Жаңалықтар

Ақжайлау аға

Ақын, белгілі қаламгер, журналист Ержан ИМАШ – 65 жаста

Ерекем-Берекем бүгін алпыс бесінші белесіне үлкен беделмен келіп жатыр. Қадірлі қаламгер, шебер шежіреші, арқалы ақын, үздік өлкетанушы әрі ұлағатты ұстаз деп жақсының бойындағы қасиеттерді әрмен қарай жалғай беруге де болады…

Сурет автордан

Ерекем бар жер береке ғой, шіркін! Ақсақалдықтың ауылына әне-міне ат байлағалы тұрған ағамыз Сағи ақын жырлағандай, «Дария кеуде, тау мүсіннің» нағыз өзіне айналғалы тұр, Алла қаласа!

Ержан ағамыздың ақылына жүгіну, айтқанына жүгіру – інілік ізетіміздің бір парасы. Ал, достай сырласып, құрдастай қалжыңдасып алатын сәттер тіпті, аяулы!

Іссапармен ел ішін аралап жүргенімізде жұбымыздың жазылмайтыны содан.

Егер де деймін де, осы ағамызбен қатар туғанда қандыкөйлек достың нағыз өзі болар едік.

…Ерекемнің жазғандарында ертедегі жорналшылардың екпіні бар. Қазақы әңгімелердің қас шебері, өлең өлкесінде де өзіндік өрнек қалыптастырған ағамыздың өкінішке орай, бірде-бір кітабы шықпапты. Атақ-даңқ іздемегені де ірілік емей немене?!

Иә, өзінің қадірлі қалыбымен, сары алтындай сабырымен салтанатты ғұмыр кешіп жүрген Ерекеңнің елге сүйкімі зор!

Соны білеміз, сеземіз!
Болашағыңа алаңдап тұратын шынайы тілеуқор ағаны біздер, аңсап тұратынымызды несіне жасырайық?! Сондай бір сәтте Ерекем секілді азаматтар екі-ақ ауыз сөзімен жаныңды жадырата салады ғой…

Даланың иісі бұрқыраған ақжайлау ағамыздың ғұмырының ең ғажап сәттері енді басталды: ұлын ұяға, қызын қияға қондыратын шуақты кезең, немере сүйіп, шөберенің қолынан су ішер бақытты сәттер де келер күндерден қол бұлғап тұр. Сол үшін де үйдегі тәтемізбен жүз жасап, мың болыңыздар демекпіз!

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button