Ақын жыры – жанға дауа
Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Тарих. Тұлға. Тағдыр» жобасы аясында журналист, ақын Базар Мамырдың туғанына 70 жыл толуына орай «Сыр түнеген жанынан жыр түлеген» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Руслан Нұрбай тізгіндеп, ақынның өмірі мен шығармашылығы хақында кеңінен айтып берді.
Жиынға Базар Мамырдың журналист әріптестері, замандастары мен туған-туыстары қатысты. Атап айтсақ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сүйіндік Жанысбай, телевизия-радио саласының ардагерлері Әли Тойжігіт, Раушан Бастемиева, Нұрғайын Әліпбекқызы, Раушан Нұрша, Қырғыз Республикасының Мәдениет қайраткері Әшімхан Жампейісов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы Әлімжан Жақан, ақынның замандасы, зейнеткер ұстаз Ерік Әбішев, Базар Мамырдың жұбайы Рауза Абдуллина, ұлы Мерей Қалиасқар, ағасы Жарқын Қалиасқарұлы және қаламыздың жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында ақынның шығармашылығы және еңбек жолы туралы тағылымды жарқын естеліктер мен жылы лебіздер айтылды. Қонақтар жастардың сұрағына жауап берді.
Базар Қалиасқарұлының шығармашылығы бойынша бейнежазба көрсетілді, студенттер Б.Мамырдың «Саңылаудан түскен сәуле» жинағынан бірнеше өлеңін жатқа оқыды.
Ақынның жары Рауза Абдуллина, ұлы Мерей Қалиасқар да ақын жөнінде тың деректерін ортаға салып, жылы естеліктерімен бөлісті.
Жыр жүйрігі Жұмекен Нәжімеденовтен бата алған Базар Мамыр – қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасымен келген талантты ақын. Қарағанды радиосында жемісті еңбек етіп, көптеген тағылымды бағдарлама жасаған қайраткер тұлға.
Қонақтар әзіл араластыра отырып, ақынның жарқын сәттерін еске алды. Оның шығармалары қойылған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Күйбең тірлік қажытып жүргенде өмірден ерте өтсе де, жырының базары тарқамаған Базар ақынның қуатты жыры жанға дауа болғандай.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz