Ақын, өттің өмірден, кім сенеді?
Ақын, өттің өмірден, кім сенеді?
Қайғы құшып қауымың теңселеді,
Жерге тәнің енгенде, жаның ұшар,
Қазағымның бақұл бол, еңселі Ері.
Өнер – айдын, жүрдің бе шарлап дәйім,
Бұйырды ма бақ шіркін бармақтайын?
Домбыра мен қаламды қиды дағы,
Жерге түсті қолдарың талғандайын.
Ақын – тағдыр!
Маңайың ерсі етпесін,
Ақын болмыс өз өзін көрсеткесін.
Сөздің жүгін арқаңа таңып беріп,
Өміріңді өзіңе өлшеткесін.
Қалай енді «ақынмын» демес едің?
Мойыныңда қалмаса берешегің…
Құнын ұғып жалғанның кеттің білем,
Аллаға да ақынша бер есебін.
Елеңдедің жегендей елік етін,
Мақтау сөзге Сен болмай семіретін.
Ақынға тән кіршіксіз ақ көңілің,
Үстіңдегі жейдеңнен көрінетін.
Сақтау керек бауыр да, аға да атын,
Ұққан болса Абайдың аманатын.
Кері баспай бір қадам, сырбазым -ай,
Бір нүктеге жанарың қадалатын.
Сезген болдым жақыннан өлімді енді,
Сені құшып, өзінің төрін берді.
Тұрсын Жұмаш қырыққа жетпегенде,
Шынар болып ол бізге көрінгенді.
Биік еді, жақсылар, биік еді,
Адамзаттық ісіне сүйінеді.
Мартбек ағам қырықтан енді асқанда,
Бар қызығын көретін қиып еді.
Жайсаңдардың қайғы ғой қиылғаны,
Өзі жоқта жаныма бұйым ба әні?!
Сейіл аға сағым боп кете барды,
Елу екі жас болды бұйырғаны.
Қыс мезгілі, мөлдіреп ақ түн айы,
Көз алдымда бір жастық шақ құлайды.
Қасиетті қағазда сөзің қалды,
Қара өлеңнің қош енді, Сәттібайы.
Салтанат СМАҒҰЛТЕГІ.