Ресми

«Ақ жол» Демпартиясы жаңа Конституция жобасын қолдады

Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясының Орталық кеңсесінде Ұлттық кеңес президиумы мен партияның парламенттік фракциясының бірлескен отырысы өтті. Жиынға партияның барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты.

Суреттер партияның баспасөз қызметінен

Демпартия Ұлттық кеңесінің пленумы қарсаңында өткен отырыста Республика Конституциясының жаңа жобасы талқыланып, Пленумға ұсынылатын ортақ ұстаным қалыптастырылды. Сонымен қатар партияның парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы мен Конституциялық комиссия аясындағы қызметі, сондай-ақ Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың қорытындылары баяндалды.

Жиында парламенттік реформа бойынша e-Gov және e-Otinish платформалары арқылы азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерден 600-ден астам ұсыныс түскені айтылды. Ал конституциялық реформаға қатысты 1600-ден астам ұсыныс Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жанындағы Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына жолданған. «Ақ жол» Демократиялық партиясы аталған жұмыс тобына 50-ден астам ұсыныс енгізген. Конституциялық комиссия жұмысы басталғалы ел аумағынан азаматтар мен ұйымдардан 2000-нан астам өтініш түскені атап өтілді. Осы деректер Конституция жобасы «бір аптада дайындалды» деген пікірлердің негізсіз екенін көрсетеді.

Талқылауға Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Иса, Серік Ерубаев, Олжас Нұралдинов, сондай-ақ өңірлерден онлайн форматта бірқатар мәслихат депутаттары қатысты. Қатысушылар Жаңа Конституция жобасының негізгі тұжырымдамалық шешімдеріне, соның ішінде бір палаталы Парламентке көшу, партиялық тізімдер бойынша сайлау, ұлттық мемлекеттіліктің сабақтастығы сияқты нормаларға қолдау білдірді.

Қазыбек Иса Жаңа Конституцияда ұлттық мүдделер мен құндылықтарға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Оның айтуынша, құжатта егемендікті қорғау, мемлекеттің унитарлық сипаты мен аумақтық тұтастығы, зайырлы мемлекет қағидаты, отбасы мен неке ұғымына қатысты жаңа анықтамалар қамтылған. Сондай-ақ Халық Кеңесін ең жоғары консультативтік орган ретінде бекіту және вице-президент институтын енгізу ұсыныстарының маңыздылығы айтылды.

Сонымен қатар бірқатар ескертулер де білдірілді. Мәслихат депутаты Евгений Кинцель бір құқық бұзушылық үшін екі рет жауапқа тартуға жол бермеу нормасында «тұлғалар» ұғымын нақтылап, оған жеке және заңды тұлғаларды қоса көрсету қажеттігін ұсынды. Бұл ұсыныс кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тұрғысынан маңызды деп бағаланды.

Шыңғыс Риаханов Конституцияда инвестициялық тартымдылық пен бизнес-климатты жақсартуға бағытталған қағидаттарды бекіту қажет екенін айтты. Барлық редакциялық және мазмұндық ұсыныстар Конституциялық комиссия хатшылығына жолданатын болды.

Пікірталас барысында Жаңа Конституцияның преамбуласы тарихи сабақтастық қағидатына негізделетіні атап өтілді. «Ақ жол» Демократиялық партиясы мемлекеттіліктің мыңжылдық тарихын – Алтын Орда мен Қазақ хандығы кезеңдерін қамтитын тұжырымдаманы қолдайтынын тағы да растады.

Сондай-ақ сөз бостандығы, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, дербес деректердің қауіпсіздігі, жеке меншік пен банк құпиясын қорғау мәселелері талқыланды. Ерекше аумақтардың мәртебесіне қатысты нормалар тәуелсіздік пен аумақтық тұтастыққа қатер төндірмейтіні, керісінше инновациялық технологияларды дамытуға мүмкіндік беретіні айтылды.

Отырыс қорытындысында Парламент пен жергілікті мәслихаттардағы «Ақ жол» Демократиялық партиясының депутаттық фракциялары партияның алдағы пленумында Ұлттық кеңеске Жаңа Конституция жобасын қолдауды және референдумға дайындық кезеңінде оны түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуды ұсыну туралы шешім қабылдады.

Басқа материалдар

Back to top button