АҚЫНДАР ‒ ҚҰДАЙДЫҢ БАЛАСЫ
«Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдесін иеленген жетісулық Мұхтар Күмісбектің өлеңі
Осыны айтқаннан өзгерсе жақсы ғой:
Адамның ниеті,
Ғаламның санасы.
“Ақындар – әуелден Құдайдың баласы”
Әйтпесе,
даңқыңнан өртеніп кетердей дүние,
Дегбірі қаша ма фәнидің дегелек?
Қағаздың төркіні ‒ жапырақ,
Қаламның нәсілі ‒ көбелек.
Ол рас,
Қалтырап денесі қаймана мергеннің,
Көзінен сор ақты шөңге мен шеңгелдің
Күй болып тілдесті балбалмен жыр ие,
Жүрегі секілді сен жердің.
Жүрегі секілді сен жерді айналдың,
Айналдың уақытты көбелеп.
Әлі де сүйемін!
Әлі де қайранмын!
Қураған рухыма нұр болып себелеп.
Кеткенде даналық бетімен,
Содан соң:
Ұраншыл заманның ұрқынан шошынып,
Уысын жылытқан өлеңнің отымен.
Сен ғана…
Сен ғана болмысы бекзада өлеңнің,
Әулие тарихтың тудырған әуенін,
Сондықтан бөлексің.
Бөлек қой әлемің.
Ал мен…
арылған әдеттен, жаңылған жолынан,
Құлагер кейпіме түс болып жолығам,
Жазуға бата алмай сормаңдай қазақтың
наласын,
Із кескен соңынан.
Артыңнан жүгірген ақкөбік атақты,
Жазармын.
Әйтсе де жазудан не таптым?!
Біздегі салқындау сарыала сағыныш,
Бүрісіп қалғандай бүріндей бұтақтың.
Төгіліп моншағы,
Сөгіліп көбесі,
Сөрені кезіп жүр рухыңның елесі.
Қайта кеп Қасымы ескегін есердей,
Жағада тұр, әне, Әдебиет кемесі!
Мұхтар КҮМІСБЕК.
Талдықорған қаласы.