Жаңалықтар

Аңыз бен ақиқат

Ақтоғайдың өнері өңдеуді, қырнауды керек етпейтін, «сомородок» сары алтын өнер. Аққуға үн қосқан Әсет, ән мен жырдың шандозы Шашубай, дүлдүл Манарбек пен бұлбұл Күләштан бастау алатын әншілік өнер Ақтоғайдың төлқұжаты іспетті.

Іргесін сонау «Қызыл отаудан» тарланбоз Тұрған көтеріп, керегесін дарабоз Дәртай керген атақ-даңқы Алашқа әйгілі «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің өткені аңызға бергісіз ақиқатқа толы. Дәртай Сәдуақасовтың «Ақтоғай – алтын бесігім» әні ақтоғайлықтардың әнұранына айналғалы қашан?! (Сөзі ардакүрең ақын Абзал Бөкендікі).

Ансамблдің тасы жетпісінші жылдары өрге домалап, атақ-даңқы дүркіреп, республикалық, Одақтық байқаулардың лауреаты атанған. Қазақ радиосының әуе толқынынан Тұрған Түсіпбаев, Ғалия Ақбергенов, Оралтай Сүлейменов, Дәртай Сәдуақасов, Қуат Қожамбаев, Рым Мұстақаева, Төлеу Аяғанова, Дариға Ақатаева, Асылмұрат, Бегендік Ақановтар, Мұқан Сәдібеков, Отай, Галя Сәтеновалар шырқаған әсем әндер, Әшімбек, Сәнеке, Шопыр (Жақсылық), Күлмара, Тілеуқадырлар шерткен күмбірлеген күйлер малшының түңлігін түріп, егіншінің қосын әуезді әуенге бөлеп, ұлы даланы сиқырлы сұлу сазбен тербеген. Осылайша «Тоқырауын толқындары» ансамблінің өнері жайлы аңыз ауыздан ауызға тарап, кең байтақ даланың түкпіртүкпірін шарлап кеткен…

Нұрлан Күлшікенов, Шәмшия Төлеубаева, Айгүл Аманбаева, Рәзия Салықбаева, Жоламан Жакупов, Дәуренбек Әркенов, Қадыр Баймырза, Сұңғат Ақышев, Сәттар Сәрсенқұлов, Дана, Бұлбұл, Берік Мақшонавтар, Сымбат, Ғибрат Қожамбаевтар, Әйгерім Жакупова, Нұржан Әлібеков, Нұрдәулет Жақанбаев, Нұрлан Жұмажанов, Руслан Ақисінов, Талғат Жұмашев, Нұржан Құлымжанов сынды Ақтоғайдың бірін-бірі қайталамайтын талантты әншілері, Әлібек Имашев, Марғұлан Сейсенбеков, Самал Мағауина, Балжан Серікболдар сияқты он саусағынан күй тамған дарынды күйшілері тұрғанда аға буыннан қалған алтын арқаудың үзілмегенін бағамдайсыз.

«Тоқырауын толқындарының» концертіне бара қалсаңыз, бейне бір сахнада сансыз бұлбұл, сансыз сандуғаш сайрап тұрғандай ғажайып күй кешесіз. Аудан, аймақ, ел көлемінде өтетін айтулы шаралардың «Тоқырауын толқындарынсыз» сәні кірмейтін болған десек, бұл аңыз емес ақиқат.

Дәртай Сәдуақасовтан кейін ансамбльдің абыройын асырып, елімізге танымал болуына ықпал еткен дарынды музыкант, белгілі композитор Амантай Жұмашев десек қателеспейміз. Әрбір вокалдық композиция үлкен ізденіспен келетін шығармашылық еңбек екені аян. Осы тұрғыдан келгенде Амантай Жұмашевтің «Тоқырауын толқындарының» қайта түлеуіне сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Әужекең бір сөзінде: «Маған Астананың әртістерінен гөрі өзіміздің ақтоғайлық әншілермен жұмыс жасаған әлдеқайда жеңіл. Біздің ұл-қыздардың дауысын табиғаттың өзі қойып берген» – дегені бар. Тоқырауынның толқынындай дүркін-дүркін ән әлеміне қанат қаққан талантты жастарға қарап, Әужекеңнің айтқанымен келіспеске лажың қалмайды. Сонау Тұрған, Дәртайлардың табанының ізі, қолының таңбасы қалған аты аңызға айналған Ақтоғайдың өнер ордасы әлі талай Алаш аспанын әнге бөлеп, талай өнер додасында топ жарып, «гүл-гүлдей жайнап, бұлбұлдай сайрай» берері хақ.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button