Руханият

Ақын ағаның аманаты

Зымырап жатқан уақыт!

Ақпан айы да бел ортасынан асып барады.

Апыр-ай, бұл ақын ағамыз Сәбит Бексейіттің 70 жасқа толатын мерейтой айы емес пе еді?

Ал Сәбең қайда? Сәбең арамызда жоқ.

Ол бұдан 20 күн бұрын талбесіктегі серуен сапары аяқталып, Жербесіктегі мәңгілік мекеніне жатты. Ақ көрпесін қымтай жамылған Арқа даласының төсінде тағы бір жаc қабір пайда болды.

Сәбит ағамыз өзінің бұл мерейтойын көптен күтіп жүрген еді. Ұлықбек Есдәулет пен Ғалым Жайлыбай бастаған ақын бауырларын осы мерейтойына арнайы шақыруға қам жасап жүрген болатын.

Амал қанша, тағдыр оған жазбады. Мерейтойына бір айдан аз ғана уақыт қалғанда, Сәбеңнің бұл өмірдегі талқаны таусылды.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Кейінгі кезде оның денсаулығы қатты сыр беріп жүрген. Жаңа жылдың қарсаңында, одан кейін де ауруханаға апталап жатып қалды. Ақыры, айналдырып жүрген ауыр дерт ақын ағамызды арамыздан алып кетті. Жатқан жері жайлы болғай!

Сәбеңнің аруағы риза болсын деген ниетпен кезінде өзі еңбек жолын бастаған қарашаңырағы – облыстық «Орталық Қазақстан» газеті арқылы осы жазбамды оның аталмай қалған мерейтойы күні оқырмандар назарына ұсынуды жөн санадым.

Сәбең біздің алдымыздағы аға буынның өкілі еді. Ардақты Нұрмахан Оразбеков ағамыз Бас редактор болған кезеңде Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында қатар қызмет атқардық.

Қаламы жүрдек журналист болды Сәбең. Елдегі маңызды оқиғаларды ақындық сезімтал жүрегімен сергек қабылдап, іле үн қатып жүретін.

Сәбең нағыз еңбектің торысы болатын. Тапсырылған іске тиянақты, жұмысына тыңғылықты азамат еді. Баладай елпілдеген ақкөңіл адам болды. Отырған ортасын ду-думанға бөлеп, әзіл-қалжыңы аралас әңгімелерге қарық қылып жүретін.

Қу тірлікте қысқа жіптің күрмеуін келтіре алмай, көп адамдар банк несиесінің қара қамытын мойындарына артып алғаны рас қой. Тіпті, кей адамдарда 3-4 несиеден бар.

Бұл жағдай Сәбеңді де айналып өтпеді. Кезекті кітабын шығаруға, немерелерін оқытуға амалсыздан несие алуға мәжбүр болғанын көзім көрді. Сонда күйініп отырып:

  • Кредит! Кредитке кіреді ит! – деп налып отыратын…

Сәбең жалындаған 20 жасында қазақ әдебиетіне от-өрім қалпымен екпіндей кірген алымды азамат еді. Сол кезеңде республикалық «Жалын» альманахында суретімен бірге топтама өлеңдері жарқ ете қалды. Ал ол заманда жас қаламгерлер үшін «Жұлдыз», «Жалын» журналдарына шығу деген аспандағы Айға қол жеткізумен пара-пар болатын.

Сол жалындаған жас шағында Сәбеңнің белгілі ақын Шөмішбай Сариевке айтқан:

  • Біздің қазақ поэзиясына шөміш емес, қуатты ковш керек! – деген қанатты сөзі қаламгерлер арасына кеңінен тарап кеткен көрінеді. Ал Шөкең осыдан кейін Сәбеңді көре қалса, айналып өтетін болыпты…

Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев өмірден өткен күні өз еркімен арыз жазып, жұмыстан шығып кеткен де осы Сәбит Бексейіт ағамыз. Бұл – ақындық мінез!

Сәбең әдеби ортадан шетқақпайлау қалып, ұзақ жылдар бойы томағатұйық ғұмыр кешті. Жасыратын несі бар, кейбір күйкі адамдардың ұсақ Зымырап жатқан уақыт! Ақпан айы да бел ортасынан асып барады. Апыр-ай, бұл ақын ағамыз Сәбит Бексейіттің 70 жасқа толатын мерейтой айы емес пе еді? Ал Сәбең қайда? Сәбең арамызда жоқ. Ол бұдан 20 күн бұрын талбесіктегі серуен сапары аяқталып, Жербесіктегі мәңгілік мекеніне жатты. Ақ көрпесін қымтай жамылған Арқа даласының төсінде тағы бір жаc қабір пайда болды. Сәбит ағамыз өзінің бұл мерейтойын көптен күтіп жүрген еді. Ұлықбек Есдәулет пен Ғалым Жайлыбай бастаған ақын бауырларын осы мерейтойына арнайы шақыруға қам жасап жүрген болатын. Амал қанша, тағдыр оған жазбады. Мерейтойына бір айдан аз ғана уақыт қалғанда, Сәбеңнің бұл өмірдегі талқаны таусылды. пенделігінің салдарынан өзі жүретін ортадан көбінесе сырт қалып қойды.

  • «Менің атым жүре тұрсын, сенің атың тұра тұрсын» деген пендешіліктен өмір бойы зәбір көріп келемін. Неге олай болуы керек? Менің де айтарым бар емес пе?» – деп ашынатын.

Сәбеңнің айтқан тағы бір сөзі ойыма оралып отыр. Бірде әлдебір отырыс кезінде ақмылтық журналист, ғалым Зарқын Тайшыбай ағамыз «Бұл өзі – жалғыз жігіт» депті Сәбит Бексейіт туралы.

  • Осы сөз – тура айтылған сөз! Шүкір, ағайындарым да бар, досжарандарым да жоқ емес. Бірақ, мен жалғыз жүрген жігітпін. Тағдырым осылай болды, – деп мұңайғаны бар еді.

Ол өзінің атына айтылатын жылы сөзге зәру болды. Көзі тірісінде мемлекеттік тапсырыспен бірер кітабы ғана жарық көрді. Өзінің тесік қалтасынан төлеп, отбасының аузынан жырып жүріп, бірнеше кітап шығарды. Сол кітаптары жарық көргенде, баладай қуанатын еді. Ағалық адал көңілімен кітабына қолтаңбасын жазып беріп отырып:

  • Кейін мен туралы естелік жазарсың. Сонда саған керек болады. Ағаңнан ескерткіш белгі болсын, – деп отырушы еді. Әулие екен! Айтқаны айдай келді…

Сәбеңмен «Қарағанды облысы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінде бірнеше жыл бірге қызмет атқардық. Мемлекеттік қызмет саласында мемлекеттік тілдің босағадағы басын төрге шығаруға үлкен үлес қосқан ардагер азамат еді. Осы мылтықсыз майдан барысында жалаң қолымен оқ пен отқа қарсы шапқан жанкештілігіне бірнеше мәрте куә болдым. Қандай алапат айтыс-тартыс болса да, ақыр соңында Сәбеңдікі дұрыс болып шығатын еді.

Сәбең зейнет демалысына шыққан соң да біздің байланысымыз үзілмеді. Телефон мен электронды пошта арқылы хал-жағдай сұрасып, хат-хабар алмасып отырдық. Оның барлығы менің жеке мұрағатымда сары майдай сақтаулы. Сәті түскен күні жалғанның жарығына шығып та қалар.

Сәбеңнің артында қалған жырларының ішінде өмірінің соңғы кезеңінде жазған «Базардан қайтып келемін» деп аталатын мұңды өлеңі бар. Өмірдің базарынан қайтып келе жатқан адамның жан сыры – бұл. Ақын жүректің алқынуы мен абдырауы, жас өмірге деген құштарлық пен іңкәр сезім бар:

Базардан қайтып келемін,

Мезгілге бойды алдырып.

Өмірдің өрін, белеңін,

Соңымда қимай қалдырып.

Базардан қайтқым келмейді,

Келеді барғым қайтадан.

Болмысқа көңілім көнбейді,

Қалайша тыншып, жай табам?!

Базарға келе жатқан жас,

Мені де ерте кетіңдер.

Жасамыс жүрек жасқанбас,

Жолбасшылықтың еркін бер.

Базарға бармай қайтемін,

Барам ба енді мазарға?

Ақын боп тумас жай, тегін,

Қайтадан барам базарға! – деп ағынан ақтарылыпты ол осы өлеңінде.

«Адам өлген күні емес, ұмытылған күні өледі» деген бір тәмсіл сөз бар. Ал ақын, публицист, сөз зергері Сәбит Бексейіттің өзі өмірден өткенімен, артында сөзі қалды. Ұрпағына ұлағат болатын кітаптары қалды.

Оның мерейтойында айтуға тиісті жүрекжарды сөзім қазадан кейін айтылатын марқұмды еске алу сөзі болып шықты. Амал нешік, тағдырдың жазуы осылай болды.

Алдыңыз пейіш, артыңыз кеніш болсын, ардақты Сәбит аға!

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

СУРЕТТЕ: Қазақ әдебиетінің классиктері Шерхан Мұртазамен, Тұманбай Молдағалиевпен құрылтай өткен Абай атындағы опера және балет театрының фойесінде.

Басқа материалдар

Back to top button