Жаңалықтар

Аңыз актрисаны еске алды

Биыл ҚазКСР-нің еңбек сіңірген артисі, қазақ театр өнерінің аңызы Қайныкен Әлімбаеваның 100 жылдығы. Осыған орай, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Әнім мен рөлім – өмірім» деп аталған еске алу кеші өтті. Тағылымды іс-шараға театр өнеріне қызығушылық танытқан студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.

Сурет автордан

Қайныкен Әлімбаева 1926 жылы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. 1944 жылдан филармония әншісі болып еңбек еткен. 1945-1947 жылдары Қарқаралы драма театрында әнші әрі қазақ драма үйірмелерінің жетекшісі болды. 1954-1956 жылдары облыстық филармонияда қызмет атқарып, 1956 жылдан бастап Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасынан зейнетке шыққанға дейін түскен жоқ.

Қазақ театры тарихында өзіндік қолтаңбасы бар. Ол Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасындағы Жібекті, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» драмасындағы Айжанды, М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясындағы Айманды, «Майрадағы» Майраны, «Еңлік-Кебектегі» – Еңлікті, Е.Брусиловскийдің «ЕрТарғын» драмасындағы Дананы, У.Гаджибековтің «Аршын мал-аланда» драмасындағы Гүлшахтраны, Б. Майлиннің «Шұға» драмасындағы Шұғаны, Н.Файзидің «Ғалиябану» драмасындағы Ғалиябануды, Н.Островскийдің «Найзағай» трагедиясындағы Кабаниханы, З.Жакупов пен Ж.Сәрсековтің «Бажалар мен балдыздарында» Рәзияны сомдады. Театр көрерменінің жүрегінде осы бейнелермен де қалды. 1971 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

1957 жылы Мәскеу қаласында өткен студенттер мен жастардың 4-ші Фестиваліне қатысып, сол айтулы сында топты жара оза шығып, бәйге алды. «Бүкілодақтық студенттер мен жастардың 4-ші фестивалінің лауреаты атанып, кеудесіне «Күміс медаль» қадады.

1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиеті күндеріне қатысады. Алматы хор капелласының арнайы шақыруымен барған Қ. Әлімбаева хор капелласымен бірігіп, жеке дауыста Мәскеу көрермендерінің алдында «Қазақ вальсі» мен «Бөбегім» әндерін әуелете шырқады. Сол жолы «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 1962 жылы оған «Республиканың еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атағы берілді.

Театртанушы Марал Нұртөлеуова Қайныкен Әлімбаеваның 100 жылдығы облыстық деңгейде аталып өтілсе дейді.

– Қайныкен Әлімбаева Қарағанды облысына ғана емес, қазаққа ортақ сахна жұлдызы деп білеміз. Ол қазақ театр өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Соңынан ерген жас толқынға өнердегі биік межені нұсқай білді. Сол себепті де, Қайныкен Әлімбаеваның есімі елеусіз қалмауы керек, – деді Марал Нұртөлеуова.

Еске алу кешінде жиналған жұртқа Қайныкен Әлімбаева туралы түсірілген деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар, Сәкен театрының музей меңгерушісі Рауан Әбдуалиева мен театртанушы Марал Нұртөлеуова аңыз актрисаның шығармашылық ғұмыры турасында дәріс оқыды.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button