Ақынға арнау

Абайдың ақтарған соң мұрағатын,
Ешкімнің мінген жоқпын
сұрап атын.
Одан кейін шықса да ғажап ақын,
Одан кейін туған жоқ ғұлама ақын.
Қаша алмай Жаратқанның
қалауынан,
Ойланса – тәні сыздап,
жаны ауырған.
Атырау, Арқа, Алатау ышқынса да,
Асырып ұл таппады, Қарауылдан.
Рухани суарғанмен кәдең көпті,
Бағалай алдық па екен, бар еңбекті?
Қырықтан кейін жазған өлеңіңе,
Өреміз қырықтан соң әрең жетті.
Данышпан, бар болғаны әруақсың,
Әруаққа тиіскенді Тәңір атсын.
О дүниеде білмеймін, бұ дүниеде,
«Мыңмен жалғыз алысып»
әлі жатсың.
Тау емес, тұтады екен төбені үлгі,
Кімге барып оқиын өлеңімді,
Тірісін атқаны мен сатқаны аздай,
Өлгенімен алысып не көрінді?!
Түртпектеп, бақ құсыңды
қондырмайды.
Адамды, адам түсінбеу –
ол бір қайғы.
Өмірде қазақ болсаң, қателеспе,
Қателессең, жабылып оңдырмайды.
Ырысын олай ұрлап, былай ұрлап,
Бір қауіп сездіреді, Құдайым-дап.
Мына жұрт ел бола ма,
болмайды ма,
Біз де өтетін болдық-ау уайымдап.
Жақсының көбі кетіп, азы қалған,
Жалған-ай, не шығады
базынамнан?
Көмілген соң артыңнан
көкіп сөйлеу,
Көріңнен бірдей шығар
қазып алған.
Ақындардың сапары – күмәнді жол,
Түңілмей, беріп үлгер
мұраңды мол.
Өлгеннен соң болады бәрі жақсы,
Тірлігіңде тек қана шыдамды бол!
Бағдат МҮБӘРАК,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері