармен кездесіп, спортшыларға қаржылай сертификат табыстады.

Сурет автордан

– Байрақты бәсекелерде Көк Туымызды көкке көтеріп, Әнұранымыздың асқақ шырқалуы мына отырған сіздердің талмай жаттығып, мақсатқа жету жолындағы маңдай терлеріңізбен келеді. Біз сіздерге әкімдік тарапынан да әрдайым қолдау білдіреміз. Біз сіздердің жеңісті жолдарыңызға жол ашамыз және сіздердің жеңіс жолдарын жаңғыртып, қала абыройын асқақтата беретіндеріңізге сенеміз. Еліміздің мерейін асырып, абыройын тасытатын өздеріңізге мұқалмас жігер мен қажымас рух тілеймін. Өздеріңіздей спортшылармен балқаштықтар мақтанамыз, – деді қала әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылыққызы.

Жасөспірімдер арасында алтыннан алқа таққан Нұрәли Ғалым қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Гауһар Сайлаубек те Алғыс хатпен марапатталып, 250 мың теңгелік сертификатқа иелік етті.

Кикбокстан аға жаттықтырушы Дулат Сәметовке және Жомарт Үсенге қала әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, оларға 100 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Спортшылардың ата-аналары да назардан тыс қалған жоқ. Нұрәлидің ата-анасы Қанат Дуанбеков пен Альмира Наурызбекова, Гаухар Сайлаубектің ата-анасы Ерлан Айтбаев пен Мая Данағұловаға қала әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Еске сала кетейік, балқаштық кикбоксшылар Венгрия астанасы Будапештте өткен Әлем чемпионатынан Көк Туымызды желбіретіп қайтқан болатын. 53 мемлекет қатысқан дүбірлі додада 812 спортшы күш сынаған. Жеңіс тұғырына көтерілген жерлесіміз Нұрали Ғалым жасөспірімдер арасында 81 келі салмақта чемпион атанып, ал жастар арасында Гаухар Сайлаубек 48 келі салмақта қола жүлдегер атанған.

Өз тілшімізден.
БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button