Бұқар жырау ауданындағы айтыста ақындар қошеметке бөленді
Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйінде “Бұқар мен Доскейдің жалғасымыз” атты республикалық ақындар айтысы мен жыр-терме кеші өтті.

Бұл кешке келген елімізге мәлім оннан аса ақын термешілер осынау думан кешті биылғы Ұлы Абайдың 180 және Доскей ақынның 175, Тәуелсіздік декларациясы қабылдануының 35 және Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының 30 жылдық мерейтойларына арнап, оны айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов тізгіндеп, бастан аяқ жүргізді. Ол айтыскер ақындар мен жыршы-термешілерді сахнаға шақырып, онда Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын оларға ақ жол тілеп, айтыстың жандануының басында тұрған Жүрсін Ерман мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтайға, Астанадан келген ғалымдар Алмас Алматов пен Амандық Көбековке шапан кигізді.



Ендігі кезекте зал толы халық сахнаға құлақ тігіп, ақындар мен жыршылардың өнерін тамашалады. Қайым айтыс үлгісінде өткен сайысқа ақындар бес жұп болып шығып, арасында жыршылар термелерін төгілтіп тұрды. Яғни Бекарыс Шойбеков пен Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров пен Рауан Қайдаров, Шалқарбай Ізбасаров пен Еркебұлан Қайназар, Балғынбек Имаш пен Мейірбек Сұлтанхан, Дидар Қами мен Талғат Мықи сөз қырманын сапырды. Олар Ұлы Абай мен Доскейді, Тәуелсіз еліміз бен Бұқар жырау ауданының жетістіктерін жырға қосып, арасында жарасымды әзіл-қалжыңдарын тұздықтап, жиналған халықты риза қылып, қошеметіне бөленді.



Ал жыршылар Серік Жақсығұлов, Айгүл Елшібай, Фархат Ораз, Әділбек Сарин, Мұқтар Әділов және Қазбек бауырымыз сонау Ер Едіге, Доспамбеттен бастап Бұқар жырауға дейінгі жырларды домбыра, қобызбен кезекпе-кезек аңыратып, тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырды.


Түс әлетінде басталып, қас қарайғанша созылған думанды кештің бәсекесінде ешкім де жеңімпаз болып танылмай, оған қатысқан ақын-жыршылардың бәріне бірдей Бұқар жырау ауданының әкімі тағайындаған 300 мың теңгеден ақша сертификаттары мен Алғыс хаттар беріліп, құрмет көрсетілді.
Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы



