Ақжал кентінде Эйфель мұнарасы бар гүлзар ашылды
Шет ауданының Ақжал кентінде тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған жаңа заманауи гүлзар ашылды. “Демалыс аймағы сәулеттік безендірілуімен және көпфункционалды алаңдарымен ерекшеленеді”, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жаңа демалыс орнының аумағында автотұрақ, балалар ойын алаңы, workout аймағы және шағын футбол алаңы салынған. Барлық нысандар заманауи стандарттарға сай жасақталғандықтан тұрғындарға ыңғайлы.
Гүлзардың басты нысаны – Эйфель мұнарасының шағын үлгісі. Бұл Қазақстан аумағындағы төртінші осындай сәулеттік инсталляция. Бұған дейін Эйфель мұнарасының көшірмелері Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Қостанай облысының Аманкелді ауылында орнатылған.
Қазір жаңа гүлзар ауыл тұрғындары үшін серуендеуге, спортпен айналысуға және отбасымен демалуға арналған сүйікті орынға айналды.
– Ауылымызда осындай әдемі әрі жайлы демалыс орнының пайда болғанына қуаныштымыз. Енді отбасымызбен келіп, таза ауада серуендеп, жақсы уақыт өткізуге мүмкіндік бар. Туған ауылымыз күн сайын көркейіп, жаңарып келе жатқаны қуантады. Гүлзардың құрылысына үлес қосқан аудан басшылығына және барлық атсалысқан азаматтарға алғыс білдіреміз, – деді Ақжал кентінің тұрғыны Тұрбек Сартаев.
Бұл абаттандыру жобасы ауылдық елді мекендерде жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мақсатында жүзеге асырылды.
Жамал АКПАРОВА