Жаңалықтар

Аңыз балуан, нағыз бапкер

«Сайдың тасындай» деген сөз бар қазақта. Мықтының мықтысына ғана айтылатын теңеу бұл. Тау басынан құлаған тас­тар бір-біріне соғылып, үгітіліп, ұсақталып кетеді. Өзінің салмағы өзіне нәубет әкеледі осы сәтте. Ал, ішіндегі ең мықтысы ғана етектегі сайға сол қалпында түседі. Міне, сайдың тасы дегеніміз – осы. КСРО кезеңінде бұла күші, дара дарынымен ерекшеленген жүздеген балуанның ішінен жарқ етіп көзге түскен сайдың тасындай азаматтың бірі – Жұмабай Жандығұлов. Арқадан шығып, Алашқа танылған балуан бүгінде 60 жасқа толып отыр. Жастығының қайратын бозкілемде ел намысын асқақтату жолына арнаған спортшының есімі көзі қарақты жұртқа таныс. «Елдің азаматы» деп қадірлейді.

Суретті түсірген автор

Жұмабай Жандығұлов 1964 жылы 12 наурызда Ақтоғай ауданында өмірге келген. Спортқа бала кезінен үйір болады. Мектеп қабырғасында жүріп қатардағы ауыл баласы болып футболды да, валейболды да ойнаған. Шаңғыны да тепкен. Тіпті, бокспен де айналысқан. Бірақ, бойындағы күш-қайратты сезінген бозбала балуан болуға белді бекем буыпты. Сол кезеңдерде ауылда спортпен айналыспайтын ер балалар кемде-кем еді ғой. Азуы қайралып келе жатқан бөлтіріктердің арасында дараланған бозбала 1975 жылы Қарағандыдағы спорт мектебінің еркін күрес сыныбына оқуға түскен. Содан бері осы шаһарда. Спорт мектебінің іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызған Бағдаулет Урбисиновтың да көзін көрген екен. Туған күн иесі бозбала шағында шарапатын тигізген жақсы-жайсаңдарды әлі күнге дейін сағынышпен еске алады.

– Лек-легімен чемпиондарды шығарған спорт мектебінің тарихы осы Бағдаулет Урбисиновпен тығыз байланысты. Ғажап адам еді. Өте іскер, адамның көңілін қас-қабағынан ұғатын нағыз азамат болды. Сол кездердегі бапкерлердің де биік тұлғасы әлі көз алдымда. Солардың шарапатын көп көрдім. Өмірдің ақ жолына қарай бағыттады, – дейді Жұмабай балуан.

Біздер КСРО уақытында чемпион болу, спорттық атақ алу – қиынның қиыны болды дегенді естіп жүреміз. Солай болуы да заңды, әрине. Өйткені, мыңдаған үміткердің арасынан үздік болып шығуың керек. Тұғыр биігінен кім көрінгісі келмейді?! Жұмабай Жандығұлов студент кезінде-ақ КСРО Спорт шебері атағын алған. Нақтырақ айтсақ, 1982 жылы.

– Кеңес үкіметі кезінде Спорт шебері атану оңай емес еді. Алғаннан кейін сол атаққа лайық екеніңді дәлелдеуің тиіс. Сол сынның бәрінен өттік, – дейді өз естелігінде Жұмабай балуан.

Жұмабай Жандығұлов Одақ бойынша студенттер арасында бірнеше рет топ жарған. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген кезінде де сарбаздар арасында еркін күрестен талай жүлдені қанжығалаған. Бүкілодақтық бәсекелерде талай мәрте топ жарып, жеңіс тұғырына көтерілді. Ел ішіндегі додалардың барлығында дерлік жеңімпаз болған. Қатарынан екі жыл Орта Азия кубогін иеленген (1984,1985 жыл). Моңғолияда өткен халықаралық турнирде ауыр жарақат алыпты. Содан кейін үлкен спорттан ақырындап жырақтай бастағанын айтады балуан.

– Моңғолиядан келгеннен кейін жұлынымды жарақаттап алдым. Шамамен 25-26 жастамын, қателеспесем. Балуандардың күш-қайраты осы 25 пен 30 жас арасында әбден толығады. Дер шағымда жарақат жолымды байлады да тас­тады. Негізі, өмірде бір жетістікке жету үшін шыдамдылық керек-ақ. Қазіргі спортшыларға сол жетіспейді. Сәтсіздікке ұшыраса болды, қолды сілтеп кететіндер аз емес. Ер жігітке әуелі шыдамдылық қажет, – дейді даңқты спортшы.

Жұмабай Жандығұлов 2004-2008 жылдар аралығында еркін күрестен облыстың аға жаттықтырушысы қызметін атқарған. Өзінің бар білген, түйгенін шәкірттеріне үйреткен. Қазақстанның абыройын аспандатар қырандарды баптаған. Үмітін ақтап, халықаралық ареналарда жасындай жарқыраған шәкірттері де аз емес. Спортқа жүрегінің төрінен орын берген азамат бүгінде қол қусырып отыр­ған жоқ. Ақыл, жөн сұрап келген жас толқынға санасына бекіген өмірлік тәжірибесін, пайымын айтып, шама-шарқы келгенше жол нұсқап жүр екен.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button