Ақын Ерік Нарынның «Жүректей ғана жұмыр жер» атты жыр кеші өтті
Қасым туған қастерлі топырақ талай дүлдүлді дүниеге әкеліп, қазақ руханияты көшінің көрігін қыздырып келеді. Дауылпаз ақын туған өлкеде араға ғасырға жуық уақыт салып, әдебиет әлеміне жаңаша леппен енген Ерік Нарынның келуі де заңды құбылыс. Бүгінде ақын деген лақаппен халық арасына кеңінен танылған әріптесімізді көзіқарақты оқырман білсе керек.
Қала іргесіндегі Үштөбе ауылының мәдениет үйінде осы бір ерек ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, әріптесіміз Ерік Нарынның жыр кеші өтті.

Әдеби-сазды кешке өңір өркениетіне үлес қосып жүрген қаламгер қауым қатысты. Жырға шөліркеген халық кеш кейіпкерінің отты жырларымен сусындап, айызын қандырды.
Ақынның өлеңіне жазылған әндерді Дәулеткелді Сағатов, Шыңғыс Сәрсенбай сынды әншілер құйқылжыта шырқады.
Жергілікті әкімшілік тарапынан да ақынға құрмет көрсетіліп, сыйлықтар табысталды.
Өзі оқыған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенттері ағасын ардақтап, өлеңдерін жатқа оқыды.
Кеш соңында ақынның өзі де халқына алғаусыз алғысын айтып, риясыз ризашылығын білдірді.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқитын боласыздар.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz