Ақынның уақыт сыры
Уақыт сырына әркім өзінше үңіледі. Мүмкін «Уақыт сыры» деген сіз бен біздің көзқарас қана шығар?! Ал, ақындар ше? Олардың көзқарасы сан алуан. Мәселен, белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек САЛЫҚОВТЫҢ көзқарасы.
М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада өткен «Уақыт сыры» тақырыбындағы кеш – ақын Кәкімбек Салықов шығармасына ретро-көзқарас. Мақсат – ақын Кәкімбек Салықов шығармасын оқыта отырып, оқушыларды ақынның балалық және жастық шағы, өскен ортасымен таныстыру. Ақындығы мен композиторлығы аясында. Орыс, моңғол және өзбек ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне де аударған ақынның «Дала», «Қырандар», «Гәкку», «Жезкиік», «Еңлікгүл», «Тәттімбет», «Домбыра», «Кенесарының соңғы сөзі» секілді көптеген поэмалары қазақ поэзиясының олжасы. Көптеген сөздері әнге айналып кеткені – оның мәңгіліктің жаршысы екенінен хабар берсе керек. «Жезкиік», «Аққу әні», «Үшарыс», «Бірауыз сөз», «Көкшетау», «Жамбыл ата» сынды туындылары бүгінде халық әніне айналып үлгерді десе болады.
Аталған кешке «Мұрагер» мектеп-интернатының оқушылары мен Қарағанды гуманитарлық колледжінің студенттері қатысты. Мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін оқып, әндерін шырқады. Кеш бойында бейнероликтен ақынның өмірінен үзінділер мен өлеңдері көрсетіліп отырды.
Гүлайым РАШИТҚЫЗЫ,
М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың өлкетану бөлімінің меңгерушісі.