Ақынын ардақтаған ел озады
М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада айтыскер ақын Айтбай Жұмағұловпен «Арқа айтысының ақбозы» атты кездесу кеші өтті. Іс-шараға айтыс тыңдармандары мен ақынның үзеңгілес достары жиналды.

Кеш Арқа өңіріндегі айтыс мектебінің көрнекті өкілі Айтбай Жұмағұловтың шығармашылығын ұлықтау, кейінгі буынға өнеге етуді мақсат тұтады.
Сөз алған Тілеген Әділов бастаған ақындар мен қаламгерлер Айтбай ақынның азаматтық болмысын, өнердегі қолтаңбасын, айтыс сахнасындағы батыл мінезі мен тапқырлығын тілге тиек етті. Айтыстың ақтаңгері Дидар Қамиев ақынға жырын арнады.
Айтбай Жұмағұлов – айтыс ақыны ғана емес, шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Осы орайда бір топ шәкірті өнер көрсетті. Қазақтың байырғы жыр-дастандарынан үзінді оқыды.
Кеш қонақтары мен ақынның арасында еркін сұхбат өрбіді. Айтбай Жұмағұлов айтыс өнері турасында ой толғады.
– Айтыс – бұл тек суырыпсалма ақындық қана емес, бұл – ұлттың рухы. Қазақ халқы сөз өнерін қастерлеген. Бабалардың ұрпағына өнегесін де осы халық ауыз әдебиетінен табасыз. Айтыста зор тағылым жатыр, – деді Айтбай Жұмағұлов.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



