Аңызға айналған Ақбидай
«Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті. …Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Қазірде небір ықылым заманнан бері қалыптасқан және тереңге тартқан тамыр қуатынан айырылған, жартылай шөлді аймаққа айналып бара жатқан Ақтоғайдың сайын даласына қарап отырып жанарымызға жас толады, көңілді мұң қамайды. Аспанын ғарыш кемелері тілгілеп, жерін протонға толы ракеталар құлап улап, өкпек жел мен тасқын сулары шайып, ежелден бері халқына құтты қоныс болған кең байтақ өлке ХХ ғасырдың аяғында сырқат халге тап болды. Бір кездері мыңғырған малға өріс болған жайылымдар тозып, өзен суы азайып, бұлақтары сарқылып, орман-тоғайы сиреп, жер азды. Түйеден – жампоз, жылқыдан – тұлпар, қойдан – бағлан, ешкіден асыл тұқым өсіріп, емін-еркін күн кешкен елжұрт егемендік алғаннан кейін ертеңіне елеңдей бастады.
Орыс отаршылдығы мен кеңес дәуіріндегі ұзақ уақыт бойы қазақтар тек қана көшіп жүрумен ғұмыр кешкен жабайы, тағы халық болды деген ұлы державалық астамшылық пен шовинизмге негізделген бәтуасыз пікір орын алып келді. Орыстандыру мен христиан дініне кіргізу мақсатында айтылып, ел-жұртты мәңгүрттендіру саясатына негізделген осындай ойлар тұжырымға айналып, оны бас шұлғи қостаумен келдік. Көшпелілік мәдениет мен шаруашылық деген мүлде болмағандай, жер емшегін емген егіншілік дәстүрі жоқтай өткен тарихымызға мұрын шүйіре қарадық. Оның барлығы «қазақ халқы Қазан төңкерісіне дейін сауатсыз, мәдениетсіз, көшіп қана жүрген жартылай жабайы халық еді, революциядан соң орыс халқының арқасында ғана ел болды» деген шовинистік пиғылды ұлт санасына орнықтырудан туғанына назар аударып жатпадық. Біздің ойымызша, орыс тарихшылары мен ғалымдары қазақтардың жартылай отырықшы және көшпелі болып келгенін де осы егіншілікпен шұғылданғанын жоққа шығару арқылы дәлелдегісі келді. Себебі, егін салудағы ғасырлық тәжірибе арқылы дәнді дақылдардың небір асыл тұқымдарын шығаруда Еуропа мен орыстардан озып кеткендігіне қызғанышпен қарай отырып, мақсатты түрде жоққа шығаруға ұмтылды. Оны кеңестік биліктегі партократтар мен шарлатан ғалым Лысенконың жолын қуушы ғалымдарымыз ерекше қостады. Осы бір астамшылық ойдың кесірі әлі де болса бой көрсетіп қалатыны жасырын емес.
Әрі-беріден соң 1820 жылы Орынбордан Бұқараға елшілік мақсатпен сапар шеккен Негридің тобында белді мүше болған империялық бас штабтың капитаны Е.К.Мейендорфтың Сыр сағасындағы тұрғылықты елдің ертеден отырықшы болып, арпа-бидай, тары өсіретінін тамсана жазғаны де елеусіз қалды. Ендеше, сол Сырдың бойынан келген Ақтоғай жұрты өзінің ата-бабадан бері келе жатқан егін салу дәстүрінен аяқ асты қол үзе қалды дегенге кім сенеді?! Тоқырауын арнасында сол дәуірден бері егін салып, су диірмен орнатқан, үйірлеп жылқы, отарлап қой айдаған елдің бүгінгі өкілдері ата кәсіптің қыр-сырына терең үңіле алмай, кеңестік кезеңде күштеп енгізілген «жаңалықтардың» кесірінен дәстүр жалғастығынан қол үзіп қалған жайы бар. Әсіресе, тың көтерудің солақай саясаты бүкіл қазақтың мал және егін шаруашылығына ауыр соққы болып тиді. Ол Қазақстандағы барша дихандар қауымын есеңгіретіп кетті. Жерге деген жатбауыр, жыртқыштық көзқарастың себеп-салдары көп ұзамай-ақ білініп, жергілікті топырақ пен өзен-судың өзіндік ерекшелігіне құрылған дәстүрді тас-талқан етті. Жаппай сыдырта жыртудың салдарынан топырақтың құнарлы қабаттары тозып, бара-бара тозаң болып желге ұшып, рақымсыз қолдан жасалған қу далаға айналды. Бұл бидай мен тарының, күріштің бұрыннан мирас болып келе жатқан жетілген түрлерінің жойылып кетуіне апарып соқты. Соның тауқыметін тартып, зардабын көргендердің қатарында Арқада аңыз болған Ақтоғайдың атақты Ақбидайы да бар.
Қазақ елінің өткен тарихынан мол хабары бар орыс ақыны Сергей Марков осы Ақбидай дәуірлеп тұрғанда-ақ «Егер сіз Ақбидай деп аталатын алып бидай туралы әлдене естісеңіз, әлдебір шаруақор қолдан жасалған кереметпен кездестім деп ойламағайсыз. Бұл Ақбидай Тоқырауын алқабында ежелден өседі. Оның ғаламат жаратылысының өзі сондай. Сіз қалай ойлар едіңіз? Бұл бидайды бойтұмардай әспеттеп, шағын қалталармен бүкіл елді аралап жүріп, бір-біріне көрсетіп жүріп, егер зауқы соқса дәнді жалғыздап жейді» деп өзінің ерекше таң қалғанын жасырмай жазды. Жер шарындағы адамдар пайдаланған мәдени өсімдік атаулының тұқымдық тегін, өсу және таралу жолдарын зерттеген атақты ғалым академик Д.Н.Прянишников өзінің «Мөлтек өсімдіктер» атты еңбегінде де Ақтоғайдың Ақбидайы туралы жазып «Француз бидайының жүз дәні 4, 55 грамм болса, ост-үнді сорты – 3, 8, америкалық тұқым – 3, 2, ал орыс бидайы 2, 25 грамм тартады. Ал, Қоңырат бидайына жататын Ақбидайдың жүз дәні – 6, 2 грамм, Көжебидай – 4, 5 грамм. Ақбидай жетіден 25-ке дейін тармақ шығарып, әр масақта 52-ден 120-ға дейін дән байлап, әр себілген бір пұт тұқымнан орта есеппен 50-60 пұт астық береді. Көжебидай 30-дан 55-ке дейін тармақ шығарып (кейбір түрлері 75-ке дейін бас тартады) әр масақта 30-60-тан дән байлап, бір пұттан орта түсімділік 60-70 пұтқа дейін айналады» деген жоғары баға береді. Осындағы «Көжебидай» дегенді біздің елдің ақсақалдары «Қожабидай» деп атайтын. Басында «Қожабидай» орыс тілінде «Көжебидай» деп жазылып кеткен де, бүкіл ғылыми еңбекте бидайдың бұл түрінің атауы осы үлгіде берілетін болды. Ал енді кейбір түрлері дегенін таратсақ, Ақтоғай дихандары «Ақбидай», «Қожабидай, «Бесбас бидай», «Ақбикеш бидай» деген және қазір ұмытылған басқа да түрлеріне будандастыру арқылы қол жеткізген Басқа да генетик ғалымдар айрықша мән бере жазған Ақтоғайлық бидай түрлерінің атақ-даңқы қазақ даласының түпкір-түкпіріне тарап, қадір-қасиеті алысқа жетті. Қазақ даласын отарлаудың белсенді өкілі, Қарқаралы бекінісі әскерінің жүзбасысы Д.Карбышев 1827 жылы Омбыда Тоқырауын болыстығының тұрғыны Тұрсынов деген диханның қол жеткізген керемет табысын аузының суы құри баяндайды. Көжебидай ұнынан быламық, бөкпен және бауырсақ тағамдары жасалатынын айтады. Сол секілді Қарқаралы уезі қазақтарының тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылықтары туралы жақсы білген және ғылыми жазбалар қалдырған оқымысты офицер М.Красовский 1863 жылы Дадан Тобықты болысының 180 егіншісі 310 пұт бидай еккенін жазады. Сол кездің өзінде Тоқырауын бойында бес диірмен, Қусақ өзенінің сағасында екі, Қарабұлақта екі су диірмен сол аймақтағы егін салатындардың пайдасына жарап тұрғанын атап көрсетеді. Егін салатын сүдігер жерағашпен жыртылып, ірі тоғандардан тартылған кішігірім арықтар арқылы суарылатынын, егін салуда жергілікті жер мен судың өзіндік ерекшеліктерін жақсы білгендіктен де мол өнім алатынын жазады. Өкінішке орай, ол Тоқырауын арнасында өсетін бидай түрлерінің атауларына көңіл аудармаған немесе қажет санамаған.
Ақтоғайдың Ақбидайы туралы енді бір деректер көбінесе отаршылық саясатқа сай ресейлік ұлы державалық менсінбеушіліктен туындап отыратын кемсітушілік пиғылдарда кездеседі. 1882 жылы қазақ даласындағы көптеген уәлаяттарда құрғақшылық болып, егін шықпай қалады. Дала генерал-губернаторлығының басшысы, тарихта аты басыбайлы шаруалар мен орыс казактарын Жетісуға қоныс аудартумен қалған Г.А.Колпаковский егіс алқаптарын зерттеу мен тұқым түрлерін асылдандыру туралы бұйрық шығарып, арнайы жұмыс тобын жасақтауға пәрмен береді. Сол себептен де өнім алуда қиындыққа ұшырамаған Арқаға, оның ішінде Тоқырауын бойына генералдың бас кеңесшісі С.Ловицкий аттанады. Оның осы сапары туралы есептік жазба түрінде келетін баяндамасы бұрынғы Қазақ ССР Орталық архивінде сақталған еді, қазір де бар шығар. Әр парағында менсінбеушілік пен миссионерлік пиғыл аңқып тұратын осы жазбасында біз үшін маңызды мынадай дерек бар:
«Қазақтар (мәтінде – Киргизы. Ж.С.) ежелден астық егумен шұғылданып келеді. Бірақ, кәсіптің бұл түрімен тек егінші-дихан деп аталатын жарлы-жақыбайлар тобы айналысады. Жатақтардың өз жекеменшігінде малы жоқ. Мойынты болысындағы Шу өзенінің оң жақ жағасы, Нұра болысы ның – Нұра (Бұл – Қара Нұра емес, шет ауданындағы Нұра, Талды өзендері. Ж.С.), Темірші болысының – Қусақ, Бақанас болысындағы – Бақанас, Кент болысындағы – Талды, Берікқарадағы – Жарлы, Тоқырауын болыстығындағы Тоқырауын өзендерінің саласында егіншілік әбден тарала дамыған. Аталған барша астықты қойнаулардан жергілікті жағдайлар мен ақ егіс көлемі жағынан Тоқырауын, Талды, Жарлы өзендерінің төңірегі ерекше назар аудартады» деп жазады. Олай болса, Ақтоғайдың Ақбидайы аталған түрлерінің шығуының тарихы тым әріге кететініне дау болмаса керек. Сонда жүз дәні 6,2 грамм болатын Ақбидайдың, 4,5 грамм тартатын Кожабидайдың және Ақбидайдың жетіден 25-ке дейін тармақ шығарып, әр масақта 52-ден 120-ға дейін дән байлап, әр себілген бір пұт тұқымнан орта есеппен 50-60 пұт астық беретіндей дәрежеге жетуі ұзақ жылдар бойы жасалған және еңбекпен келген іс-тәжірибенің жемісі болып шығады.
Ақбидай туралы мағлұматтарды іздестіру кезінде 1892 жылы Омбыда Арқаға келімсек переселендерді орналастыру мен қоныстандыру үшін тұрғылықты жер іздеу мақсатында шұғыл ұйымдастырылған экспедиция жасақталғаны туралы мәлімет кездесті. Қарқаралы уезінен патша шенеуіктері қосылған олар Ақтоғай, Тоқырауын бойына да ат басын бұрды. Осы экспедиция есебінде Тоқырауын өзені бойында Батыр, Көшкін Қазыбай, Орысбай, Шақабай тоғаны аталатын ірі тоғандар мен басқа рулардың меншігіне жататын арықтар бар екенін және Бабахан руының Жайдақ өткелінде тоған бөгейтінін анықтаған. Бұл жергілікті Сарым руынан тарайтын жеке аталар егін салатын жер жағдайын, Тоқырауын секілді өзеннен қырға су шығаруға қолайлы тұсын дәл білген тәжірибеден туатын сұңғыла білгірліктерін танытады.
Экспедиция материалдарында бір ру атын жазуда жаңсақтық кеткен. «Бабахан руының Жайдақ өткелінде» деп отырғаны – «Бөкей хан әулетінен тарайтын Сұлтанғазы сұлтанның ұлы Бабахан төре тоғаны, ол тек экспедиция жазбасында ру атына ауысып көрсетілген. «Батыр тоғаны» деп отырғаны – Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның бабасы. Яғни, туыстары аға сұлтан болып тұрған және мал байлығы жағынан да ешкімнен кем емес Ақтоғай төрелерінің өзі де екі бірдей тоған ұстаған.
Экспедициядағы осындай материалдар А.Қалымбергеновтің «Орысбай тоғаны» атты еңбегіндегі жазған мына пікірін растай түседі. «Өзегі талғанды жалғаған, үміті үзілгенге дем салған тоғандар Балқаш-Қоңырат-Ақтоғай ауданында аз болмаған. Солардың ішінен ең кәрілері – Көшкіндердің Қазыбай, Орысбай, Шақабай тоғандары. Олай деуіміздің себептері жоқ емес. Сарытерек ауылында Орысбай-Тоқабай баласы Саумалдың бейіті тұр. Шамамен – 200 жыл. Арқан бойы жерде балалары Күлтебай, Күзембай, Күлшебайдың күмбездері күмбірлеп тұр. Бәрі Орысбай тоғанының бойына салынған. Күні бүгін суармалы жерлердің белгілері сайрап жатыр».
Енді бір деректерде Русьтан (орыстан) жатақтар егін салуды үйретті деген пікір бар. Онысы – Қарқаралы бекінісі салынуымен байланыстырғаны, ол – тарихта 1824 жыл. Орыс ағайындардың кедей-кепшіктерді отырықшылыққа үйретеміз деген әрекеті бекер емес. Тоқырауын бойында суармалы жерлердің ертеден болғаны айдан анық, орыс ғалымдары да, Ә.Бөкейхан да жоққа шығармайды» деп жазуының тарихи негізі бар екені анық болады.
Дәл осы жерде авторды толықтыра кетуге тура келеді. Орыс переселен мұжықтары егін салатын жерді, тоған қазып, су шығаратын арнаны жергілікті жердің егінші-дихан адамдарынан артық білді дей алмасақ керек. Ендеше, «кімнен кім үйренді?» деген – даулы мәселе. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардан бері егіншілікпен шұғылданып, сол арқылы мол тәжірибе жинаған дихандар жалғыз көкшолақ атын арбаға жегіп ауып келген орыс мұжықтарына үйретпесе, үйренді деуіміз бекер болар. Рас, темір жер өңдеу құралдарын алмасқан шығар, тұқым айырбастаған шығар, насыбай үгуге шылымдық табак алған шығар, бірақ егін салуды олардан үйренген емес деп кесіп айтқан дұрыс. Себебі, орыс переселен-қарашекпендері жергілікті жердің су, ауа, топырақ ерекшеліктері мен табиғи амалдарды сол диқандар қауымынан артық білді дей алмасақ керек. Егін салуда Арқада болатын көктемгі табиғи амалдарды, мысалы «Құралайдың салқыны» өтуіне қарай ойластыруды келімсек орыстар бірден ескере қойды дей алмаймыз.
Сарымның ру басшылары болған ақсақалдар мен билер өз руының қамы үшін «Бәрің бірдей қойшы болсаң, құл боларсың, бірің қалмай тойшы болсаң, жынды боларсың» деген қағиданы берік ұстап, мал мен егін шаруашылығын қатар ұстауды дәстүрге айналдырған. Егіннің ебін білетіндер мен осы саладан таным-біліктік санасы барларды мақсатты түрде жатақ ретінде қалдырған. Жатақ ретінде «жайлауға көшетін малың жоқ» деп тек кедейлерді қалдырған деу ақылға сыймайды. Ел ішінде азын-аулақ мал басын құрауға қабілеті жетпей жүргендер Ақбидайдай жоғары сортты бидай түрін шығаруға өресі жетті дегенге кім сенеді?! Тоған қазып, су шығару мен егін салу секілді істің байыбына бара алмайтындарды қалдырғаннан түк өнбесін білмеді деу мүмкін емес. Олардың малын өздерімен бірге жайлауға әкетіп, баққан. Сарым елі ру басылары «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екенін» ертеден-ақ біліп, егін шаруашылығын мақсатты түрде жүргізуге ден қойған деген қорытындыға келеміз.
Біздің бұл пікірімізді Тоқырауын топырағы мен ондағы егіншілік туралы 1901 жылы шыққан Брокгауз бен Ефронның сөздігіндегі мәліметтер растайды. Ол 1899-1902 жылдары 3 томдық «Брокгауз бен Ефронның кіші энциклопедиялық сөздігі» деген атпен, 1907-1909 жылдары 4 томдық екінші басылымы шықты. «Жаңа энциклопедиялық сөздігі» 1911-1916 жылдары шығарылды, жоспарланған 48 томның 29 томы шықты. Бұл басылымға белгілі Алаш қайраткері Ә.Бөкейханов автор ретінде қатысқан әрі осы энциклопедияда оған арналған арнайы есімнамалық мақала да берілген. Сондықтан да ондағы Ақтоғайдағы жер-су аттары, топырағы мен егіншілігі туралы мақалаларды берген және жазған Ә.Бөкейханов болып шығады. Мұны ерекшелей айтып отырған себебіміз: осы сөздік арқылы Ақтоғайдың топырағының қасиетті атақ-даңқымен шетелдіктер де таныс болған.
Миссионерлік пиғылдағы жазбалар ықпалында қалам тартқан тағы бір орыс саяхатшысының Ақтоғай жері, оның егінші жатақтары туралы пікірі де бар. 1913-1914 жылдар шамасында келген ол да Тоқырауын бойында егіншілік кәсіптің өте дамығаны туралы айта келіп: «Мезгілінде өзен бойынан көше алмай қалған қазақтар бөгелек, оқалақ пен сонадан бірнеше түйе, ондаған жылқы, тіпті, қараусыз қалған екі баласын өлтіріп алғанын Қызыларай тауындағы қорықшыдан естідім. Олар тыныс сезімдеріндегі сұмдық ісіктен кейін тұншығып табан астында өмірем қабады. Жыныс талы мен тоғайынан өзеннің арғы бетіне шыққанша бір қазақтың атынан айырылып қалғанының өзі, ажалдың қалай тез келетінін көрсетеді» деп жазады. Оның қорықшы деп отырғаны – егіннің күзетшісі болуы керек, орманшылық кызмет бола қоймаған. Болған күнде оны орыс ұлты өкілі «орманшы», яғни, «лесник» деп жазары анық. Бұл қорықшы адам, кім де болса, ақылды азамат екен. Әңгімесінде айтқандарына Тоқырауынның шыбын-шіркейін сылтау ете отырып, орыс мұжықтарын әкеліп орналастыратын жер қарап, саяхатшымын деп келген аңдушы орыс жансызын осындай қорқынышты әңгімелер айту арқылы шошытып жібергені деп түсінген жөн шығар. Себебі, атақонысты орыс алуына елдің қай руы болса да қарсы болғанына дәлел жеткілікті. Әйтпесе, «шыбын-шіркейі мол, кез келген уақытта ажал дайын тұратын адам тұрғысыз жер» деп танытқан сол Тоқырауын бойында ата-бабамыз тіршілік етті, ұрпақтары да тұрып жатыр.
Кеңес дәуірінің соңына қарай Ақтоғай бидайларын одақтық генетик, биолог мамандар да дабыл қаға іздеді. Олар сирек ұшырасатын дәнді-дақылдар тұқымын сақтап отыратын қойма мен тіркейтін «Қызыл кітап» жоқтығын тілге тиек ете келіп, солардың қатарында Ақбидайды ерекше атайды. Академик Д.Д.Брежнев «Известия» газетіндегі (1974 жылғы 25 шілде) үлкен өкінішке толы мақаласында: «Қазақ даласында ертеден бері құрғақшылыққа төзімді, түрлі аурулардан қорықпайтын және сортаң жерге өсе беретін бидайдың көне «Ақбидай» тұқымы кең таралып келді. Бұдан тыс ол оңайлықпен төгілмейді, бұл күшті жел тұратын аудандарда аса қажет қасиет. 1972 жылғы экспедиция бұл керемет өсімдікті таба алмай қайтты. «Ақбидай» масағы тек біздің коллекцияда ғана бар» деп күйінеді. Иә, отаршылдық, оның жалғасы болған қызыл империяның тың игеруге байланысты жүргізген осы қастандығы тек Ақтоғайдың ғана емес, бүкіл қазақ халқының егіншілік ата кәсібінің асыл жауһары ретінде бағаланатын Ақбидайдың түбіне жетті.
Тағы қайталап айтайық, Ақбидайды орыс коммунистік билігі мақсатты түрде жойды. Ондағы ойлары – қайткен күнде де, қазақ халқын тарихи тамыры мен салт-дәстүрінен, діні мен ділінен, ана тілінен және атадан балаға мирас болып келген дәстүрлі жетістіктерінен айырып, мәңгүрттендіру, космополитке айналдыру саясаты. Ол Ақтоғайдың атақты Ақбидайының жер бетінен жойылып кетуіне әкелді. Осы жерде «Ақбидай Қазақстанның ірі өзендері бар басқа аймағында неге өспеді, олай болғанда жоғалмайтын ба еді?» деген заңды сұрақ туындайды. «Бесбас және қожабидайды біз де өсіріп, мол өнім алайық» деп талпынбады дей аламыз ба? Талпынған, өсіруге тәжірибе жасап көріп, арнайы келіп үйренген де. Бірақ, ол жақты Ақбидай жерсінбегендіктен де өспеген! Бұл – Тоқырауын топырағы мен суының қасиетті екеніне нақты мысал.
Қазірде осы Ақтоғайдың Ақбидайының дәмін татқан қариялардың саны азайып қалды. Солармен сол туралы сөз қозғасаңыз-ақ болды, көруі нашарлап бара жатқан жанарлары жарқ ете түсіп, бидайдың үлкендігі туралы сөзін дәлелдеу үшін алдарындағы мейіздің бір данасын ұстай алып, «міне, ақ бидайдың тұрқы тура осындай болатын, ал қожабидай оған жетеқабыл еді» деп күрсінеді. Ақбидай туралы жерлес ақынымыз Ж.Қашқынов пен А.Нысаналин арнайы мақалалар жазды. Олар да біздің елге ғана тән бидайдың осы түрінің қадір-қасиетін сипаттай келіп, тұқым боларлық түрлеріне дейін құрып кеткенін үлкен өкінішпен еске салады. А.Нысаналин «Жас Алаш» газетінде «Атақты Ақбидай қайда?» деп бұл бағытта арнайы журналистік зерттеулер де жүргізген. Оны мына жазған пікірі дәлелдейді: «Аудандағы көнекөздері әдетте Ақбидай және басқа да дақыл түрлерінің Тоқырауынның төңірегінде 20 мамырға дейін егіліп бітіп, орақ маусымы 20 тамызда басталып, арадағы 100-110 күн дәннің көктеп, гүлдеп, масақ сарғақ тартып пісіп үлгеретінін жақсы білген. Осы ғасырдың жиырма сыншы жылдары кейбір қолы береген дихандар бір пұттан 89, тіпті, жүз пұтқа дейін өнім алған кездері болған. Ол үшін қызыл судан кейін егістікке бір ай өткенде екінші, тағы он күн өткен соң үшінші су беріліп отырған. Соғыстан соңғы жылдары да шығымды Бесбас бидайдың биіктігі 1,2 метрден асып, масақ ұзындығы 15 сантиметрге жетіп, 20 тармақ салып, 175-200 дән байлаған кездері қазір көзден бұл-бұл ұшты. 1935 жылдың өзінде Ақтоғайдағы ауылшаруашылық көрмесінде бір түпке 44 тармағы бар, әр масағында 90 дән кездесетін Қожабидай, 32 тармақты Ақбидай көрсетілген. Сол шақта көзі тірі С.Бекенбаев (75 жаста), А.Көшекбаев (74 жаста), И. Қойшыбаев (85 жаста) және өзге ауыл ақсақалдары қазақтың егіншілік мәдениеті мен тәжірибесі жөнінде көп мағлұматтар берген еді. 1957 жылға дейін бір жыл ғана Қоңырат ауданында арықпен қамтамасыз етілген 5 мың гектар жер бар еді. Ал, оның үш жарым гектары суармалы болатын. Аңызға айналған атақты бұл бидай түрлері Қазан төңкерісінен бұрын (Қапал, Лепсі, Жаркент т.б.) Есіл өңірі мен (Атбасар, Қараөткел өңірі) және Ертіс бойының суармалы жерінде егіліп, мол-мол өнім беріп келді. Амал не, тың игеру кезінде көлемі шағын егіс алқаптары жойылып кетіп, бұрын құнарлы болған жерлер тозып кетті» деген ой қорытады.
А.Нысаналиннің осы мақала арқылы Ақбидай тағдырына араша-сауға сұраған мәселені ортаға салуы үлкен жанашырлық болды. Ақбидайдың жоғалып кетуін ұлттық трагедияға балаған ол: «Бұл – үлкен күйініш. Бұндай-бұндай жағдайлардың бәріне немқұрайлықпен қарауға бола ма?! Олардың жай-жапсары республиканың осы саласымен айналысып жүрген жандарға беймәлім деуге ауыз бармайды. Ендеше, неге ешкім селт етпейді? Неге дабыл қағылмайды? Сонда атақты Ақбидай, Қожабидай, Бесбас бидай қайда?» деген проблема көтерді. Амал не, Қазақстанға хатшы болып келген Г.Колбиннің кезінде мансабы үшін діріл қаққан партия шенеуіктері де, ауыл шаруашылығы саласы ғалымдары да үн қатқан жоқ.
Қазір бүкіл Ақтоғай жұртының өзегін «шіркін-ай, сол егінші болған кісілер Ақбидайды қалай сақтап қалмады екен» деген үлкен өкініш өртейді. Бәрібір де сол дихан әкелерімізді даттау мүлде артық, замандары аласапыран болып, олар «тың игеруге қарсы болды» деген жалған жала желеуімен ұсталып, сотталып кетуден қорықты. Сталиннің жеке басына табынушылықтың 1937, 1951 жылдардағы зобалаңынан үрейлері мүлде ұшқан елді түсінуге болар. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп Мағжан ақын айтқандай, қазақтың бүкіл даласы түрмеге толған шағында Ақтоғай жұрты алдына бір ғана мақсат-міндет қойды. Ол – қайткен күнде де ұрпақты сақтап қалу. Одан басқасына бас ауыртуға мұршасы болмады. Сондықтан, біздің де ешкімді мансұқтауға құқымыз жоқ. Ертең ұрпақ ауысқанда, олардың да бізге қандай «үкім» шығарарын кім білсін…
Жандос СМАҒҰЛ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.