«Ақ жаулық – аналардың алтын тәжі»
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Кимешек – аналардың алтын тәжі» атты көркем-этнографиялық көрме ашылды. Әйелдер бұл бас киімді балалы болғаннан кейін ғана киіп, әлеуметтік мәртебесі мен жасын білдірген. Қазақ әйелдерінің ақ жаулығы – ғасырлар өтсе де, тектіліктің және ой тазалығының бейнесі болып қалды.

Кимешектің пайда болу тарихы Х-ХІ ғасырларға тән. Ғалымдар Орта Азиядағы әйелдердің бас киімдерінің 16 түрін атап өтеді. Уақыт өте келе, бас киім киелі мағына иеленді. Көрмеге 30-шы жылдардан бастап, мұражай қорында жиналған оннан астам кимешек қойылды. Көрменің ашылуында «Сервис» және технология және сервис колледждерінің студенттері ұлттық киім топтамаларын, ал, балалар мен жасөспірімдер сарайының тәрбиеленушілері концерттік нөмірлерін көрсетті.
– Ең көне кимешектердің кейбірі XIX ғасырдың аяғына жатады. Оларды бізге өңіріміздің тұрғыны сыйға тартты. Олар – Семей губерниясының Тобықты руынан шыққан әжейге тиесілі болған. Бұл кимешектер жас әйелге арналған. Әйел бірінші баласын дүниеге әкелгеннен кейін кимешек киген. Ал, балалар туылғанға дейін ол өзінің ұзатылған кездегі бас киімін – сәукеле киген. Барлық кимешектер ақ түсті болады. Аза тұту кезінде де қазақтар әрқашан ақ бас киім киетін. Ақ түс – қасиетті, бұл ана сүтінің түсі, тазалық. Кимешектер шашты қорғауға, мойын мен иықты жабуға арналған, бірақ, әйелдердің беті әрқашан ашық болатын, – дейді Қарағанды тарихи-өлкетану мұражайының экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Зәуреш Тебаева.
Бас киімдер жас санаттары бойынша бөлінген. Әйел жас қосып, орта жасқа келгенде, барлық зергерлік бұйымдар кимешектен алынып тасталды. Сондай-ақ, безендірілмеген кимешек әйелдің күйеуінен айырылғанын көрсетуі мүмкін. Жесірлер бас киімдеріне зергерлік бұйымдар тақпаған. Жарқын ою-өрнектер мен әшекейлер көрінбеуі үшін кимешекті ішін сыртына айналдырып киген. Әйел немерелі, шөберелі болған кезде кимешекке сәлде таққан. Сәлде неғұрлым жоғары болса, әйелдің жағдайы, оның беделі, мәртебесі соғұрлым жоғары болған.
Көрмеге Орталық Қазақстанға тән кимешектер қойылды. Олар ақ матаның бірнеше бөлігінен тігіліп, артқы жағы кейде еденге дейін созылған.
– Коллекциямыздағы кимешек 1983 жылы біздің мұражайдың жаңа экспозиция үшін арнайы тігін үйінде тігілген. Ол ежелгі кимешектердің сипаттамаларына сәйкес жасалған. Жас әйелге арналған бас киім «қошқар мүйіз» өрнектері бар, сонымен қатар, өсімдік ою-өрнектерімен безендірілген, етегі ұзын. Ұсынылған кимешектердің көпшілігі этнографиялық зерттеулер барысында жинақталған, – дейді Зәуреш Тебаева.
«Кимешек – аналардың алтын тәжі» көркем-этнографиялық көрмесі 14 наурызға дейін жалғасады.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz