Ақын Жәлел Қуандықұлының «Алма гүлінің иісі» атты поэзия кітабы оқырманға жол тартты
Бүгін Арқаның алтын сандығы атанған «Saryarqa» телеарнасының таңғы бағдарламасында ақын, әріптесіміз Жәлел Шалқардың «Алма гүлінің иісі» атты поэзия кітабының тұсауы кесілді. Тікелей эфирде тұсауы кесілген жаңа кітап поэзия сүйетін оқырманның олжасына айналары анық.

Көрермендеріне көркем шуақ сыйлайтын «Сәлем Қарағанды!» таңғы бағдарламасында сыршыл ақын кітабының тұсауын рухани ағалары белгілі публицист, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек пен ақын Руслан Нұрбай кесіп, жинақтың оқырманның қолында тозуына тілек білдірді. Қаламгер ағалары ақынның азаматтық болмысы, шығармашылық қуаты жөнінде тоқталды.

– Тәуелсіздікпен бірге Өзбекстан, Қытай, Моңғолиядан келген қандастармен қоса қаймағы бұзылмаған қазақтың поэзиясы, әні, күйі, өнері көшіп келді. Сол көшпен Шығыстың мөп-мөлдір сарынын алып, Қарақалпақ елінен ақын Жәлел Қуандықұлы да келген болатын. Қарақалпақ жері мен Кенимех өңірі – Төлеген, Өмірзақ, Есенғали сынды дүлдүлдерді туғызған киелі мекен. Арқа топырағы Жәлелді құшақ жая қарсы алды. «Бота», «Жыр-Жауһар» орталықтарында жүріп шыңдалды. «Құмдауыттан» кейінгі «Алма гүлінің иісі» бұрқырай берсін! – деді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Руслан Нұрбай.

Бағдарлама ұжымы ақынға тосынсый жасап, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Жарас Сәрсек пен Қарақалпақстан автономиясы, Беруни ауданы, Алғабас ауылындағы №44 қазақ орта мектебінде ақынға сабақ беріп, сынып жетекшісі болған белгілі педагог Гүлстан Әмірованың бейнеқұттықтауы көрсетілді.
– Алдымен, оқырман қауымға жаңа кітап құтты болсын! Жәлел бауырды өзінен бұрын өлеңдері арқылы таныдым. Сыртынан тілеулес болып жүрдім. Бірде сапарлас болып, ақынға жат мүлдем басқа салада еңбек етіп жүргенін естіп, қарашаңырақ «Орталық Қазақстан» газетіне жұмысқа алып келдік. Сыршыл сағынышқа толы, мөлдір өлеңдерін жақсы көреміз. Жәлелді Арқаға алып келген Тәуелсіздікке мың алғыс. Қандастар қазақ өнеріне тың серпіліс алып келді. Әйтпесе, алма өспейтін Арқада «Алма гүлінің иісі» деген өлең жазыла ма? Құрылысқа құм таппай жүргенде Жәлел «Құмдауытты» жазып жатты. Қарағандыда қандастармен келген үлкен қасиет бар. Серік Ақсұңқарұлы ағасының үмітін ақтаған қуатты толқынның ішінде Жәлел де бар. Мол шығармашылық табыс тілеймін. Өлең өлмесін, талай дүниелер күтеміз! – деді «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Кәрібайұлы.

Бағдарлама соңына қарай күтпеген жерден анасының орнындағы жанашыр жеңгелері Эльнура Бекмаханова мен Гүлстан Жасыбаева эфирге кіріп келіп, шашу шашып, ақынның иығына шапан жапты. Жеңгелері ақынды «Ақжігіт», «Кіші бала» деп еркелететіндерін, әулет болып үміт артатындарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.
Сондай-ақ, ақынның сөзіне жазылған композитор Наурызбай Бейсекеевтің «Хабарлама» әнін әнші, актер Айдос Нұрмағамбетов орындады. Ақын Жәлел Қуандықұлы мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген су жаңа кітабынан өлеңдер оқып, телеэкран алдындағы көрермендерге жырдан шашу шатты.

Мерейі өсіп, мейманасы тасыған ақын Жәлел Шалқар үнемі шығармашылығына қолдау көрсетіп жүретін «Saryarqa» телеарнасының ұжымына, бағдарлама редакторы Айдана Бегқалиқызына алғаусыз алғысын білдіріп, жаңа жинағын қолтаңбасымен тарту етті.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



