Таным

Ардагер журналист, қарымды қаламгер Аман Жанғожин – 80 жаста

Иә, Ұлы Абайдың бұл өлең жолдары бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған Арқа журналистикасының абыз ақсақалы, қарымды қаламгер Аман Жанғожинге қарата айтылған сияқты. Себебі өмір және еңбек жолына үңілген адам оның саналы ғұмырының жарты ғасырдан астамын баспасөз саласына арнап, елуден артық кітап шығарып, қаншама атақ-абырой алып, сол еңбегінің далаға кетпегенін аңғарар еді.

Аман ағамыз 1945 жылдың 2 қарашасында Бұқар жырау (бұрынғы Ульянов – автор) ауданындағы Өткелсіз өзенінің жағасына орналасқан Жастілек ауылында колхозшылар отбасында дүниеге келген. Мен де осы өзеннің бойында жатқан іргелес Үлгі ауылында туып-өскендіктен оны жерлес ағам әрі журналистік жолымда бағыт-бағдар беріп, қамқорлық көрсеткен ұстазым санаймын. Осы Жастілектің құрылуының 90 жылдығына жерлестерінің сұрауымен «Ауылым жатыр Өткелсіз алабында» деген кітапша жазғаны перзентінің туған жері алдындағы бір парызын өтегені деуге болады. Онда автор осы жердің тарихы, онда тұрған отбасылар әулеті, одан шыққан елге белгілі тұлғалар туралы сипаттама береді.
Расында да, осы бір аяққа құйған астай ауылдың бесігінде егемен Қазақстанның тұңғыш Тұрмыстық қызмет көрсету министрі Саят Бейсенов, тарих ғылымдарының докторы Дүйсетай Шаймұханов, тарих ғылымдарының кандидаттары Зияда Жанғожин, Рымтай Шаймұханова, техника ғылымдарының кандидаттары Абай Қасымов, Айдархан Мұқтаров, тағы басқа танымал қайраткерлердің тербеліп өсіп, түлеп ұшқанын жастілектіктер мақтаныш тұтады. Негізі, Жанғожиндердің ата қонысы Баянауыл өңірінің Қарсы тау дейтін орында. Бұл араны қалың Қаржас-Жәдігер руының Жаңқа атасынан тарағандар мекендеп, рулас ағайындары Шорман, Сәтбай (академик Қаныш Сәтбаевтың атасы) тұқымдарымен ауылы аралас, қойы қоралас отырған. Өткен жылы Жаңқаның жұрағаты, фермер Қуат Смағұловтың бастауымен бәрі барып, бабаларының күл төккен орнына ескерткіш тасын қойып қайтқан көрінеді.
Кеңес өкіметі орнаған соң колхоз болып ұйымдасқан бұл ауылда еңбек еткен әкесі Жағда жыршы-қиссасы
жан болатын. Ол түрлі жиын-отырыста «Зарқұм», «Сал-сал», «Кербаланың шөлінде» тәрізді ескілікті қисса-дастандарды айтқанда, үлкен-кіші, әсіресе, ауылдың қара сирақ балалары ауыздарын ашып, елітіп тыңдайтын. Ал, бес ұлды өмірге әкеліп, тәрбиелеумен айналысқан анасы Мәшәу небәрі 47 жасында аурудан 1956 жылы қайтыс болғанда, бала Аман жетінші сыныпта ғана оқып жүрген еді. Сондағы аяулы
анасынан айырылған ауыр қайғыдан бордай үгіліп, жер бауырлап жатып жылап, неше күн сабаққа бармаған. Бірақ «Жетім қозы – тасбауыр, түңілер де отығар» дегендей, кейін 1967 жылы бақилық болған әкесі тірі, алдында азамат атанған Зияда, Қаратай, Рамазандай үш ағасы тұрғанда, соңынан ерген інісі Қайролла екеуі  тұрмыстан таршылық көрмей өсіп, сабақтарын да ақсатпады. Қазір өзінен басқа осы төртеуінің де жер қойнында жатқаны өкінішті, әрине.
Соның ішінде оқушы Аман бірнеше мектептің табалдырығын аттаса да, барлық сыныптарды мақтау грамоталарымен бітірумен болады. Ол әуелі туған ауылы Жастілектің бастауыш мектебінде Шолтау Рүстемов, Амантай Сатаев сынды мұғалімдерден әріп үйреніп, хат таныса, 5-сыныпты Зияда ағасы директор болып істейтін Қарағанды қаласының Федоровка аумағындағы №38 орта мектепте (№101 мектеп) жалғап,
6-7-сыныптарда көршілес Жаңақала орталау және аудан орталығындағы орта мектепте оқып, ең соңында Қарағанды қаласының №2 қазақ орта мектебін алтын медальмен аяқтайды.
Осында оқып жүргенінде гуманитарлық және жаратылыстану пәндеріне бірдей қабілетін көрсетіп, сыныптас жерлесі Ғабдул-Бари Мамалиновпен бірге қаладағы Пионерлер үйінде шахмат үйірмесіне қатысып, республикалық спартакиадаларда облыс намысын қорғап, спорт шеберіне кандидат атанған да.
Аман ағамыз сол мектепте өзіне әр пәннен сабақ берген Ш. Искакова, М.Шәріпова, Б.Бекежанов, Қ.Смағұлов, Ш.Тагирова, С.Мұқанова, тағы да басқа ұстаздарын алғыс сезіммен еске алады.
Талапкер жас Қарағанды политехникалық институтының тау-кен факультетіне бірден оқуға түсіп, 1969 жылы оны да үздік тәмамдайды. Аман Жағдаұлының журналистикаға әуестігі осы студенттік жылдары оянып, қалыптасады. Ол  институтта қалдырылып, ғылыми жұмыспен шұғылданудан бөлек жергілікті және республикалық газет-журналдарда шахмат ойыны мен техникалық тақырыптарға мақалалар жариялап тұрды. Әрі қарай әуелдегі әуестігі қызу құштарлыққа ұласып, қайласын қаламға айырбастап кете барды. Бұл 1974 жыл болатын.
Міне, содан бері де 51 жыл өткен екен-ау.

Суреттер «Ortalyq Qazaqstan» газетінің мұрағатынан

Дәл осы жылдан тау-кен маманының жарты ғасырдан асатын журналистік жолы басталып, ол газет ісін тез меңгеріп, жауапты хатшының орынбасары, ауыр индустрия және өнеркәсіп-транспорт бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. Әріптестері Базарбай Мұстафин және Мағауия Сембаевпен бірге 1981 жылы «Алпыс жылдыққа – алпыс репортаж» материалдар циклін даярлағандары үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына ие болды. Коммунистік партия қатарына өтіп, 1982 жылы облыстық партия комитетінің жолдамасымен Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімшесіне оқуға түсіп, оны бітірген соң газетке қайта оралады. «Палуанға оң-терісі бірдей» деген сөз де Аман ағамызға арналғандай. Орысша-қазақша еркін сөйлеп, көсілтіп жаза алатын қасиеті қағас қалмай, ол облыс бойынша бірнеше анықтамалық, энциклопедиялық жинақтардың жарық көруіне үлес қосты. Мәселен, облыстық партия комитетінің тапсырмасымен екі жыл бойы «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясының жұмыс тобы құрамына алынып, оны сапалы даярлап, шығарғаны үшін облыстық атқару комитетінің грамотасымен марапатталып, 2006-2008 жылдары оны жаңа облыстар шегінде екі тілде қайта басып шығаруға қатысты. Облыстың 3 томдық «Боздақтар» зерде кітабын, қос тілде «Қарағанды облысының ұлағатты ұстаздары» (2017 жыл), «Әбілқас Сағынов» энциклопедияларын, 100 томдық «Сарыарқа кітапханасының» екі томын (2015 жыл), Қаздауысты Қазыбек би туралы қостомдықты (2017 жыл) , облыс пен Қарағанды көмір бассейнінің, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тарихы туралы кітап шығаруға белсене атсалысты. Әлеуметтік маңызы бар «Жауынгер қыздар – Боевые подруги» (1995 жыл), «Алғашқы автобан» (2016 жыл) кітаптарын орыс тіліне, ал «Орталық Қазақстандағы геологиялық зерттеулер тарихы» (2019 жыл) кітабы мен жоғары оқу орындары студенттеріне арналған «Кен машиналары мен жабдықтары және өндірістік роботтар» (2001 жыл) оқулық кітабын қазақ тілінде сөйлеткен. Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өмірінің Қарағанды кезеңіне арналған «Зауыттың сол бір өткелі» (2008 жыл) кітабының қосалқы авторы, «Елбасына тұғыр болған Сарыарқа» (2014 жыл) жинағын құрастырушы (қос тілде), жақсы безендірілген «Старт Елбасы» кітабын да орыс тіліне аударған. Айтпақшы, ана бір жылдары Аман ағам екеуіміз марқұм әріптесіміз Тілеуқабыл Байтұрсынның Шаекиндер әулеті жайлы жазған «Тереңге тартқан тамырын» деген кітабын қазақ тілінен орысшаға аударғанымыз да бар.
Орыс халқында «Не место, а человек красит место» дейтін тамаша сөз бар. Сол айтқандай, Алматыдан жоғары партия мектебін бітіріп келген Аман Жанғожинді облыстық партия комитеті 1986 жылы «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы етіп бекітіп, ал 1991 жылы баспасөз секторына нұсқаушылық
қызметке шақырады. Сонан кейін 1991-1997 жылдары облаткомның баспасөз орталығының референті, халық депутаттары облыстық кеңесінің қостілділік бойынша басмаманы, облыстық тіл басқармасы бастығының орынбасары, облыс әкімі орынбасарының кеңесшісі лауазымдарын атқарып, 1997 жылдан
2011 жылға дейін облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары болып, құрметті демалысына шықты. Қай қызметінде болсын Аман Жағдаұлы өзінің байсалды, ешқашан асып-таспайтын,
кішіпейіл мінезінен бір танбай, редакция ұжымы ғана емес, былайғы жұрттың да құрметіне бөленді. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөз тура осындай азаматтар хақында айтылса керек.
Ұлы Абайдың жоғарыда мақаламыздың басында келтірген екі жол өлеңінің жалғасы «Ұстаздық қылған
жалықпас, Үйретуден балаға» еді ғой. Сол айтқандай, өзінің білгені мен тәжірибесін жас буын өкілдеріне үйретуден бір жалықпайды-ау. Ол 2004-2011 жылдары қазіргі Е.Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университетінің журналистика кафедрасында аға оқытушылық қызметті қоса атқарып, зейнетке шыққаннан кейін аз уақыт газетте тілші болып, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының баспасөз хатшысы, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының аудармашы-редакторы, политехникалық колледжде, дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектеп-интернаты мен Ақпараттық технологиялар лицей-интернатында шахматтан оқытушы-бапкер болып істеді. Журналистік және басшылық қызметінде өзінің соңынан қаншама ізбасар шәкірттер тәрбиелеп, әзірлегені тағы бар. Осы күнгі қаламы жүйрік журналистер Төлеубай Ермекбаев, Дәулетқали Асауов, Болатбек Қауысов және осы жолдардың авторы Аман Жағдаұлын ұстазына балайды. Сексеннің сеңгіріне шықса да, Аман ағамызды селкілдеген шалдардың қатарына қосуға болмайды. Өйткені ол өмірбақи ізденуін бір тоқтатпай, сол баяғы сергек қалпында әлі күнге облыстың қоғамдық-саяси өмірінің қайнаған ортасында жүр. Ес білгеннен серік болған қаламын да қолынан тастамаған. Ардагер қозғалысы ұйымының жұмысына белсене араласып, «Орталық Қазақстан» газеті редакциясы жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, Қарағанды қалалық ардагерлер ұйымының жұртшылықпен байланыс жөніндегі қызметіне жетекшілік етсе, енді 2021 жылдан бері Қарағанды облыстық ардагерлер ұйымы облыстық кеңесінің жауапты хатшысы міндетін атқарумен келеді.
Бұл қоғамдық жұмыстарында да бір күн қарап отырмай, Ардагерлер ұйымының 30 жылдығына қалалық кеңестің жұмысы туралы «Қоғамның алтын қоры» және «Ардагерлердің ізгі істері» (2017 жыл), облыстық кеңесте «Қарағанды облыстық ардагерлер ұйымының 35 жылдығына» (2022 жыл) фотоальбомын баспаға
дайындауға қатысты. Онымен қоймай, Қарағанды қаласы ардагер шахматшыларының «Ардагер – 2012»
командасының жетекшісі ретінде облыстың қалалары мен аудандарында шахмат ойынын дамытып, жастар
мен қарттар арасында үзбей насихаттаумен айналысуда. Аудандық шығармашылық топ 2008 жылы дайындаған «Аудан ардақтылары» анықтамалығы мен қарағандылық ғалымдардың 2012 жылы шығарған «Бұқар жырау ауданының тарихы» кітабына автор және рецензент ретінде қолғабыс та берген. Осы ауданның ардақты азаматтары Серік Ағыбаев, Мүгілсім Шибаева, Тілеубек Зейнешевтің кітаптарын да құрастырды. Кейінгі жылдары облыстық газет беттерінде аудан өміріндегі елеулі оқиғалар жайында да бірталай мақалаларын жариялады. Жалпы алғанда, 50-ден астам кітаптар мен кітапшалардың,
облыс баспасөзінің тарихына арналған 30-ға жуық ғылыми мақалалардың авторы және қосалқы авторы болған Аман Жанғожинді жерлестері де қадір тұтып, оған Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы атағын беріп, оның суретін аудандық мұражайдың төріне іліп қойған.  Ұлы Абай айтқан «еңбегің кетпес далаға» деген осы да!

Ержан ИМАШ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button