Теміртау қаласының Орталық кітапханасында «Мой край и я» және «Кітап drive» жобалары аясында теміртаулық ақын Қасым Ботанов Ертайұлын еске алуға арналған «Ақынның рухымен сырласу» атты тағылымды әдеби кеш өтті. Рухани мазмұнға толы бұл басқосу ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын ұлықтап, оның өлеңдері арқылы көрерменді терең ой мен сырлы сезімге жетеледі.

Теміртау қаласының Орталық кітапханасында «Мой край и я» және «Кітап drive» жобалары аясында теміртаулық ақын Қасым Ботанов Ертайұлын еске алуға арналған «Ақынның рухымен сырласу» атты тағылымды әдеби кеш өтті. Кеш шымылдығы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнешолумен ашылды. Бейнежазба арқылы көрермендер Қасым Ботановтың өнегелі өмір жолымен, ақындық болмысымен және қазақ әдебиетінде қалдырған ізді еңбектерімен жақынырақ танысты. Оның өлеңдеріндегі туған жерге деген сүйіспеншілік, адамгершілік пен өмірге деген іңкәрлік кешке жиналған қауымға ерекше әсер қалдырды.

Іс-шара барысында ақынмен замандас болған Бірлікбай Кемалұлы, қаламгерлер Советгүл Алтайбайқызы, Руза Алдашқызы, Татьяна Ромашихина-Кравцова және «Магнитка» ардагерлер вокалдық ансамблінің жетекшісі Құралай Жүнісқызы сөз алып, ақын жайлы жылы естеліктерімен бөлісті. Олар Қасым Ботановтың шығармашылық болмысы, азаматтық келбеті және әдебиетке деген адалдығы туралы әсерлі әңгімелер айтып, оның қаламгерлік жолының маңызын ерекше атап өтті.
Кештің мазмұнын қаланың жас ақындары да байыта түсті. Жас буын өкілдері — Аманжол Сермаханұлы мен Қойшыбай Райымбек ақын рухына арнаған жүрекжарды жырларын оқыды. Бұл көрініс ұрпақтар сабақтастығын айқындап, ақын мұрасының кейінгі буынға рухани дем беріп келе жатқанын аңғартты.
Әдеби кештің көркемдік шарықтау шегі Айгүл Абдыманапқызының орындауындағы ақынның «Мен сені сүйем өмір» әні болды. Жүрекке жылы тиетін әсем әуен мен мазмұнды сөздер кеш қонақтарына ерекше әсер сыйлап, рухани атмосфераны одан әрі тереңдете түсті.
Тағылымды кеш ақын мұрасын қастерлеуге, оның шығармашылығын кеңінен насихаттауға бағытталған мазмұнды рухани кездесу болды. Осындай басқосулар арқылы Қасым Ботановтың рухани мұрасы жаңғырып, әдебиет сүйер қауымның жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.
Ержан ИМАШ
Теміртау қаласы



