Ақын жүрегіндегі Қарағанды
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» деп аталатын ауқымды жобасы бар. Жобаның мәні мен ерекшелігі мынада: ақын басқа өңірдің тарихын, табиғатын, тұлғаларын және басқа да кереметтерін жырлайды. Осы жоба аясында былтыр Қарағандыға павлодарлық белгілі ақын Еламан Қабділәшім келген еді. Ақынның кенді өлкенің қадір-қасиетін айшықтаған өлеңдері топтастырылған «Болмысымның бояуы» атты кітабы жарық көрді.

Кітап «Қарағанды», «Қасым үйінде ой кешу… ішіме үңілу», «Жазу үстелі», «Жайықтың кітапханасында», «Серік Ақсұңқарұлымен кітап дүкеніне баруым туралы» атты өлеңдерімен басталады. Қарағандының бояуын айшықтаған өлеңдері шынайы сезіммен, әсіресе сағынышпен өрілген. Еламан Қабділәшім – Қарағандыны сағынатын ақын. Өйткені, осы шаһарда студенттік өмірінің, жастық шағының бір кезеңі өткен. Ақын кеншілер шаһарын:
Қарағанды – өрісім,
Өлеңімен от өрген.
Баспалдақсың мен үшін,
Шырқау шыңға көтерген, – деп қадір тұтады. Расында, Еламан Қабділәшімнің шығармашылық сапары Қарағандыдан басталды десек те болады. Содан кейін Алматыдағы әдеби ортаға барып, қаламының қарымын көрсете білген, өз толқынына ақын екенін дәлелдеген. Бүгінде есімі шынайы поэзияны қадірлейтін талғампаз оқырманға етене таныс.
Қарағанды – талайым,
Мәртебелі бақ маған.
Жер бетінің арайын
Жер астында сақтаған.
Тұрар берік ұстап кім,
Биігінде ар жүгін?!
Өмір жолға ұқсаттым,
Бұқар жырау даңғылын, – деп тебіренеді ақын әріқарай.
«Сапарбастау» деген өлеңінде:
Қарсы алдымнан жанған
шырақ,
Ізгілікке жол салады.
Өзімді іздеп табу – мұрат,
Қандай сапар болса-дағы, – дейді. Шығармашылық жолының баспалдағы болған Қарағандыға Еламан ақын өзін іздеп келгені анық. Өйткені, сол шақтардағы естеліктерде өрекпіген жүректің жалыны болады.
Қарағанды – ақын болмысының бояуы. «Болмысымның бояуы» кітабы олблыстың кітапханаларына жетті.
Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»



