АймақБұқар жырау

Ақын көшесінде

Ұлы Абайдың биылғы 180 жылдық мерейтойына орай Бұқар жырау ауданы Ботақара кентіндегі ақын атындағы көшеде ақын­ның ескерткіш тақтасы ашылды.

Суретті түсірген Жанұзақ Макишев

Осы ескерткіш тақтаның авторы – аудандық мәслихаттың депутаты, осындағы Руханият ҚББО – ЮНЕСКО клубының ұстазы Амантай Ақышев. Ұлттық өнер мен тарихты темірқазығына айналдырып, мүсіншілікті жанына серік еткен ол өзі қолға алған «Он бір бағыттағы он бір қадам» жобасы аясында осынау көрнекті дүниені Қордайдың сұр гранитінен қашап жасап, тастың бетіне Абай бейнесін бәдіздеп, оның сыртына кемеңгер, ойшыл тұлғаның «Қайрат, ақыл, жүректі бірдей ұста» деген ұлағатты сөздерін жазып қойған.

Қазірде 41 отбасы тұрып жатқан Абай көшесінің тұрғындары үшін бұл үлкен сый болып, олар да аянып қалмай, мереке құрметіне киіз үйін тігіп, палауы мен бауырсағын пісіріп, асын қамдап, келген жұртшылықты құшақ жая қарсы алды.

Ұлы ақын атындағы көшенің басында орнатылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу сәтінде Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әли мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төкен Арбабаев құттықтау сөз сөйлеп, Адамзаттың Абайының Алашының жүрегінен мәңгі өшпей, ғасырлардан-ғасырларға жалғаса беретінін айтса, осы көшенің байырғы тұрғыны, еңбек ардагері Карима Бисмилдина да осы игі іске көршілері атынан алғысын білдіріп, шашу шашты. Ал, ауыл молдасы Сұлтанғали Бектасұлы Абай аруағына дұға бағыштады.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та Абай мұрасына ерекше баға беріп: «Абай Құнанбайұлы – ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүние­танымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды», – деп атап өткен болатын.

Бұдан кейін көше қуанышына ортақтасқан қалың көпшілік аудандық орталық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған ашық көрмені тамашалап, онда Абай шығармашылығымен танысып, оларға жадынамалар таратылды.

Келесі кезекте сахна төрінен жергілікті халық театрының артистері Ұлы Абайдың өмірінен шағын қойылым көрсетіп, ақынның өлеңдері мен қара сөздері оқылып, оның әндері шырқалып, күйлері тартылды. Әсіресе, Қазбек Талашев пен Зәуре Төлеу­баеваның қосыла орындаған «Айттым сәлем, Қаламқас!», Сая Халидолла айтқан «Бойы бұлғаң», Қали Еркебұлан тамылжытқан «Желсіз түнде жарық ай» әндерін ел сүйсіне тыңдап, дуылдата шапалақ ұрды. Ал, Диас Ғабдолла тартқан Абайдың «Торжорға» күйі де тыңдармандарды толқытпай қоймады. Әрі Абай шығармалары бойынша викторина болып, оның сұрақтарына дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар берілді. «Гүлдер» би тобының билері де жұрттың көңілінен шықты.

Бұл мерекелік шара аудандық орталық кітапхана мен Мәдениет үйінің Ұлы Абайдың биылғы 180 жылдық мерейтойына арнайы жоспарлаған 78 бағытының бір парасы ғана. Бүгінге дейін аудан көлемінде соның 54-і сәтті жүзеге асырылса, ол одан әрі жыл аяғына дейін жалғаса бермек.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатының басы-қасында Бұ­қар жырау ауданы әкімінің орынбасары Әлия Шайкенованың өзі жүріп, оның сәтті өтуіне ұйытқы болып, басшылық етті.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button