АймақҚарқаралы

Қасым ауылында 200 оқушының білім алуына жағдай жасалды

1 қыркүйек – Білім күні Қарқаралы ауданына қарасты Қасым Аманжолов ауылында сән-салтанаты ерекше мереке болып аталып өтті. Өйткені, бұл күні округте мектептің жаңа ғимаратының ашылу рәсімі болды. Ауыл тұрғындары бұл жаңалықты көптен күткен еді.

Сурет Қарқаралы ауданы әкімдігінің сайтынан

200 оқушының білім алуына арналған білім ордасы жыр найзағайы Қасым атындағы ауылдың үлкен-кіші тұрғындарын ортақ қуанышта бір мақсатқа тоғыстырып, округтің тың серпінмен дамуына әсер етеді деген үміт бар.

Ауылдағы айтулы салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов мырза арнайы «ат терлетіп» келіп, тұрғындарды елдімекендегі мәні зор оқиғамен құттықтап, Білім күні есігін айқара ашқан мектеп үйінің игілігін жергілікті халық көретініне, шәкірттердің талай буыны үшін болашақтың есігі айқара ашылатынына сенім білдірді. Мерекеге жиналған жұртқа һәм билік өкілдеріне ауыл тұрғындарының атынан Сәбит Тоғамбеков ақсақал алғыс айтып, осы ғимаратта білім сапарын жалғастыратын 145 оқушы мен ұстаздар қауымына батасын берді.

Жалпы аумағы 1850 шаршы метрді алып жатқан мектеп кешеніне 14 оқу кабинеті бар екі қабатты оқу корпусы, шеберхана мен спорт залы, басқа да қосалқы қызмет орындары кіреді екен.
Мектептің жаңа ғимаратының ашылу рәсімі әсем ән мен әсерлі күйге ұласып, жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button