Спорт

Аңыз клуб жүрген жол

Биыл аты аңызға айналған «Шахтер» футбол клубы мерейлі 65 жылдығымен қатар 2013-2014 маусымында Еуропа Лигасына шыққанына 10 жыл толғанын атап өтпек. «Шахтердің» қазақстандық футбол тарихына енгізген өзгерісі ел аузында. Өйткені, дәл осы қарағандылық «Шахтер» қазақстандық футболды халықаралық деңгейге көтеріп, еурокубоктардың топтық кезеңіне шыққан алғашқы команда еді.

«Шахтер» футбол клубының тарихы кеншілер өлкесінің шежіресімен етене байланысты. Қарағанды қаласы мен облыстағы алғашқы футбол командалары Қарағанды көмір бассейнімен қатар қалыптасты.

Расында, Арқадағы аяқдоп ұжымы әлдеқайда ертерек құрылғанымен, қарағандылық «Шахтер» өзінің ресми жылнамасы мен тарихын шеберлер командасы ретінде 1958 жылдан бері есептеп келеді. Соғысқа дейін клуб «Угольщик» деп аталып, жеңістен бірнеше жыл өткен соң бүгінгі «Шахтер» атауын иемденді.

1957 жылы Қарағандыда «Спартак» (Алматы), «Строитель» (Алматы), «Шахтер» (Қарағанды), «Металлург» (Өскемен), «Динамо» (Ақмола) және «Авангард» (Орал) сынды республиканың үздік алты командасының қатысуымен Қазақстан біріншілігінің ақтық кездесуі өтті. Ол сында «Кеншілер» екі елордалық командаға жол беріп, ІІІ орынға табан тіреген еді. Алғашқы жеңістің дәмі. Таңсық әсер. «Шахтердің» бұл жеңісіне жаттықтырушы Василий Гилев зор еңбек сіңірді. Оны айтпасқа болмас.

1962 жылы «Кеншілер» КСРО чемпионатының ең мықты дивизионында ойнау құқығын жеңіп алды. Алайда, кеңестік футбол билігі бұған тосқауыл қойды. 1970-1973 жылдары «Шахтер» кеңес футболының I лигасында, содан кейін Қазақстан егемендік алғанға дейін II лигада өнер көрсетіп келді.

Ал, 1992 жылдан бастап Қарағанды командасы Тәуелсіз Қазақстан чемпионаттарына қатыса бастады. 1995, 2007 және 2009 жылдары қола медаль алып, олжалы атанады. Ең маңыздысы 2011 жылы команда атап айтарлық жоғары нәтижеге қол жеткізіп, алғаш рет Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. 2009 және 2010 жылдары «Шахтер» ҚР Кубогының финалында бақ сынады. Қоржындағы алтын медальдар «Шахтердің» УЕФА Чемпиондар Лигасына жолдама алуына мол септігін тигізді.

Бірінші ойында «Шахтер» словениялық «Копер» клубымен кездесті. Қос кездесу қорытындысы бойынша (1:1, 2:1) «Шахтер» жеңіске жетіп, команда өз тарихында алғаш рет УЕФА Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңіне өтеді. Екінші кезеңде біздің команда ирландиялық «Сент-Патрикс Атлетик» футбол клубымен жолығып, өз алаңында бірінші кездесуді 2:1 есебімен жеңіп, екінші кездесуде 0:2 есебімен есе жіберді.

2012 жылдың жазында қарағандылықтар құрлықтық турнирдің екінші іріктеу кезеңінде қарсыластарын анықтады. Ол Чехияның чемпион командасы Либерецтен келген «Слован» клубы болып шықты. Бірінші матч сырт алаңда өтті. 17 шілдедегі тартысты бәсекеде «Шахтер» қарсыласынан 1:0 есебімен жеңіліп қалды.

Алғашқы минуттардан бастап қожайын команда қонақтардың қақпасына шабуыл үдете бастады. Десек те, гол тек ойынның 40-минутында пенальти арқылы соғылды.

Ал, кездесудің соңғы минутында «Слован» футболшыларына сәттілік серік болып, «Шахтер» еурокубоктағы жолын тәмамдады. 2012 жылғы 21 қазанда қарағандылықтар маусым аяқталғанға дейінгі турда бірінші орынды еншілеп, чемпион атағын сәтті қорғады.

«Шахтердің» дубльдік құрамы алғаш рет қосалқы құрамдар турнирінде алтын медаль жеңіп алды. Екінші іріктеу матчында «Шахтер» Беларуссиядан келген әйгілі «БАТЭ» клубын 1:0 есебімен жеңіп, елімізге жағымды тосын сый жасады. УЕФА Чемпиондар Лигасының үшінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана-Арена» стадионында «Шахтер» Албания чемпионы, «Скендербеу» клубын 3:0 есебімен ойсырата жеңді.

«Шахтердің» Албания чемпионын жеңуі Қазақстанды УЕФА рейтингінде жоғары сатыға көтерді. Албания астанасы Тиранда «Кемаль Стафа» стадионында өткен матчта біздің футболшылар 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Бірақ, екі кездесу қорытындысы бойынша келесі айналымға өтті. Жеребе тартудан соң Ньон (Швейцария) УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шығу үшін «Шахтердің» қарсыласы Шотландиядан келген «Селтик» (Глазго) титулды клубы болып анықталды. Плей-оффтың алғашқы матчында УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық раундына «Шахтер» «Астана- Арена» стадионында Шотландияның әйгілі «Селтик» клубын 2:0 есебімен жеңді. Глазгодағы қарымта матчта «Шахтер» табанды күресте шотландтарға 0:3 есебімен есе жіберді. Дегенмен «Шахтер» клубы қазақстандық футбол тарихында тұңғыш рет Еуропа Лигасының топтық раундына шықты. Қарағандылықтардың қарсыластары ПАОК (Греция), «АЗ Алкмар» (Голландия) және «Маккаби» Хайфа (Израиль) командалары өнер көрсетті. Барлық матчтар қорытындысы бойынша қарағандылық «Шахтер» L тобының турнирлік кестесінде екі ұпаймен төртінші орынды иеленді.

Осылайша «Шахтер» еурокубоктардың топтық кезеңіне өткен алғашқы қазақстандық клуб болды. 2013 жылдың 10 қарашасында қарағандылық «Шахтер» өз тарихында тұңғыш рет ел Кубогын жеңіп алды. Ақтық сында «Таразды» 1:0 есебімен жеңіп, жаттықтырушы Виктор Кумыковтың шәкірттері УЕФА президенті Мишель Платинидің қолынан естелік медальдар алды.

2014 жылғы маусымда «Шахтер» жарыстың фавориттері қатарына еніп, Қазақстан чемпионатын сәтті бастады. Виктор Кумыковтың шәкірттері УЕФА Еуропа Лигасының іріктеу кезеңдерінде Қазақстан абыройын лайықты деңгейде қорғады. «Шахтердің» алғашқы қарсыласы Армения­дан келген «Ширак» болды. Оны жерлестеріміз көп күш жұмсамай-ақ жеңді. Ал, екінші қарсылас – литвалық «Атлантас» «Шахтердің» өз аренасында өткен матчта ойсырай жеңілді. Үшінші іріктеу кезеңінде «Шахтер» хорватиялық «Хайдукпен» кездесіп ойыннан шығып қалды. Шахтер 2014 жылғы маусымды турнир кестесінің алтыншы орынында аяқтады.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button