Әдебиет

Ақжүрек ақынмен кездесу

Поэзия – ақсүйек жанр. Көңілің аппақ, пейілің кең, жүрегің сезімтал, көкірегің ояу, өзің айтқыш болмасаң – жүгін алып жүруің екіталай. Ақын Қайрат АСҚАРДЫҢ өне-бойында осы қасиеттердің барлығы тұнып тұр. Оған Қазақстан Жазушылар одағы мүшесінің «Дауыс» жыр жинағы куә. Қаладағы №86 орта мектептің мәжіліс залында өткен ақынның оқырмандармен кездесу кеші мұны айғақтай түсті. Шараға есімдері жұртқа мәлім ақындар, әншілер, және жалпы өлеңсүйер қауым қатысты.

Мектепте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, «Оқу шаттығы» жобасы аясында құрылған «Жыр-Жалын» поэзия отауы жұмыс істейді. Жетекшісі – Аңсаған Қазиева. Қалалық білім бөлімі жоспары бойынша ұйымдастырылған кештің мақсаты – жергілікті ақын-жазушыларды ардақтау, шығармашылығын насихаттау және жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу, – деді қалалық білім бөлімі әдіскері Гүлназ Бекетқызы.

Шара басында білім ошағында «Туған жер» бағдарламасы негізінде, ашылған «Жыр-Жалын» поэзия залының тұсауы кесілді. Бұл мәртебеге мектеп басшысы Қайрат Кенжеғали мен ақын Серік Ақсұңқарұлы ие болып, ұстаздардың ерен еңбегіне алғыс айтты. Оқушылар залда портреттері ілінген Қарағанды облысы аумағынан түлеп ұшып, елімізге танылған ақын-жазушылармен қысқаша таныстырды.

Қайрат – менің рухани шәкіртім. Баяғыдан көз салып жүрем. Өзіндік беті бар, өлеңі бөлек. Жүріс-тұрысынан поэзия үшін жаратылған жан екендігін байқаймын. Қазақтың талантты ақындарының бірі, – деп ерекше атап өтті Серік Ақсұңқарұлы.

Салтанатты сәттен кейін басталған кездесу кешінің шымылдығы Астанадан келген ұстаз, ғалым Ернат Қашқыновтың құттықтауымен түрілді. «Жыр-Жалын» поэзия отауының мүшелері шайырдың «Ей, ақындар! Ортаңнан жол ашыңдар» атты өлеңіне сахналық көрініс қойды. Қайрат ақынның ролін сомдаған балақай жұртты сүйсінтті. Мектеп оқушылары мың бұрала ұлттық би билеп, ақынды сахнаға жайғастырды. Кеш иесі жайлы көрсетілген бейнетаспа да әсерлі шықты. Ендігі кезекте мектеп оқушылары ақынның жырларын тебірене оқып, жұртты ерекше әсерге бөледі. Арқаның күміскөмей әншілері Ербол Алшынбай мен «Қуаныш-Гүлзар» дуэті ақын сөзіне жазылған лирикалық әндерді сызылта орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Кештің бас кейіпкері Қайрат Асқар өз жырларын жеріне жеткізе оқып, жүректерге поэзия нұрын құйды.

«Алаш анатомиясы» атты өлеңімді Мұхтар Мағауин ұнатып, «Жұлдыз» журналына басты. Өмірдегі ұстазым – Мұхтар Әуезовтен дәріс алған атақты Ләззат Бәйішева. Көп уақытымды босқа өткізіп алдым. Бала тәрбиесі жайлы сұрақ қиындау, өзімді тәрбиелейтін адам керек, деп жұртты ду күлдіріп, ағынан жарылды ақын қойылған сауалға жауап беру сәтінде.

Шараны ұйымдастырушылар шайырға құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Естелікке фотоға түсіп, қолтаңба алды. Ақынның өлеңіне жазылған «Сарыарқа» әні әуелеп, кеш мәресіне жетті.

Дауыс

Сәби туса жаны пәк, ойында арай,
Сыйлайтынын сезбейді ғұмыр қайғы.
Заңдылықты ешқандай мойындамай,
Азаттық деп, шындық деп шырылдайды.

Біз Дауысты жүрекпен түйсінбейміз,
Ал, бейғамдық – адамға талайғы жау.
Шырылдаса нәресте, сүйсінбей біз,
Тыныштықты бұзды деп қараймыз-ау.

Сәби сынды қорғансыз, гүл халыққа,
Күз боп ызғар шашамыз үлкендікпен.
Өмір сосын өтеді бір қалыпты
Тыныштықты бұза алмай жүргендіктен.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button